ЖаңалықтарСаясат

Тарихи аманат арқалаған тұлға

Уақыт – таразы, ол бәрін ретімен безбендеп, адамдарды да, олардың атқарған істерін де орынды орнына қойып береді. 1958 жылы Францияда генерал Шарль де Голль конституцияға президенттік билікті кіргізгенде оған социа­листер қарсы болған. Яғни, ол оларға ұнамаған. Кейін социалист Миттеран үкімет басына келгенде бұл шешімнің дұрыстығына әбден көзі жеткенін айтып, сол бапты өзгертпеуге күш салған. Нәтижесінде бүгінде Франция президенттік үлгідегі унитарлы республика болып табылады әрі әлемдік саясатта «ұлы держава» санатындағы ірі ойыншы саналады.

Қазақ елінің Тәуелсіздік шежіресінде 1991 жылғы 1 желтоқсанның орны ерекше. Бұл күні Қазақстан бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде өзінің тұңғыш Президентін сайлап алды. Сөйтіп, күшті президенттік билікке ие республикаға біржақты таңдау жасалынды және бұл кездейсоқ емес еді. Ол кез қуатты Кеңес Одағы құлап, біздер шын мағынасында ұлы империяның үйіндісінің астында қалған жағдайда едік. Елдегі өндіріс мекемелерінің 40 пайызы тоқтап қалды, 52 миллиард теңгеден астам жалақы төленбеді. Зейнеткерлер мен мүгедектер айлар бойы зейнетақылары мен жәрдемақыларын ала алмады. Сол тұста менің бір танысымның: «Көшеге шыққанда шіркін зауыт мұржасынан түтін шықса екен деп тілеймін. Адамдар еңбекақыларын, қарттар зейнетақыларын алар еді, халықтың тұрмысы түзелер еді» дегені бар. Иә, бос сөрелер, шеті мен шегі жоқ кезек, ақшаның құнсыздана түсуі, инфляцияның мыңдаған пайызға жетуі сол бір кездердің үйреншікті құбылысы болатын. Жаппай жетіспеушілік. Тіпті кір сабынның өзі халыққа талонмен берілгені әлі есте. Жұрттың көбі дүкендер сөрелерінде бағасы ұшып тұрса да тауар болса екен деп армандағандарын да ұмыта қойған жоқпыз.
Өндірісті тығырықтан шығаруға инвестиция керек болды, ал социализм заңдарына негізделген өндіріске инвестиция келмеді. Сондай-ақ, қысқа мерзім ішінде нарықтық реформалар негізін жасау, ауқымды жекешелендіру арқылы жеке секторды жандандыру, халықты азық-түлікпен, жұмыспен қамтамасыз ету, экономикалық құрылымда сервис пен тұтыну секторының үлесін арттыру, бұқараның кәсіпкерлік жігерін ояту тәрізді аса жауапты міндеттер тұрды. Міне, осындай күрделі сәтте өмірдің өзі тек атқарушы билік үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін де басқару жүйесін бір қолға шоғырландырудың қажеттігін ашып берді. Мұндай жағдайда республика президентінің лауазымын енгізу еліміздің дамуындағы маңызды тұрақтандырушы фактор болды. Сайып келгенде, 1991 жылғы 1 желтоқсандағы сайлау, басқару үлгісін таңдаумен қатар, бір уақытта Қазақстанның Тәуелсіздігі, егемендігі және бірлігі жөніндегі жалпыхалықтық референдумге айналды. Осылайша, ұлт тарихындағы жаңа дәуір 1 желтоқсан күнінен басталған еді. Өйткені ата-бабамыздың ғасырлар бойы асыл арманы болып келген егемен Қазақстанды құру жөніндегі тарихи аманат 1991 жылғы 1 желтоқсанда орындалып, дәл сол күні Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіз Қазақ елінің Тұңғыш Президенті болып сайланды. Жалпыхалықтық сайлауда дауыс беруге құқығы бар ел азаматтарының 98,78 пайызы жақтап дауыс беріп, мемлекет басшысы ретіндегі сенімін Ұлы Даланың перзентіне жүктеді. Сөйтіп Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев туған елінің миллиондаған адамдары үшін жауапкершілік тізгінін өз қолына алды және қырық атан түйеге жүк боларлық бұл міндетті тамаша атқара білді.
Осы ретте, мына мысалды келтіре кетсем артық болмас. Жапонияның үй құрылысы зауыты келтірген деректерге қарағанда, бір үй шамамен 30 мыңдай бөлшектен тұрады екен. Автомобильдің бөлшектер саны да осындай. Алайда бір автомобильді екі күнде құрастырып шығуға болса, үй бүгінге дейін мұндай мерзімдік жылдамдыққа жете алмай келеді. Мұның себебі – үй бөлшектерінің даралығында, олардың әлі де жеке-жеке жиналуында. Оларды тұтастандыру келешекте де мүмкін болмас, өйткені алдын ала мінсіз жоспар бола тұрса да, құрылыста адам факторы өндірістік факторлар секілді қиындыққа килігетін жағдайлар болады. Осындай жағдайда құрылысты басқару, жұмысты жүргізу, салып бітіру басшыдан үлкен білімді, қайраткерлікті, ұйымдастырушылықты қажет етеді. Ал Н. Назарбаев жаңадан мемлекет құру мәселесінде өзін туабітті менеджер, бас промоутер әрі бас ньюсмейкер ретінде көрсете келе, бізге деген сенімсіздік пен қорқынышты сейілте білді, сөйтіп елімізге инвестициялар ең әуелі кішкене көлемде, кейіннен қуатты ағынмен құйылып, ұлттық өнеркәсіпті аяғынан тұрғызуға мүмкіндік берді. Қазір мемлекеттің жоғары экономикалық әлеуеті, тұрақтылығы арқасында, сондай-ақ, қолайлы инвестициялық ахуалы нәтижесінде ірі трансұлттық корпорациялар Қазақстанның экономикасының барлық салаларында жұмыс істейді. Тәуелсіздік жылдарындағы тікелей шетел инвес­тицияларының жалпы көлемі 265 миллиард АҚШ долларын құрайды.
Тұңғыш Президент елдің ішкі және сыртқы проблемаларын өз халқының мүддесі мен мұқтажы тұрғысынан да өте байсалды шеше білді. Бір ғана мысал. Өркениет тарихында қырғынға ұшырататын қарулардың бастамашысы болып, «жоқ жерден жау іздеген» мемлекет басшылары жеткілікті. Ал адамзаттың ядролық қарудан өз еркімен бас тартудың алғашқы өнегесін тұңғыш рет біздің Тұңғыш Президентіміз көрсетті. Бұл – көшбасшысы мен халқы бірлесе отырып ядролық қарусыз мәртебеге таңдау жасаған әлемдік тәжірибедегі ең алғашқы және бірегей жағдай. Ең бастысы, бұл таңдау мемлекет дамуының тұрақты стратегиялық желісіне айналды. Республикамыз тәуелсіздігінің 26 жыл ішінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Елді қорғауға қабілетті Қарулы Күштер құрылды, құқықтық тәртіпті сақтау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету органдары қалыптастырылды, Қазақ елі мемлекеттік шекарасының заңдық тұрғыдан рәсімдеу мен межелеу жөніндегі мәселелерді түпкілікті шешті, кең-байтақ жерінің шекаралық шеңбері бойында тату көршілік белдеуін қалыптастырды. Мұның сыртында Н.Ә. Назарбаевтың түрлі интеграциялық бастамалары халықаралық деңгейде қолдау тауып қана қоймай, олар әлемдік қауымдастықтың таңданысын туғызды. Бүгін Қазақстан үшін басты серіктестер ретінде Қытай, Ресей, Еуроодақ, АҚШ, Түркия, Араб елдері болып табылады. Жалпы, 61 мемлекет үшін визасыз жүйе ашық. Мұның өзі тәуелсіздік жылдарында қол жеткізілген еліміз тарихындағы баға жетпес жетістіктердің бірегейі екенін әркім мойындары хақ.

