«Әкелер одағы» елорда басшылығының аула футболын қайта жаңғыртуға көмектесуін сұрайды

«Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі Әсет Исекешевтің қала әкімдігінің көмегімен аула футболын жаңғыртуға көмектесуін және Әкімнің ауыспалы кубогын тағайындауын өтінді, деп хабарлайды Elorda.info.
«Аталған шара 9-14 жас аралығындағы балалардың спортпен белсенді айналысуына, көшенің жағымсыз әдеттері (темекі және алкоголь өнімдерін ерте жастан тұтыну) мен гаджеттердің (интернет) ықпалын азайтуға мүмкіндік береді. Балаларды жазғы уақытта жарыстар өткізуге кеңінен қамту мақсатында Астана қ. құзырлы басқармаларынан бөлек аудандық әкімдіктер мен ПИК-терді де тартуды ұсынамын», — делінеді өтініште.
«Әкелер одағы» ҚБ өз тарапынан Астанадағы аула футболының дамуына қызу қатысуға уәде етіп отыр.
Сонымен қатар, «Әкелер одағы» қаладағы балалар алаңдарының жай-күйіне назар аудартты.
«Қыстан кейін балалар алаңдары нашар күйде болады. (…) Балалардың жарақат алуын болдырмау үшін сіздің қалалық әкімдік пен аудан әкімдіктерінің тиісті басқармаларына ПИК-пен бірге тез арада балалар алаңдарына тексеру жүргізіп, барлық олқылықтардың орнын толтыру жөнінде тапсырма беруіңізді сұраймыз», — делінген хатта.