ЖаңалықтарСаясат

Рухымызды көтерген көрме

93 күн бойы жалауы желбіреген «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме өз жұмысын аяқтап, тарих қойнауына кетті. Ел ордасы – Астанада өткізілген әлемдік деңгейдегі шараның жабылу салтанаты ЭКСПО қалашығындағы Конгресс орталықта өтті. Салтанатты шарада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көрмені қорытындылап, оны жабық деп жариялады. Айта кетейік, 4 миллион адам тамашалаған көрме аясында 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым «Болашақ энергиясы» тақырыбында жаһан жетістіктерін таныстырды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін қорытындылады.
– Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесінің жоғары деңгейде әрі табысты өткенін зор мақтанышпен айтқым келеді. Бұл тә­уелсіз Қазақстанның абыройын асқақтатқан айрықша жетістіктердің бірі болды. Елорда үш ай бойы 115 ел мен 22 халықаралық ұйымның басын қосқан ЭКСПО қалашығына айналды. Бұл көрме Қазақстанның бүкіл әлемге танымалдығы мен туристер үшін тартымдылығын арттыр­ды. Елімізге келген мәртебелі меймандарға халқымыздың қонақжайлығын көрсетіп, «Болашақ энергиясы» тақырыбына қатысты бүкіл әлемнің тәжірибесін өз жерімізде тоғыстырдық.
Көрмені әлемнің түкпір-­түкпірінен 4 миллионға жуық адам келіп тамашалады. Баршаның назарын аударған әсем қалашыққа күн сайын 40-50 мыңдай адам келіп тұрды. Әрбір алтыншы қонақ шетелдік болды. Ал еліміздің «Нұр Әлем» ұлттық павильоны көрменің ең танымал орталығына айналды. Оған көрме басталғаннан бастап 1 млн 300 мың адам кіріп шықты. Төрткүл дүние көз тіккен ЭКСПО беделімізді биіктетті, рухымызды көтерді, – деді Елбасы.


Қазақстан Президенті елорда мен еліміздің өңірлері атқарған жұмысты жоғары бағалап, халыққа өз ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, көрменің ел экономикасының дамуына қосқан үлесіне ерекше тоқталды.
– Шағын және орта бизнестің 1400-ден астам кәсіпорны жалпы құны 640 миллиард теңгені құрайтын тауарларды жеткізу мен қызмет көрсетуге тапсырыс алды. Еліміздің туристік әле­уеті көтеріліп, соның арқасында туроператорлардың қызметіне сұраныс 1,8 есеге артты. Елордадағы кәсіпкерлік субъектілердің саны 10 пайызға көбейді, ал қыз­мет көрсету саласынан түскен салық мөлшері 1,2 есеге өсті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Қазақстан астанасы төрткүл дүниенің назарын аудартып, әлем халықтарының қызығушылығын оятты. Астана «National Geographic Traveler» журналының шешімі бойынша «Болашақ қаласы» деп танылды. Ал National Geographic телеарнасында «Мегақұрылыстар: Астана – болашақ қаласы» фильмінің тұсауы кесілді. «The New York Times» басылымы Қазақстанды келуге лайықты мемлекеттің қатарына қосты.
Елбасының айтуынша, ЭКСПО аясында ұйымдастырылған 6 мыңнан астам мәдени шара көрмеге ерекше атмосфера сыйлады.
– ЭКСПО феномені ғылым, бизнес пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты реттеді. Әлем елдерінің мемлекеттері мен халықтарының достығына септігін тигізді. Барлығы Қазақстанның бай тарихымен танысып, мәдениетіне қанықты.
Қазіргі таңда «Болашақ энергиясы» – барлығымызды алаңдататын аса маңызды тақырып. Көрме осы саладағы жаһан жаңалықтарын көрсететін таптырмас алаңға айналды. Мұнда баламалы энергия көздерінің 140-қа жуық жобасы таныстырылды. Энергетика мен экология саласының түйткілді мәселелерінің шешімі ЭКСПО манифесінде ұсыныс ретінде жазылды. Біздің көрме «таза энергияны» жаһандық деңгейде дамытуға айрықша үлес қосатынына сенімдімін, – деді ол өз сөзінде.