Тұңғыш Президент Назарбаевтың зайырлы да салмақты саясаты түптеп келгенде, ТМД елдерінің кейбірінде орын алған ұлысаралық жанжалдарға, ішкі және мемлекетаралық қақтығыстарға жол бермей, қазақстандықтардың үлкен сүйіспеншілігіне бөленіп отыр. Бүгінгі таңда Қазақстан 130-дан астам ұлт пен ұлысы бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатқан мемлекетке айналды. Ең бастысы, ұлттар арасында бөліну жоқ. Қазір тек қазақтар ғана емес, өзге ұлттың өкілдері де қазақ жерінің тарихын тереңірек біле түсуге ынталарын білдіруде. Абылай хандай ұлы тұлғамен қазақ жастарымен қатар неміс, орыс және қазақ жерінде туған өзге ұлттардың өкілдері де мақтанады. Сөйтіп, қазақ халқының тарихын оқып, тілін үйренуде. Әлеуметтанушылардың өзге ұлттар арасында жүргізген сауалдамаларына жүгінсек, сонда олардың 70-80 пайызы еліміздің болашағына үлкен сенім артатынын және қазақ тарихына қызығушылықпен қарайтындарын білдіріпті. Бұл енді қуанарлық жағдай. Қазіргі күн тәртібіндегі ұлттық рухани жаңғырудың мақсаты да осыған саяды.

