БілімЖаңалықтарҚала тіршілігіҚоғамӘкімдік

Қазақстанның үшінші жаңғыруы – білім берудің үлесі

Бүгін Елордада педагогтар үшін жаңа оқу жылының басталуына және алдағы тың идеяларға есеп беретін дәстүрлі қалалық тамыз кеңесі өтті. Өркениеттің өлшемі де, мемлекеттің келешегі де қоғамдық білімге тәуелді. Тәуелсіздіктің баянды, қоғам іргетасының мықты болуының сонау ұшар биігінде білімнің тұратыны анық. Әлемнің ұлы көшінен қалып қоймаудың бірінші қағидасы да осы ғылым мен білімді жетілдіру екені тағы белгілі. Тың тақырыптарды талқыға салатын жауапты жиында халықтың білім деңгейлерін үнемі толықтыруға, әсіресе, жастардың сапалы біліммен сусындауына баса назар аударылды. Кеңес отырысына қатысқан қала әкімі Әсет Исекешев Астананың үздіксіз өсуіне әрі сапалы білім кеңістігін құру қажеттігіне орай алға қойылып отырған басым міндеттерге тоқталды.

Сала жұмысын саралаған кеңес отырысына Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Орсариев, сондай-ақ, қалалық мәслихат депутаттары, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдар, әлеуметтік серіктестіктер, педагогикалық және ата-аналар қауымдастығының өкілдері, педагогикалық еңбек ардагерлері қатысты. «Мемлекет басшысы елімізді модернизациялаудың сара жолын жариялады. Ол технологиялық ілгерілеу, рухани жаңғыру және экономикалық өркендеуге негізделген.

Барлық заман талабына сапалы адами капитал жауап бере алады. Сондықтан білім мен ғылым саласының маңызы өте зор» деген шаһар басшысы елордалық білім беру жүйесін дамыту үшін ұстанатын негізгі жеті бағытты атап өтті. Олардың ішінде елордамыздың бүгінгі даму қарқынына сай инфрақұрылымды дамыту, сапалы білім алуға қажетті үйлесімді жағдай жасау, білім саласының деңгейін көтеру, оны автоматтандыру құралдарын пайдалану, озық технологияларды жетілдіру, мамандар әлеуетін арттыру, оқу сапасын көтеру, оқу ортасын тиісті қондырғылармен қамтамасыз ету және қамқоршылық кеңестер арқылы мектептердің дербестігін арттыру бар. Дәл осы бағыттарды нысанға алған кеңес отырысында бас қаланың білім сапасының жайы егжей-тегжейлі талқыланды.

Қаланың қарқынды дамуына және халықаралық білім кеңістігіне кіруіне байланысты білім беру жүйесінің келешектегі 5 жылға арналған даму жоспары құрылды. Жоспарда маңызды бағыттардың бірі – білім беру сапасын арттыру.

Жаңа бағдарлама аясында Астана қаласының білім беру мекемелері арасында мектепке дейінгі дайындық бағытында жетекші болатын 13 балабақша, жалпы орта білім беру саласында 19 жетекші мектеп және 3 жетекші колледждер тізімі жасалып, осы бағытта белсенді жұмыс атқарылуда.

Балабақшамен 100 пайыз қамтылады

Елорда әкімінің атап өтуінше, қазіргі таңда мемлекет білім саласына қолдау көрсету үшін қолдан келген мүмкіндіктің барлығын жасап келеді. Қайтарымы мол, қайырымы кең игі шара ұрпақ білімі үшін жұмсалар қаржы мен қайрат екені анық. Шаһар басшысының мәлімдеуінше, балалар мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамтылады. «Жыл сайын мектепке дейінгі жастағы бүлдіршіндердің саны 10-15 мыңға өседі. Мектеп оқушыларының саны да қарқынды түрде артуда. 2010-2011 оқу жылында қала мектептерінде 74 мың бала білім алған болса, биылғы жаңа оқу жылында 145 мың оқушыны күтіп отырмыз. Соңғы 6-7 жылда оқушылар саны екі есеге артты» деген Әсет Исекешев бұл бағыттағы мәселелерді шешуге қатысты нақты бағдарлама іске асырылып жатқанын жеткізді. Бірінші кезекте мектептер желісін дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Ағымдағы жылы екі мемлекеттік балабақша пайдалануға берілсе, бұған қоса, ұлттық компаниялар тарапынан салынып жатқан үш балабақша тапсырылады. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетігі бойынша алты балабақшаның құрылысы басталды. Қаладағы шағын орталықтарды есепке алмағанда, 116 жекеменшік және 96 мемлекеттік балабақша жұмыс істеп тұр. Биыл тағы да алты мың орынға 60 жекеменшік балабақша ашылады. «Жыл сайын балалар саны өсіп келе жатқанын ескеріп, мемлекеттік тапсырысты арттырып отырмыз. 2020 жылға дейін мемлекеттік тапсырыс есебінен тағы да 20 мың орынға 200 жекеменшік балабақшаны ашуды жоспарлап отырмыз. Осы арқылы балабақшалардың жалпы саны артып, балалар мектепке дейінгі біліммен 100 пайызға қамтылатын болады деді» деді Әсет Исекешев.