Елбасы көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарға жауап айтты.
– «Нұр әлем» және «Болашақ энергиясы» тақырыбы көрініс тапқан өзге де павильондар көрме аяқталғаннан кейін де өз жұмысын тоқтатпай, ЭКСПО мұрасына айналады. Сондай-ақ, қалашықта «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналасады. Ол инвестиция тартатын қаржы хабына айналып, халықаралық қаржы жүйесінде лайықты орын алуға тиіс.
Көрме кешенінде «жасыл» тех­­нологиялар мен инвестиция­лар­ды дамыту жөніндегі халық­ара­лық орталығы мен ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі бой көтерді. Жаңа орталықтардың жұмысына белсенді атсалысуға баршаларыңызды шақырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөз соңында Президент көрмені өткізуге елеулі үлес қосқан барша халыққа алғысын айтып, келген қонақтарға ризашылығын білдірді.
– Осымен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмені жабық деп жариялаймын! Көрмені өткізу идеясына қолдау көрсеткен Қазақстан халқына ризашылығымды білдіремін. ЭКСПО-ның сәтті өтуіне көптеген адам атсалысты, еңбек етті. Баршаңызға қазақ жеріндегі айтулы шараға белсене қатысқандарыңыз үшін жын жүрегімнен алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.


Күллі әлемнің назарын өзіне аударған көрменің жабылу салтанаты жоғары деңгейде өтті. Салтанатқа қатысам деп ниет білдірген кез келген елорда тұрғыны мен қонағы осынау шараның куәгері болды. Ең алдымен, көрермен назарына «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы театрландырылған қойылым ұсынылды. Балаға болашақтан үн қатқан дауыс «Болашақ бүгіннен басталады», «Болашақтың куәгері – сенсің!» дей отырып, адамзат тарихының терең қатпарларынан сыр шертті. Мыңдаған жылдар бойы адам баласы өзі бағындыра алатын шыңдарға жетіп, тарихта өз ізін қалдырып отырды. Ал ала алмайтын асуларын зерттеп, зерделеп, оны да бағындыруға бар күшін жұмсады. Әрқашанда тоқтаусыз жұмыс жасап, адам баласының құдіретін асыратын жаңа технологияларға толы болашаққа ұмтылды. Ал бүгінгі күн – сол арман болған «болашақтың» жарқын бейнесі. Бүгінгі жетістіктер ғаламшар мен адамзат өміріне өзгеріс енгізуде. Мұның барлығы елордадағы «ЭКСПО-2017» көрмесінде көрініс тапты.
ЭКСПО-ға қатысты нақты деректерді келтірсек, көрмені әлемдегі 4 миллион адам келіп тамашалады. Қонақтар мен туристер 178 мемлекеттен келді, бұл дегеніміз әлемдегі бар мемлекеттердің 98 пайызын құрайды. Келушілер көрмеде қойылған барлық экспозицияны көріп шығу үшін 96 сағатын жұмсады. ЭКСПО аясында 3500-ге жуық мәдени шара өткізіліп, онда 33 мыңдай әртіс өнер көрсетті.