Сағат тілі 16.40-ты көрсеткенде Президент Нұрсұлтан Назарбаев мінген «Боинг» лайнері Ақмола әуежайына келіп қонды. Мұнда Елбасын Премьер-Министр Нұрлан Балғынбаев, Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбайұлы, Үкімет мүшелері, Ақмола облысының әкімі Жәнібек Кәрібжанов қарсы алды.
– Ертеңнен бастап Ақмола еліміздің астанасына айналады, – деді Елбасы әуежай басында журналистермен өткізген шағын сұхбатында.

Жалпы алғанда, тәуелсіздік жылдары біздің экономика 20 есе өсті. 2012 жылы Қазақстан әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына енді. Елімізде мықты ұлттық бизнес орнықты. Дүниежүзілік банктің «Doing Business», яғни «Бизнес жүргізу жеңілдігі» рейтингі бойынша Қазақстан 35-орынға ие. Бүгін 1,3 миллион кәсіпкерлік құрылым ұлттық байлықтың төрттен бірін өндіреді. Соңғы 10 жылдың бедерінде мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде бір мыңнан астам жаңа өндіріс орындары ашылып, автокөліктер, локомотивтер, вагондар, тікұшақтар және бұрындары елімізде ешқашан шығарылмаған 500 жаңа өнім түрлері игерілді. Өз кезегінде олар өзге салаларда жұмыспен қамту мәселесін шешуге септігін тигізді. Атап айтқанда, автокөлік өндірісінде құрылған бір жұмыс орны түптеп келгенде, өзге салада жаңа 12 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беріп отыр. Өйткені автоөнеркәсіптің дамуы химия, тоқыма және басқа да өндірістік салалармен тығыз байланысты. Яғни, автокөлік өнімдері көбейген сайын экономикамыз да өрге басады. Негізгі транспорт инфрақұрылымы кеңінен жаңартылуда. 25 жылда 10 мың шақырым автожол салынды және жөндеуден өтті. Бұған қосымша таяу жылдары тағы да 8 мың шақырым магистраль желісі жаңғыртылады деп күтілуде. Осы жылдары «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансконтиненталдық магистральдің 2800 шақырымдық қазақстандық бөлігі толықтай салынып бітті. Мұның сыртында жаңадан 2,5 мың шақырым теміржол пайдалануға берілгенін атап өткен жөн. Ақтау теңіз порты инфрақұрылымы кешенді жаңғыр­тылып, жаңа Құрық теңіз паром порты салынды, Каспийдегі теңіз порттарының жүктерді жалпы өткізу қабілеті 26 миллион тоннаға дейін ұлғайды. Жыл сайын жаңа аэропорттар мен теміржол вокзалдары пайдалануға берілуде.
Әлеуметтік мәселелер де шешілуде. Тәуелсіздік жылдары 120 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып, 1,1 миллионнан астам қазақстандық отбасы пәтерлермен қамтамасыз етілді. Тек осы 2017 жылдың 8 айында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 6,9 миллион шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді, 61 мыңнан астам отбасы өздерінің үй жағдайларын түзеп алды, жалпы бұл жылы 10,1 миллион шаршы метр жаңа үйлер салынып бітеді. Әлеуметтік инфрақұрылымдар белсенді дамып келеді. 1,3 мыңнан астам жаңа аурухана мен емхана, 500 жаңа балабақша және 1,4 мың мектеп салынды. Жыл сайын орта есеппен 270 мың жаңа жұмыс орындары ашылуда, соңғы 15 жылда Қазақстанда орташа еңбекақы мен зейнетақы 10 есе өсті, елімізде орташа өмір сүру жасы 72,3 жылға дейін ұлғайды. Бүгінгі күні Ұлттық қор мен елдің алтын валюта резерві 91 миллиард АҚШ долларын құрап, ел экономикасының орнықты дамуына, жалпы ішкі өнімнің үдемелі өсуіне оң ықпал етуде, сөйтіп қарапайым халықтың әлауқатын жақсартуға мүмкіндік беруде.
