ЖаңалықтарСаясатҚоғам

Мароккоға «араб көктемі» келе ме?

Арабтың тағы бір елінде, Африканың солтүстік-батысындағы Мағрибте, яғни Мароккода кезекті «араб көктемі» күндей күркіреп, бірте-бірте буырқанып келе жатқан сияқты. Мұнда тамыз айының басында күрт көтерілген жаппай қарсылық шаралары қауырт қарқын алып, елде саяси реформа жүргізу жөніндегі талап-тілекке барып ұштасты. Мұның түйіні күн сайын көшеге шығатын мыңдаған адамның елдегі билікті ауыс­тыру ұрандарына ұласты.

Оппозицияның талаптары Марокконың мұрагер тақ иесі – король VI Мухаммад ұстанып отырған саяси бағытқа мүлде қарама-қарсы келеді. Бұл толқулар өзінің стихиясы мен мазмұны жағынан бұған дейін Тунис, Мысыр, Ливия және Сирия елдерін қаусыра шарпып өткен дәстүрлі «араб көктемі» қозғалысына қатты ұқсайды. Жұрт бұл жолы Мухсин Фикри есімді балық сатушының қапияда өлтірілуіне байланысты көтеріліп кеткен екен.

Қарсылық қозғалысына түйткіл болған оқыс оқиға 2016 жылдың күзінде орын алыпты. Сол жолы балықшы Фикри өзінен полицейлер тәркілеп әкеткен балықтарын күшпен қайтарып алмақшы болып жүріп, күл-қоқыс контейнері жанында қаза табады. Қайғылы жағдай жағалауды жайлаған Риф провинциясындағы жергілікті халық пен ішкі істер органдары қызметкерлері арасында пісіп-жетіліп келе жатқан текетіресті бірден судың бетіне қалқып шығарады. Полициямен қақтығысқа жергілікті жастар көбірек тартылады. Олардың дені бұл аттанысқа Facebook әлеуметтік желісі арқылы таратылған желдірме үндеулер арқылы барады. Бұған Насер Зефзафи сияқты танымал блогерлер көп еңбек сіңіреді. Бұдан бөлек, билік қамауға алып, артынан босатқан жергілікті әнші Силья Зиани, өзінің еркіне қарсы қозғалыстың символы болып танылып үлгерген 25 жастағы Имад әл-Аттаби қарсылық қозғалысының екі негізгі тұлғаларына айналды. Биылғы 20 шілдеде сол әл-Аттаби полицейден алған соққысы салдарынан есін жимаған күйі қайтыс болды. Манифестанттар марқұмды араб баспасөзінде «Хирак» деген ат алған қозғалыстары үшін құрбан болған азап шегуші деп таныды.

Марокко қарсылық қозғалысының тағы бір жанды тұсы, жергілікті тұрғындардың елде өздеріне кендір егу құқығын беру жөнінде алға қойған мәселесі болды. Ал толқу басталған Риф тарихи провинциясы ертеден осы өсімдікті өсірумен айналысатын өңір еді. Мұнда есірткі өсімдіктерін егуге заңды тұрғыда рұқсат берілуіне жұрттың бәрі мүдделі-тін. Алайда, VI Мухаммад принциптілік көрсетіп, оларды қанағаттандыратын шешім қабылдаудан бас тартты. Жұрт Фикри мен Аттабидің қазаларынан кейін жаппай қарсылық қозғалысына шығып, саяси режимді жұмсарта түсуден бөлек, Еуропаға кендір жөнелтетін фермерлердің жолдарын кесуді тоқтатуды үзілді-кесілді талап ете бастады. Ал Еуропаның есірткі пайдалануды заңдастырып алған бірқатар мемлекеттеріне көрші орналасқан Марокко құрлық нарығын осы шетін тауармен толтырып тұратын ел болатын.

Мағриб билігінің аталмыш қарсылық қозғалысына ресми көзқарасы әзірге тым тереңдей қойған жоқ. Өкімет басындағылар мұны тек Риф провинциясы тұрғындарының сепаративті әрекетіне санайды. Расында да бұл аймақта негізінен бербер ұлтының өкілдері тұрады. Бірақ саясаттанушылар бұдан тек Марокконың ат төбеліндей билеуші тобының келешекті болжай алмайтын тайыздығын ғана көріп отыр. Ал қарсылық қозғалысына дем берушілер саны корольдікті түгел дерлік жаулап алған. Қазір оған елдің орталығы – Рабат пен ірі портты қаласы – Касабланкадан бастап, барлық аймақтары қосылып кеткен. Риф тұрғындарының наразылығы осылай бүкіл елге тарап жатыр. Мұндай сценарий Марокко билігі үшін айрықша қауіпті болуға тиіс. Олай дейтініміз, 2010 жылы көрші Тунистегі революция тап осылай – жеміс-жидек сатушы жергілікті саудагерге қатысты жасалған қылмыстан басталған болатын.

Оқиғаның мұндай айналым алуы, әсіресе, исламистер көбірек шоғырланған Мароккода қауіптірек болып отыр. XXI ғасырда орын алған ең ірі терактіні 2004 жылы Мадридте марокколықтар жасады. Жақында Барселонада болған жаппай кісі өлтіру мен Финляндия жүргіншілерге жасалған тосын шабуылды да осы корольдіктен шыққандар ұйымдастырды.

Еуропа баспасөзі хабарлағандай, тап осы Солтүстік Африканың «Ислам мемлекетінің» құрамында соғысып, «халифаттың» жеңіліске ұшырағанын мойындаған мыңдаған джихадшылары қазір Мароккоға ағылып келіп жатқанға ұқсайды. Бұларды елдегі наразылық қимылдарына араластыру күтпеген оқиғаларға алып баруы әбден кәдік.

Серік  ПІРНАЗАР

Теги

Статьи по теме

Close