Спорт

Астанада дене шынықтырушылар саны 2020 жылға қарай 30%-ға өсуі мүмкін

Астанада спорт пен дене шынықтыруды дамытудың негізгі міндеттері ретінде дене шынықтыру және спортпен жүйелі айналысатын елордалықтардың қатарын  2016 жылы – 24%-ға, 2020 жылы – 30%-ға дейін арттыру белгіленіп отыр», деп хабарлайды Elorda.info-ға Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаев.

«Бағдарламада міндеттерді жүзеге асыру мен түпкі мақсаттың атқарылуы нақты белгіленген.  Мақсатқа жету үшін: салауатты өмір салтын насихаттау мен айтулы іс-шаралардың бірқатар БАҚ-тарда және интернет-кеңестіктерде ақпараттық насихатталу көлемін ұлғайтып, бұқаралық спорттық іс-шараларды кеңінен жандандыру. Спорттың ойын түрлері бойынша мектептік, студенттік, әуесқойлық лигалар ұйымдастыру, жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдеріне секциялық жұмыстар үшін қосымша қаржы бөлу (100 млн теңге), қаланың  шет жақтарын түгел қамту үшін шағын қалыптағы (тәулігіне 500 келушіге дейін) 10-нан кем емес стандартты жабық спорт нысанын салу. Бұдан бөлек, тұрғын алаптар мен саябақтық аймақтарда ашық (жазық)  спорт ғимараттарының құрылысын жүргізу және қайта жаңарту, жылына 10 халықаралық спорт жарыстарын ұйымдастыру», — деп атап өтті Берік Маржықпаев.

Басқарма жұмысының тағы бір бағыты – тұрғындардың түрлі тобын тарта отырып, көпшілік-спорт іс-шараларын өткізу болып табылады.

2016 жылы елорда тұрғындары мен қонақтары арасында 567 бұқаралық-спорт іс-шарасы өткізілді. Олардың кейбірін: шаңғы фестивалін, қала көшелеріндегі жеңіл атлетика эстафетасын, дуатлон, триатлон, марафон, бокстан күштілер турнирін, конькимен жүгіру спорты бойынша Әлем кубогы этапын тұрақты өткізу дәстүрге айналды.

Close