ЖаңалықтарСаясатЭкономикаҚауырт желіҚоғам

Сегіз жылдан соң елордадағы 300 жеделсатының пайдалану мерзімі аяқталады

Қазіргі таңда қаладағы тозығы жеткен 63 жеделсаты қондырғысы толығымен алмастыруды қажет етеді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы.

«Жүргізілген мониторинг көрсетіп отырғандай, 2020 жылға қарай Астанадағы пайдалану мерзімі аяқталған жеделсатылардың саны 108-ге жетпек, ал 2025 жылы 300-ге жуықтайды. Елордадағы барлық жеделсатыларға мониторинг жүргізіп отырғандықтан, ПИК-терін тұрғындарды алдын ала ескертіп, керек болған жағдайда жөндеуге қажет қаржыны жинауы үшін алдын ала ескеріп отырамыз», — дейді Астана қаласы Тұрғын үй инспекциясының басшысы Әлихан Қуатбеков.

Сондай-ақ ол жеделсатылардың орташа есеппен пайдалану мерзімі 25 жылды құрайтынын айтты.

«Осы аралықта жеделсаты компаниясымен қондырғыларға кемінде екі рет толық жөндеу жүргізілуі тиіс. Бұл жұмысты өз тарапынан ПИК қадағалауы қажет. Өкінішке қарай қаладағы ПИК-дің 95 пайызы бұл жұмысты жүргізіп отырған жоқ. Мәселенің соңы жеделсатылардың төтенше жағдайда тоқтауына әкеліп соғуда», — деді Ә.Қуатбеков.

Бүгінде Астанада қалада  6 577 жеделсаты қондырғысына қызмет көрсететін 69 компания бар. Оның 4 879 жеделсатысы тұрғын үйлерде, 1 728 әкімшілік ғимараттарда орналасқан.

Close