ЖаңалықтарҚала тіршілігіҚылмыс және оқиғаларӘкімдік

Құтқарушылар Есіл өзеніндегі мұз үстінен балықшылардың 5 шатырын алып тастады

Астаналық төтеншеліктер мен құтқарушылар қала тұрғындарын Есіл өзенінің толықтай қатып үлгермеген мұздың қауіп-қатерінен  сақтау мақсатында арнайы рейд ұйымдастырды.  Себебі, кейбір жергілікті тұрғындар, яғни балық аулаушылар жұқа мұз үстіне шатырларын тігіп, балық аулауға кірісіп кеткен. Рейд барысында 26 балықшы мен 12 азаматқа түсіндіру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Елорда инфо әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астана қаласы ТЖ департаменті жергілікті полиция  қызметкерлері және ООӨАЖҚЖ құтқарушыларымен бірлесіп Есіл өзенінде рейдтер өткізді. Шараның басты мақсаты төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды болдырмау, азаматтардың өмірлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

«Қазіргі таңда қаладағы балықшылар «Radisson» қонақ үй аймағында мұз үстіне шатырларды көптеп тігеді. Кей учаскелерде балықшылар саны жиырмаға дейін жетеді, олармен әр учаскеде 7 бұрғылау шұңқырлары жасалған. Мұз астына құлап кету қаупі бар болғандықтан, аталған жағдай құтқарушыларды алаңдатпай қоймайды. Мұнымен қоса, балықшыларда құтқару көкірекшелері жоқ. Бұл өз кезегінде қауіпті жағдайды өршіте түссе керек», — деп жазылған Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.

Құзырлы органның баспасөз қызметінің мәліметінше, алдын алу шараларын жүргізудің барысында 12 рейд ұйымдастырылған. Есіл өзенінің бойында ұйымдастырылған рейдтік шара 26 балықшы мен 12 азаматты қамтыды. Өткізілген жұмыстардың нәтижесінде қауіпті орындардан 5 шатыр алынып тасталды.

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мұздағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін үгіттеу кітапшалары мен буклеттерін, сонымен қатар азаматтарға үзілмелі қауіпсіздік талондарын  таратты.


comments powered by HyperComments
Close