Үлкен театр мен «Астана опера» әртістер алмасады

Мәскеуде Ресейдің Үлкен театры мен «Астана опера» арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Elorda.info.

Құжатқа Ресейдің Үлкен театрының бас директоры Владимир Урин мен «Астана опера» директоры Ғалым Ахмедьяров қол қойды.

«Аталған келісім тәуелсіздік жылдары ішінде алғаш рет бекітіліп отыр. Меморандум мамандар, әртістер, орындаушы ұжымдар алмасуды, өзара консультациялық көмек көрсетуді, гастрольдік алмасуларды ынталандыруды, бірлескен шығармашылық жобаларды ұйымдастыруды қарастырады», — делінген Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің ресми сайтының хабарламасында.

«Астана опера» директорының сыртқы байланыстар және маркетинг жөніндегі орынбасары Александр Совостьянов бұған дейін мәдени алмасулар аясында ұжымдардың әртістері Астана мен Мәскеуде бірлі-жарым өнер көрсеткенін айтып, енді бұл үдеріс тұрақты түрде болатынына сенім білдірді.

Оның айтуынша, әлемнің үздік театрларының бірімен Меморандумға қол қойылуы үлкен жетістік болып саналады, екі шығармашылық ұжымның да әртістеріне үлкен жол ашады және қазақстандық мәдениеттің дамуына серпін береді.

«Тараптар қол қойылған құжаттың достық байланыстардың тиімді дамуы мен нығаюына, балет, опера және симфониялық өнер, театрлық-қойылымдық қызмет, солистер мен шығармашылық ұжымдардың гастрольдерін ұйымдастыру саласында мәдени алмасуғасептесетініне сенім білдірді», — делінген хабарламада.