Кезінде Абылай бабамыз «Білекке сенген заманда ешкімге дес бермедік. Ал білімге сенер ертеңгі жағдайымыз қалай болар екен?» деп алаңдаушылық білдіріпті. Ұлы тұлғаның бұл алаңдаушылығы орынды еді. Міне, бабамыздың осы аманатын Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашақ» бағдарламасы бойынша үлкен абыроймен орындап отыр. Тәуелсіздік жылдары еліміздің 12,5 мыңнан астам жас азаматтары әлемнің 35 елінің ең үздік деген 200 жоғары оқу орындарында оқып, алдыңғы қатарлы біліммен сусындады.
Тұңғыш Президент жайлы сөз қозғалғанда Назарбаевтың ғасыр жобасы саналатын әрі үлкен стратегиялық мәнге ие Астанаға тоқталмай өте алмаймыз. Осы ретте, еліміздің астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстырдық, елорданы Алатау бауырынан Арқа төсіне көшірдік деп айта салу аздық етеді. Халқымыз жаңа төл мемлекеттің астанасын өзінің қалаған жеріне, өзінің қалауы бойынша орнатты. Ең бастысы, өзінің кіндік қаласының құрылысына білек сыбанып, бар күш-қайратын, ынта-жігерін салды. Әр көшеге, әр үйге жүрек мейірімін, жан жылуын, перзенттік сүйіспеншілігін жұмсады. Астана осылай халқымыздың аялы алақаны, ыстық ықыласымен тұрғызылды. Сондықтан бұл қала бәрімізге ерекше қымбат, айрықша аяулы.
Жалпы, елорданың дамуына 50 миллиардтан астам доллар көлемінде инвестиция тартылды. Бүгінгі күні Астана тұрғындары бір миллионнан асты. Астана қазір өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосуы тиісті көптеген форумдарды өткізудің орнына айналды. Мұнда 2003 жылдан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бес съезі, 2010 жылы соңғы он жыл бойы өткізілмей келген Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммиті, 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымы отырысы және VII қысқы Азия ойындары, 2008 жылдан бері 9 рет Астаналық экономикалық форум өтті. Ағымдағы жылы ТМД елдері арасында бірінші болып Астанада «Болашақ энергиясы» «EXPO-2017» дүние­жүзілік мамандандырылған көрмесі өтіп, оған 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты. Көрменің уақытында оған 4 миллионға жуық турист келіп, Астана – елдің болашаққа салған алтын көпірі, жаңа қоғамның символы екендігіне тағы бір мәрте куә болды.
Мына бір жайтқа назар аударғым келеді. Көбіміз күнделікті қым-қуыт тіршіліктің қамымен жүріп, жақсы өзгерістерді солай болуы міндетті сияқты қабылдаймыз. Көптеген ұстанымдардан тым айқын байқалатын Қазақстанның әлемдік үдерістердегі көшбасшылық рөлін де өзгеше болуы мүмкін еместей көреміз. Әрине, көпшілік болғаннан соң түрлі мінезді адамдар болады. Оның үстіне адам пенде жақсылыққа бойын тез үйретіп, бола түскен үстіне бола түссін дейді емес пе? Тіпті, кейбір адамдар елдің өмірі мен тыныс-тіршілігінде игі жақсылықтардың қандай күшпен келіп жатқанына мән бергілері келмейтін сыңайлы. Ал шындап келгенде, қарапайым үдерістер іспетті көрінетін мұндай ахуалдың астарында Тұңғыш Президент институтының игі әсері, сондай-ақ, Мемлекет басшысының және оның сенімді серіктестерінің орасан зор қажыр-қайраты мен жанқияр­ лық еңбегі жатыр. Әркім осыны білгені, сезінгені абзал. Сонымен қатар біздің әрқайсымыз ортақ істен шет қалмай, өзіміздің азаматтық ұстанымызды таныта білуіміз қажет. Таланттысы басшы, талаптысы қосшы болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұйысып еңбек етсек, құт-береке дарыған қуатты да, іргелі ел боларымыз хақ. «Дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры – тірлікте» деп халқымыз бекер айтпаса керек. Ендеше, тарих аманатын арқалаған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасына топтассақ қана бүгінгі қиындықтарды еңсеретініміз, сөйтіп бұрынғыдан да бекемденіп шығарымыз кәміл.

Кенжеболат Жолдыбай, 
саясаттанушы


comments powered by HyperComments
Close