Өмір

Астанада қаңғыбас иттер мен мысықтарды атуға толығымен тиым салынбақ

Бұдан былай жазылмайтын дертке шалдыққан үйсіз жануарлар дәрімен жансыздандырылатын болады, деп хабарлайды Elorda.info.

Астана әкімдігі қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою Ережесіне өзгерту енгізді.
Жаңа ережеде «Қаңғыбас жануарлар» ұғымына жануарлардың аса қауіпті аурулары тізіміне енген, адамға қауіпті дертке шалдыққан, тағыланған иттер мен мысықтар жатқызылады. Айырым белгілері жоқ жануарлар да қаңғыбас жануар деп танылады.
«Қоғамдық орындарда егесіз жүрген (байланған жануарлардан басқа) қаңғыбас және қараусыз жануарлар аулауға жатады», — делінген құжатта.
Жаңа ережелер бойынша ауланған қаңғыбас жануарлар арнайы изоляторда 60 күннен астам уақыт ұсталады (қазір бұл мерзім үш күн). Ауланған жануар туралы мәлімет қазір әзірленіп жатқан арнайы сайтта жарияланатын болады.
60 күннен кейін иесі табылмаған жағдайда жануар мемлекет қорғалайтын орынға беріледі. Онда жаңа ережелерге сәйкес әр жануар жеке ұсталады.
Тағы бір жаңа өзгеріс: бұдан былай иелерін іздеу үшін волонтерлардың жануарлар ұсталатын орынға кіріп-шығуына рұқсат етіледі. Мысықты немесе итті жаңа иелеріне тапсыру кезінде асырандыларға ветеринарлық төлқұжат рәсімделеді, тиісті дәрежеде бағып-күту мен иесінің жауапкершілігі жөнінде келісім-шарт бекітіледі, сонымен қатар жануар тіркеледі.
«Сұрауы жоқ, жазылмас дертке шалдыққан қаңғыбас жануарлар жойылу алдында Қазақстан Республикасында тиым салынбаған препараттармен гумандық жолмен дәрімен жансыздандырылады», — деп атап өтілген құжатта.
Жануарлардың өлекселері арнайы пештер орнатылған мамандандырылған мекемеде жойылады.
Ереженің сақталуын қадағалау қоғамдық ұйымдар өкілдері, қалалық мәслихат депутаттарынан құрылған қамқоршылар кеңесіне міндеттелген.
Әкімдіктің қаулысы қалалық мәслихат бекіткеннен кейін күшіне енеді.


comments powered by HyperComments
Close