«ЭКСПО-2017» көрмесінің бас­ты нышанына айналған «Нұр Әлем» ұлттық павильонының құрылысына 13 мың тонна металл пайдаланылды. Салыстырмалы түрде айтсақ, Эйфель мұнарасын салуға 9 мың тонна металл жұмсалды. Шар жабындысы 2800 бірегей әйнектен тұрады. «Нұр Әлем» сферасының жалпы аумағы – 22 000 шаршы метр, бұл – төрт футбол алаңының көлемімен пара-пар. Көрменің барлық нысандарының құрылысы үшін 56 мың тонна металл мен 500 мың тонна бетон жұмсалған. Бұл материалдар әлемдегі ең биік екі мұнараны тұрғызуға жетеді. 53 елдің мемлекет және үкімет басшысы көрменің құрметті қонағы болды. Ал қонақтарды жылы қарсы алып, жол сілтеген 4500 ерікті қалашықта күні-түні қызмет етті. Көрме жұмысы барысында келушілер 100 миллионнан астам суретке түскен. Үйленуге 88 ұсыныс жасалған. Ғалымдар бүгінгі күні адамзат өміріне өзгеріс енгізіп жатқан 153 ғылыми өнертабыс ұсынған. Міне, осының барлығы – «ЭКСПО-2017» көрмесінде болған қызықтар.
Жабылу салтанатын тамашалаған көрермен алғаш рет осыдан 2 мың жыл бұрын турис­терге есігін айқара ашқан халықаралық көрменің игіліктерін еске алды. Мәселен, Парижде 1855 жылы – көлік, 1878 жылы – филаментті шам, ал 1901 жылы Буффалода өткен Бүкіләлемдік көрмеде рентген сәулесі алғаш рет таныстырылғаны көпшілікке жаңалық болды. Адамзат 1939 жылы Нью-Йоркте теледидар саласындағы RCA-дың алғашқы жетістіктерімен танысты. Ал 1962 жылы Сиэтлда өткен көрмеде алғашқы компьютерлер көрерменді таңғалдырды. 1970 жылы Осакадағы ЭКСПО-да ұялы телефон, 1982 жылы Нокс­вилде өткен көрмеде саусақтың ізін сезетін экран техникалық жаңалық болып таныстырылды. Ал бүгінгі «ЭКСПО-2017» көрмесінде көрсетілген виртуалды қойылымдар шындыққа айналатыны ақиқат. Солардың бірқатарымен таныс болайық.
Ғалымдар теңіз толқынын баламалы энергия көзі ретінде пайдалана бастады. Теңіз түбінде орналасқан генераторлар табиғатқа зиян келтірмей-ақ, жаңа энергия көзі ретінде көптеген мемлекеттерге қуат көзін сыйлап отыр. Келесі бір өнертабыс Ыбырай Алтынсарин атамыздың «Мың шақырым жерлерге, күн жарымда барғыз­ды» дегені шындыққа жанасатынын дәлелдейді. Себебі «хайперлуп» деп аталатын арнайы құбыр арқылы электр қуатымен жүретін вакуумды пойыз Астана мен Алматы арасындағы жолды 40 минут аралығында өткеруге қауқарлы. Сағатына 1300 шақырым жүретін пойыздың жобасы біздің көрмеде таныстырылды. Жобаны ойлап тапқан өнертап­қыш – америкалық инженер Илон Маск. Сынақтан өткен көлікті енді Дубай мен Абу-Даби арасында жүргізу ойластырылып жатыр.
Тұрғындар кешкі серуенде жүріп-ақ қала көшелерін жарықтандыра алатын болады. Яғни, кинетикалық энергия электр энергиясына алмасады. Әрбір басқан қадамыңыз қаланың электр желісіне 5 ватт қосады. Бұл дегеніміз бір көше шамының 30 секундта жанып тұруымен тең.
Өсімдікті де қуат көзі ретінде пайдалануға болады. Фотосинтез процесі арқылы тіршілік ететін өсімдік тұнып тұрған күн батареясы екен. Ғалымдар өсімдіктің тамырынан электрондарды алатындай технологияны ойлап тапты. Бүгінде кішкентай гүлдің өзі сіздің смартфоныңыз­ды қуаттауға шамасы жетеді. Жарқын болашақта терезе алдында тұрған гүлдер көзді де қуантып, үйді де жарықтандырады.
