ЖаңалықтарЭкономикаҚала тіршілігіӘкімдік

Қоқыс өңдеу зауытында 1,5 гектар аумаққа жылыжай салынбақ

Астана қалалық мәслихатының депутаттары қоқыс өңдеу зауытына барып, ондағы жұмыстармен танысты. Белгілі болғандай, күніне 800 тонна қоқыс қабылдайтын зауытта алдағы уақытта 1,5 гектар аумаққа жылыжай салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Елорда инфо.

ҚОҚЫС ӨҢДЕУ ҚУАТЫ АРТАДЫ

Депутаттар қоқыс өңдеу зауытының тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл кәсіпорын жұмысы жылдар бойы маңдымай келген болатын. Енді былтырдан бері «KazRecycleService» ЖШС тиісті шаруаны қолға алды.
«2016 жылдың шілдесінде жұмысымызды бастадық. Зауыт күніне 800 тонна қоқыс қабылдайды. Негізінен, қуаты 1200 тоннаға жетеді. Қазіргі таңда сұрыптау, өндірістік, экомақта цехтары жұмыс істеп жатыр. Пиролиз цехын жаңа жылдан кейін толық қуатына іске қоспақпыз. Жұмысшылардың саны – 200. Бүгіндері пластикті, поли­этиленді өңдейміз. Одан соң қағазды өңдеп, ғимараттарды жылытуға арналған экомақтаны шығарамыз» дейді компания бас директорының көмекшісі Қанат Байымбетов.
Салыстырмалы түрде алғанда, былтыр тұрмыстық қалдықтарды өңдеу қуаты 5 пайыздан аспайтын. Бүгіндері бұл көрсеткіш 15 пайызға жетті. Зауыт басшылығының сөзінше, 2020 жылы оны 75 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

ЖАҒАР МАЙДАН ОТЫН ӨНДІРІЛЕДІ

Сондай-ақ, 1,5 гектар аумаққа жылыжай салу да жоспарда бар. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Латвия және Түркия мамандары тартылмақ. Жылыжайда қызанақ пен гүлдер өсірілмек.
Толықтай автоматтандырылған пиролиз цехына орнатылған қондырғыларды Украина технологиясымен Астанадағы «Синтез» кәсіпорны жасады. Мұнда өңдеуге келмейтін пластик, полиэтилен күйдіріледі. Бұған қоса, пайдаланылған жағар май өңделеді. Одан қазандықтарға арналған отын шығады.
Зауыттағы өзекті мәселелердің бірі – сумен қамтамасыз ету. Оның себебі, қазіргі таңда кәсіпорынға су тасушы көлікпен жеткізіліп жүр. Бұл жайт цехтардың өнімділігін біраз тежеп тұр.
Кәсіпорынның жанында орналасқан экологиялық полигонға былтыр қаладан шығатын қалдықтардың 95 пайызы көмілді. Биыл бұл көрсеткіш 85 пайызға төмендеді. Ал 2020 жылға қарай оны 25 пайызға дейін азайту көзделіп отыр. Ол үшін қоқысты өңдеу қуаты артуы тиіс.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ


comments powered by HyperComments
Close