ЖаңалықтарЭкономикаҚала тіршілігіӘкімдік

Биылғы он ай ішінде Астанада 11 мың жаңа кәсіпкер тіркелген

 Соңғы он ай ішінде елордада 11 мың жаңа кәсіпкер тіркеліп, былтырғымен салыстырғанда 16 пайызға көбейген. Астана жалпы өңірлік өнімде шағын және орта бизнес үлесі бойынша көш бастап тұр, бұл көрсеткіш 47 пайыздан 57,4 пайызға көтерілді. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев пен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев елордалық бизнес-қоғамдастығымен кездесуінде мәлім болды, деп хабарлайды Елорда инфо.

Жиын барысында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті, дербес медицинаны, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарды дамыту, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларды қаржыландыру, бизнеске инвестициялық ұсыныстар жайлы айтылды.

— Кәсіпкерлікті дамыту, бизнес-қоғамдастығының барлық бастамаларына қолдау көрсету жағынан Астана – көшбасшысы қалалардың бірі. Сондықтан медицина, спорт, мәдениет, коммуналдық шаруашылық сияқты қай сала болмасын, кәсіпкерлерге бизнестің жаңа мүмкіндігі ұсынылып отыр. Алдымен Астанада тәжірибе жүзінде іске асқан жобалар артынша республиканың барлық өңірлерінде де қолданысқа енгізіледі. Бұл тұрғыда мемлекеттік-жекешелік әріптестік – маңызды сала, — деп атап өтті өз сөзінде Тимур Құлыбаев.

Өз кезегінде Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде қолға алынатын жобаларды кеңейтуді көздейтінін жеткізді.

— Астана – қарқынды дамып келе жатқан жас қала. Мұнда бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалған. Биыл Астана төрінде «Экспо – 2017» халықаралық көрмесі жоғары деңгейде өтті. «Атамекен» ҰКП мен Астана әкімдігі арасында тығыз байланыс орнаған. Жылдың басынан жалпы мемлекет бойынша ШОК субъектілерімен 8,6 трлн теңге көлемінде өнім шығарылды, оның 20 пайызы Астанаға тиесілі. Астана жалпы өңірлік өнімде шағын және орта бизнес үлесі бойынша көш бастап тұр, бұл көрсеткіш 47 пайыздан 57,4 пайызға көтерілді. Соңғы он ай ішінде елордада 11 мың жаңа кәсіпкер тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 16 пайызға көп. Еңбекке жарамды тұрғындардың 60 пайыздан астамы шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыс істейді, — деген Әсет Исекешев, — биыл бейнебақылау бойынша жаңа жоба жүзеге асырылды. Аталған бастаманың экономикалық тиімділігі зор. Алдағы уақытта мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша тағы да үлкен жобаларға конкурс жарияланатын болады. Біріншіден, ол – интеллектуалды жарық. Ол интернетпен бірге қосылды. Себебі әлем бойынша интеллектуалды бағаналарды ғаламтор үшін кеңінен қолдануда. Конкурсқа қатысуға ниет білдірушілердің арасында отандық және шетелдік компаниялар да бар, — деді әкім.

Қала басшысының айтуынша, қазіргі кезде мектептер мен емxаналарды басқару жүйесін өзгертіп, білім беру мен денсаулық саласында да мемлекеттік-жекешелік әріптестікті кеңінен тарату мәселесі пысықталып жатқан көрінеді.

— Келесі жылы бизнеске тағы үлкен екі саланы беруді қарастырып отырмыз. Ол – қаланы абаттандыру мен тазалау. Аталған салаларда жұмыс көп. Әзірге оны коммуналдық қызметтер атқаруда. Келесі жылда аталған кәсіпорындар жеке меншікке өтеді. Ендігі кезекте тариф мәселесін реттеу қажет. Себебі қаланың тазалығы xалықтың көңілінен шығуы тиіс. Негізі 7-10 мықты компания өз теxникасымен қаланың тазалығы мен көгалдандыру жұмыстарымен айналысқаны дұрыс деп ойлаймыз. Мектептегі тамақтандыру да солай. Қоғамдық көлік саласында да 5-7 жылға дейін келісімшарқа отыруға дайынбыз. Қазір бірнеше автопарк бар. Бірақ олар барлық жауапкершілікті өз мойындарына ала алмайды, — дейді Астана әкімі тағы бір сөзінде.

Сонымен қатар елорда кәсіпкерлері форумында бизнестің түйткілді мәселелерін анықтап, оны жергілікті билікпен бірлесіп шешу жолдары да қарастырылды. Жалпы, жиын барысында мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы іс-қимылдың жаңа мүмкіндіктерін, оның ішінде Астана қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жүзеге асыруды талқылауға басымдық берілді.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ


comments powered by HyperComments
Close