ЖаңалықтарСпорт

Қанат жеңіске жетіп, қазақтың туын көкке желбіретті

Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде өтіп жатқан кәсіпқойлар арасындағы бокс сайысына қатысқан қазақтың сегіз боксшысы және бүгінгі кештің басты кейіпкері Қанат Ислам  жеңіске жетіп,  барша қазақстандықтарды қуанышқа бөледі. Бірінші орта салмақтағы WBO, NABO және WBA Inter-Continental чемпиондық белбеулерінің иегері Қанат Ислам бұл жолы канадалық Брэндон Кукпен жұдырықтасты. Қанат жеңіске тоғызыншы раунтта техникалық нокаутпен қол жеткізді. Бүгінгі бокс ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «ZHERSU» корпорациясының ұйымдастыруымен ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өтті.

Қазақтың мақтанышы Қанат Исламның қарсыласы  Брэндон Кукта өте мықты спортшы. Ол да барлық айқастарында жеңіске жетіп жүрген кәсіпқой боксшы. Атап айтқанда, Кук қарсыластарымен жұдырықтасқан 18 бокстасуының 11-де нокаутпен жеңіске жетіпті.

Қанат бұл жолғы бокстасуында да асқан шеберлік көрсетіп, ә дегеннен қарсыласын біраз жұдырықтың астына алып, бірінші раунтта-ақ ногдауынға түсіріп, басымдылық көрсетті.

Қалың жанкүйері мен көрерменді тәнті еткен бұл сайысқа Қанаттан басқа еліміздің кәсіпқой боксындағы бірқатар мықтылар да бақ сынасты. Атап айтқанда,  екі мықты боксшының андеркартында рингке шыққан сегіз қазақ боксшысы да түгел жақсы басымдықпен жеңіс туын желбіретті.

Айтар болсақ, алғашқы мықты жеңісті Мейірім Нұрсұлтанов қанжығаға байлады. Ол қарсыласын бірінші раундтың 50-секундында сұлатты. Ал Димаш Ниязов болса алтыншы раунтта Эдуардо Перейра дос Рейсты тізе бүктіріп, кәсіпқой бокстағы 12-ші жеңісіне ие болды.

Ал үшінші жұпта Айдос Ербосынұлы мен Джонатан Жеронимо Барбадило қолғап түйістіріп, Айдос бірінші раундтың 2:34 секундында қарсыласын нокаутпен жеңсе, Әли Ахмедовте ұзақ раунттан кейін америкалық Томас Джастинді техникалық нокаутпен ұтты.

Бесінші болып жұдырықтасқан Нұрсұлтан Жаңабаев  бірінші раундта нокаутпен жеңді.

Руслан Мырсатаев аргентиналық Андрес Афранлиді нокаутпен бағындырса, әлем чемпионы атағы бар Жәнібек Әлімханұлы  Перейро Дос Сантосты ұтты. Келесі кезекте тағы бір боксшымыз  Жанқош Тұраровтың жеңіспен мерейі үстем болды.

Тельман БЕЙСЕНОВ


comments powered by HyperComments
Close