Мектепке онлайн орналастырылады

Қала тұрғындарының еселеп артуы мен демографиялық өсімі әсерінен мектепке орналасу мәселесі де жиі талқыға түседі. Елорда әкімдігі алдағы жылдан бастап балаларды мектепке қабылдау қызметін автоматтандыруды қолға алатын болады. Осыған дейін балабақшаға кезекке тұру мен жолдама алу рәсімдері енген автоматтандырылу жүйесіне балаларды мектепке қабылдау жүйесі енгізілгелі отыр. Мұндай жаңашылдықтар қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етуде маңызды бағыт болмақ.

Балалар санының көптігі мәселесінің шешу жолы ретінде биыл 5 мектепке 2600 орынға арналған қосымша құрылыстар салынды. Жаңа 10 мектептің құрылысы басталып, тағы 37 мектеп пен 10 жанама құрылыс үшін жер телімдері дайындалды. Қуаныштысы сол, жаңа оқу жылында білім мекемелерінің қажеттіліктеріне, құрылыс жұмыстарына жұмсалатын қаражат көлемі екі есеге (246 млн-нан 500 млн теңгеге дейін) артып отыр.

Білім алуға жан-жақты жағдай жасалынады

Қалалық мектептердің 90 пайызында инклюзиялық білім беруге жағдай жасалынған. Екі жыл ішінде арнайы түзету мекемелерінің саны екі есеге артты. Жыл соңына дейін 3 түзету кабинетінің ашылуы жоспарланып отыр.

«Балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасау бағытында ата-аналармен кездесулер өткіздік. Әлеуметтік желілерде көтерілген мәселелерді зерделеудеміз. Жаңа оқу жылына қарай 42 мектепте субұрқақтарды орнатамыз, 13 мектепте бастауыш сынып оқушыларына арналған жеке шкафтарды қоямыз. 2019 жылдың соңына дейін елордадағы барлық мектепті жеке шкафтармен қамтамасыз етеміз» деді әкім.

Жаңа оқу жылында қалалық 47 мектепте робототехника кабинеттері ашылады. Қалған 37 мектепте 2018 жылдың соңына дейін ашылады. 2018 жылдың соңына дейін мектептер «Смарт мектеп» жобасы аясында WI-FI-мен қамтамасыз етіледі. Үштілді сапалы түрде меңгеру мақсатында 273 млн теңге көлеміндегі қаражатқа барлық мектептердің кітапханаларына ағылшын тіліндегі көркем әдебиет кітаптары сатып алынды. Политехникалық колледжде мехатроника лабораториясы ашылып отыр. Жаңа оқу жылында 65 мектепте факультатив және пәндік деңгейде ағылшын тілінде сабақ өтетін болады.

Сыйақы мөлшері артады

Тағы бір айта кетерлігі, қыркүйектен бастап барлық мектептерде «бірыңғай ашық бухгалтерия» енгізіле бастайды. Бұл шешім мектеп басшылығын шаруашылық жүктемелерден ішінара босататын болады. «Қазіргі кезде мектеп директорлары көбінесе қаржылық әрі шаруашылық мәселелермен айналыса отырып, оқу процесіне назар аударуға уақыттары қалмайды. Атап айтқанда, педагогтар шаруашылық мәселелермен емес, бірінші кезекте баланың дамуымен айналысуы керек. Сондықтан да кезең-кезеңмен бұл міндетті шешетін боламыз» деді қала әкімі. Оның атап өтуінше, «ашық бухгалтерия» қаржылық менеджменттің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осы орайда сатып алуларды орталықтандыру есебінен жыл сайын 200 млн теңге үнемделеді. Бұл қаржы педагогтарға сыйақы ретінде беріліп отыратын болады.

Өйткені бұл – өте маңызды мәселе. Енді педагогтарымыздың еңбекақысымен бірге, олардың шәкірттеріне беретін білім сапасы да артып жатса, әрине, нұр үстіне нұр.

Балабақша тәрбиешілеріне грант бөлінуі мүмкін

Осыған дейін жазып келгеніміздей, қаламызға 150 педагог жетіспейді. Олардың дені – бастауыш сынып мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілері. Қала басшысының айтуынша, алдағы үш жылда 3 мың мұғалім мен 1 мыңға жуық тәрбиеші қажет болады екен. Осы қажеттіліктің үштен бірі колледждерде мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы мамандарды даярлау есебінен қамтамасыз етіледі. Бүгінде Астана университеттерінде тәрбиешілер мен бастауыш сынып мұғалімдерін даярлау жүргізілмейді. «Егер де Білім және ғылым министрлігі осындай мүмкіндікті қарастырса, онда елордалық ЖОО-ларға жыл сайын жергілікті бюджет есебінен 200 студентке гранттарды орналастыруды қамтамасыз етуге әзірміз. Бұл маман тапшылығын 50 пайызға азайтуға жол ашады» деді шаһар басшысы.