Кез келген агромәдениетті дамытуға мүмкіндік беретін вертикалды ферма экологияға өз үлесін қоса отырып, жыл бойы мол өнім беруге даяр. Адам денсаулығына және экологияға аса тиімді мырыш-бром батареясы артық энергияны жинақтайды. Тек қажет кезде энергиямен бөліседі. Міне, күн батареясымен, сутегімен, электр қуатымен жүретін көліктер, адамның көмекшісіне айналған роботтар, ұшақтан жылдам жүйт­кіген вакуумды пойыздар – мұның барлығы жаһанның жаңалығына айналатын бастамалар. Осының бәрін көзбен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап көрген әр келуші «жасыл» экология туралы танымын қалыптастырды. Ал әсершіл балақайлардың қиялына қанат бітті. Осы игіліктердің барлығы – келешек ұрпақтың еншісінде.
Салтанатты рәсім барысында «ЭКСПО-2017» көрмесінің даярлығына атсалысқан Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталес бейнетаспа арқылы құттықтау жолдады. Бас хатшы:
– Жаңғырмалы энергияны алға жылжыту – тұрақты дамуға бағытталған орасан зор еңбек. Баламалы энергия көздерін өндіру, қолдану, оны тарату XXI ғасырдың міндеті екендігін жеткізгім келеді. Әуелде көрме алдында қойылған міндеттер мен мақсаттар жүзеге асырылды. Елордада өткен ЭКСПО көрмесі қатысушы мемлекеттердің техникалық және технология­лық жетістіктерін, мәдениеті мен тарихын барша әлемге паш етті. Қазақстан осы жауапты істі атқарып, көрмені лайықты деңгейде өткізді, – деді.
Оның айтуынша, мұның барлығы Қазақстан Президентінің, Үкіметінің және халқының бірлігі арқасында жүзеге асты. Сондай-ақ, Астана – ЭКСПО сынды ауқымды шараны өткізуге ла­йықты қала ретінде өз мәртебесін асқақтатты, тарихта өз орнын айшықтады деп сенімін білдірді ол.
Ал Халықаралық көрмелер бюросының туын бюро президенті Стин Кристенсенге «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов салтанатты жағдайда табыстады.
Қалашықтағы амфитеатрда DJ Timoffey мен эстрада әншісі Нұрберген Махамбетов, «Americano» және «Hollywood» топтары ашық аспан астында өнер көрсетті. Олар бірнеше сағат бойы қонақтардың көңілін көтеріп, би биледі. Сахнадағы алып экранда ЭКСПО көрмесінің жабылу салтанаты тікелей эфирде көрсетілді. Мерекелік отшашуды көруге жиналған жұрт алдымен «Нұр Әлем» павильонында түрлі-түсті жарық шоуын тамашалады. Ал жеті минутқа созылған отшашу «МузАрт» тобы, Майра Мұхамедқызы, Жәмилә Серкебаева, Лада Қысықова және басқа өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен концертке ұласты.
ЭКСПО арқасында керемет ғимараттар бой көтерді, қала іші көркейді, жаңа бастамаларға жол ашылды, қаншама адам жұмыспен қамтылды. Қысқасы, қарапайым адам көрменің игілігін бірден сезінбеуі мүмкін, алайда бұл көрменің басы-қасында жүріп, түрлі шараға қатысқандарға аян. Иә, «Көппен көрген ұлы той» да аяқталды.
Айтпақшы, жақында Халық­аралық Бюро көрмесінің марапаттау рәсімі өтті. Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлына «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Халықаралық Бюро көрмесінің алтын медалі табысталды. Барлық жүкті көтерген Астана да марапатқа ие болды. Бұл сый тек елордаға емес, қала тұрғындарына және көрмеге өлшеусіз үлес қосқан жандарға арналады. Медаль қала әкімі Әсет Исекешевке табысталды.
Көрме басталғалы бері ЭКСПО қала­шығындағы жаңалықтарға әр нөмірінен орын бөлген «Астана ақшамы» газетінің редакциясы ЭКСПО-мен қош айтыспайды, 2020 жылы Дубайда кездескенше…

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ


comments powered by HyperComments
Close