Басты ақпаратМәдениет

«ЖАС ҚАНАТТЫҢ» ЖАҢА ЖҰЛДЫЗДАРЫ

«Жас қанат» деп аталған байқау биыл тағы да өзінің жиырма бірінші жеңімпазын анықтады.

18-20 мамыр аралығында елордадағы Конгресс-Холл сарайында жас орындаушылардың
республикалық «Жас қанат» байқауы өтті.

Жылда “Жас қанатқа” зор үмітпен көз тігетін әдетіміз. Себебі, байқау жыл сайын қазақ эстрадасына жаңа бір есімді әкеледі. Байқаудың бір кездегі лауреаттары мен дипломанттарының арасынан Медеу Арынбаев, Ерлан Көкеев, «Үркер» тобы, Бақыт Шадаева, Нұрлан Абдуллин, Майра Дәулетбақова, Бақытжан Қажымұқанов, Бауыржан Исаев, Құрмаш Маханов, Мәдина Сәдуақасова секілді әншілердің шығуы – осының дәлелі.

Ұйымдас тырушылар биылғы байқаудың басты ерекшелігі деп – қатысуға өтініш бергендердің саны рекордтық көрсеткішке жеткенін атап өтті.

Алайда, олардың тек 16-сы ғана байқауға қатысу бақытына ие болды.

Байқауалды бір күн Бұл күні байқау қатысушылары Астана қаласы Мәдениет басқармасының бастығы Болат Мажағұловпен кездесті. Басқарма бастығы жеке кабинетінде жасқанаттықтардың осымен екінші толқынын қабылдап отырғанына қуанышты екенін айтты.

«Қай-қайсыңыз да жеңімпаз болуға лайықсыздар. Бірақ, осы байқауға қатысу мүмкіндігіне ие болғандарыңыздың өзі үлкен жеңіс. Сіздерге ендігі керегі – еңбекқорлық, төзімділік, сабырлылық. Байқаудың басы-қасында жүрген Мұрат Ерғалиев пен Александр Пономаревтың «қолдары жеңіл». Олар эстрадаға талай жұлдызды алып келді. Сіздерді де солардың қатарынан көрем деген сенімдемін»,– деді.

Жобаның Бас продюссері Мұрат Ерғалиев биылғы байқауға журналистер тарапынан ерекше қызығушылық туып жатқанын айтты. Сөзінің дәлелі ретінде байқауға қатысушылар жайлы жазып жатқан бір бума газет-журнал-
ды құшақтай келіпті.

Шымылдық түрілген күн

Конкурста кімдер қазылық ететіні байқау басталуына санаулы секунд қалғанға дейін құпия сақталды.
Шымылдық т ү рі л і п , с а хнаға жүргізушілер шыққаннан кейін ғана олардың есімі белгілі болды. Сонымен, қазылар алқасының тізгіні Сенат депутаты, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, композитор Төлеген Мұхамеджановқа тапсырылыпты. Ал, мүшелікке енгендер арасында есімдері егжей-тегжейлі таныстыруды қажет етпейтін Кеңес Дүйсекев, Мұрат Құсайынов, Нұржамал Үсенбаева, Майра Дәулетбақова, Бақыт Шадаева сынды өнер саңлақтары бар.

Байқаудың алғы сөзі Астана қаласы әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың құттықтау хатымен басталды. Қала басшысы өз сөзінде Астананың бүгінде өнер ордасына айналғанын, ал «Жас қанат» байқауының елорданың мәдени өміріне қосар үлесі зор екенін атап өтіпті. Жастардың жеңісті сәттері көп болуына тілектестік
білдіріпті.

Сахнаға алғаш боп шыққан Шығыс Қазақстаннан келген Күлайым
Қайырбаеваның «Айтарым жоқ», астаналық Меруерт Желдібаеваның «Ұнатамын», оралдық Назира
Хибашеваның «There you ll be», ақтөбелік Нұрболат Абдуллиннің «Сезім үміті» әндерін тыңдарман жылы қабылдады. Ал, ақтөбелік Димаш Құдайбергеннің украин тілінде шырқаған «Я люблю тільки тебе» әнінен кейін қазылар алқасы оны сахнаның ханзадасы деп бағалап жатты.

Екінші күні сахна төрінде он алты өнерпаздың арасынан оза шапқан он үздік өнер көрсетті.

Ал, одан кейін ақтық сынға небәрі 5 өнерпаз ғана жол тартты.

Жиырмас ыншы мамыр – жұлдызды күн

Ақтық сын. Шешуші кезең. «Жас қанат» байқауының көрігі нағыз қызған күн болды бұл.

Небәрі санаулы секундтардан соң «Жас қанаттың» жиырма бірінші жұл дызы жарқырай жанбақ .
Жеңімпаздың атын жариялау үшін сахнаға әділқазылар алқасы көтерілді. Көрерменнің де, қатысушылардың да көңілін күпті қылған қазылар алқасы жүлдегерлердің есімін атай бастады.

Үшінші орын – Шығысқазақстандық Күлайым Қайырбаева! Екінші орын – астаналық Гүлнұр Дамаева! Бас жүлде, «Алтын қанат» мүсіншесінің иегері… Зал сілтідей тынды. Залдағы мыңнан астам адам микрофон алдындағы қазылар алқасы төрағасының аузын бағып бір сәт тына қалды. «Жас қанаттың» жиырма бірінші жеңімпазы ақтөбелік Димаш Құдайберге-е-ен!» деген дауыс шығысымен, бүкіл зал өре түрегеліп, қол шапалақтай жөнелді.

Бұл байқау әділқазыларының биылғы таңдауына, «сахна ханзадасы» атанған Димаштың шынайы өнеріне деген көрерменнің ыстық ықыласынан туған қошемет еді.

Шынар ДОСАН

 

Close