Ал жалпы қаламыз бойынша соңғы 9 жылда педагогтардың саны екі есеге артқан. Биылға оқу жылында 14322 адамды құрайтын болады.

Әлеуметтік маңызды жобалар

Елордалық мектептерде биыл Қамқоршылық кеңестері құрылды. Кеңес құрамына қала әкімі және оның орынбасарлары, қалалық басқарма басшылары, мәжіліс және мәслихат депутаттары еніп отыр.

«Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қаламыздың бизнесмендерімен бірге елордалық демеушілер клубы өз жұмысын бастады. Оның жұмысы екі бағытта болатыны көзделіп отыр. Біріншіден – Қамқоршылық кеңес құрамына ену, екіншіден – білім мекемелеріне қажетті болатын материалды-техникалық жағынан қамтамасыз етіп, қолдау көрсету.

Сонымен қатар, қалалық мектеп оқушылары мен колледж студенттер арасындағы белсенділер таңдалып, елордалық көшбасшылар ұйымы құрылмақ. Өз кезегінде тәрбие жұмысы әлеуметтік маңызы бар жобалар арқылы жүзеге асырылатын болады.

4700 студент «Барлығына жаппай техникалық және кәсіптік беру» жобасы аясында тегін кәсіптік біліммен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде 40 пайызы – жұмыс мамандықтары бойынша. Қалалық колледждердің мыңнан астам студенті дуальді оқытумен қамтылған.

Кеңес отырысының соңында өскелең ұрпаққа сапалы білім беруде аянбай еңбек етіп, міндетін мүлтіксіз атқарған бірқатар ұстаздар марапатталды. Олардың арасында біршама ұстаздар кеуделеріне «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі мен Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісін қадап, мерейлері тасыса, қажырлы еңбектерімен ерекшеленген мұғалімдер Астана қаласы әкімінің алғыс хаттарын алды. Бұған қоса, шаһар басшысы Әсет Өрентайұлы қала педагогтарына пәтер кілттерін тапсырады.

Салтанат Басығараева,

Астана қаласы Білім басқармасы Кәсіптік білім беру және кадрларды даярлау бөлімінің басшысы, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері:

– Негізгі тәлім-тәрбие – ата-анадан, оқу мен білім – ұстаздан, ал қоғамға қызмет ету – баршамызға ортақ парыз. Ұрпақтың жұлдызын жағып, мәртебесін биіктететін де, тағлымын қалыптастырып, танымын кеңейтетін де осы қағидалар екені анық. Мен де өз кезегімде кәсіптік білім беруді дамытып, оқу-материалдық базаны нығайтуға, мемлекеттік стандарттар мен тапсырыстарды орындауға, кәсіптік білім беру желілерін жоспарлау мен кеңейту бағытындағы жұмыстарымды парызым санаймын. Бұл – мынау бүгінгі қуанышым – мен үшін үлкен мәртебе.

Майра Смағұлова, №7 «Аққу» балабақшасының жоғары санатты әдіскері, Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісінің иегері:

– Осы салада еңбек етіп, бала тәрбиесімен айналысып келе жатқаныма 33 жыл болды. Ұстаз қай кезде де жан-жақты, білімді, тәжірибелі, ұстамды, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын педагог болса, онда оның еңбегі жанады деп ойлаймын. Өзім де әрқашан шығармашылық ізденіс үстінде жүріп, оқу-тәрбие жұмыстарына жаңа технологиялар мен іс-тәжірибелерді енгізе жүріп, осындай марапатқа ие болып жатырмын. Мұндай жауапкершілігі зор құрметке ие болу – кез келген ұстаздың арманы. Мен арманыма жеттім.

Рауан Зарипқызы, №65 мектеп-гимназиясының сурдопедагогы, пәтер кілтін алушы:

– Ахмет Байтұрсынұлының «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақ» деген сөзі бар ғой. Осы бір аталы ұғым – мен үшін әрқашанда басты ұстаным. «Сөз жоқ, егер мұғалім өз бойындағы жақсы қасиеттер мен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктіре алса, ол – кемел ұстаз. Біз осы бір қарапайым қағиданы қай кезде де жадымыздан шығармауымыз қажет. Менің жеңісім – ұжымымның жеңісі. Бүгінгі алып отырған баспанам – еліміздің білім саласының дамуына қосқан үлесінің жемісі. Ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Мұғалімнің мәртебесін осылай өсірген елімізге, қоғамымызға рақмет!

Гүлжан РАХМАН

Теги

Статьи по теме

Читайте также...

Close
Close