ӨМIР һәм ЮМОР

Күлкi – адам көңiл-күйiнiң ең қызықты сәттерiн айшықтайды. Сырбай Мәуленов жырлағандай, «көкте, күнде, жерде, өмiр көктемi мен ана беттерiнде тұрған» таза, пәк күлкiнi көру бiр ғанибет. Бiрақ, кейде адамның жанын жейтiн, көзге сұрқыдай көрiнетiн, әдепсiз, еш пайдасыз күлкiлер де кездесiп жатады. Қазақ халқы сол үшiн күлкiнi «үш арсыздың» бiрi деп санаған.

Ғалымдардың есептеулерi бойынша, адам өз ойын 35 % тiл арқылы және 65 % эмоциялардың көмегiмен жеткiзедi екен. Яғни, iшкi ойды бiлдiруде «күлкi» эмоциясының алатын орны зор.
«Күлкi күнi» мерекесi ресми тiркелмесе де, қазiргi кезде әлемнiң көптеген елдерiнде аталып өтедi. Бұл мерекенiң нақты тарихын ешкiм бiлмейдi. Кей деректер бұл күннiң шығу тарихын Ежелгi Рим және Үндiстан елдерiмен байланыстырады. Өйткенi, ежелгi римдiктер 17 ақпан күнi «ақымақтар мерекесiн», ал үндiстандықтар наурыздың 31-iнде «қалжыңдау салтын» атап өткен. Ал нақтырақ деректерге сүйенер болсақ, күнтiзбенiң өзгеруiне байланысты Франция елi IХ Карлдың бұйрығымен 1564 жылдан бастап Жаңа жыл мерекесiн 1 қаңтарда тойлауды ұйғарады. Ал бұған дейiн Жаңа жыл мейрамы 1 сәуiрде тойланған екен. Осы өзгерiске қарсы болған адамдар ескi дәстүр бойынша Жаңа жылды 1 сәуiрде тойлап, бiр-бiрiне сыйлықтар берген. Ал басқалар оларға күлiп, әжуалап, ол күндi «күлкi күнi» деп атап кеткен деседi.
Ресей патшалығында аталмыш мерекенi тойлау I Петр патшаның билiк еткен тұсынан басталады. Ресейдегi ең алғашқы көпшiлiктi алдаған сәуiрдегi мереке 1703 жылы Мәскеуде өттi. Адамдар Мәскеу көшелерiнде жар салып, «ел естiмеген қойылымға» жұртты шақырады. Белгiленген уақытта көпшiлiк жиналған соң шымылдық ашылып, сахнада «1 сәуiр – ешкiмге сенбегенiң тәуiр!» деген сөздер жазылған тақта шығады. Осылайша, бiреулердi ақымақ қылу дәстүрi Ресейде 1 сәуiрде тойлана бастаған.
Күлкi күнi әр елде әр түрлi аталады. Мәселен, шотландиялықтар бұл күнi таныстарының арқасына сездiрмей «менi теп» деген жазу iледi де, оны сырттай күлкiге айналдырады. Яғни, Шотландияда «тепкi күнi» деген атауға ие болған. «Әзiлiң жарасса, атаңмен ойна» деп әзiл-қалжыңға қашанда терiс қарамайтын қазақ халқы да бұл күндi ескерусiз қал-дырмаған. Қылышын сүйреген қаһарлы қыстан соң, жарқырап, жайнап келетiн көктемнiң айларында адамдар бiр-бiрiне күлкi, шаттық сыйлауды жөн көрген.
Өмiрде жете мән бермейтiн, адамның көңiл-күйiнiң бейнесi деп қана қабылдайтын күлкiнiң пайдасы бүгiнде медицина саласында дәлелденiп отыр. Күлкi – стресске қарсы таптырмас амал. Стресс, күнделiктi қобалжу жүйке жүйесiн бүлдiредi. Ал жүйке жүйесiнiң қызметiнiң зақымдануы немесе әлсiреуi ағзадағы басқа ауруларды туғызудың 19 %-ын құрайды. Стресске қарсы қазiргi кезде адамды күлкiмен емдейтiн болған. Оны «смехотерапия» деп атайды. Адам күлген кезде беттегi ет талшықтары демалатын көрiнедi. Күлкi адамдарды күйзелiске түсiретiн гормондардың пайда болуына бөгет болады екен. Бiр нәрсеге ашуланып, ренжiп, қабақты түйген сәтте қырық үш бұлшық ет жиырылса, күлген сәтте оның он жетiсi ғана жиырылады екен. Сонымен бiрге өз тәжiрибелерiне сүйенген ғалымдар күлкi адам миының сол жақ жартысының жұмысын жақсартады деген тұжырым бiлдiредi.
Атақты сатирик Сейiт Кенжеахметұлы: «Күлдiре бiлу – өнер, күле бiлу – өмiр, күлкi болу – өлiм» демекшi, адам өмiрiнде бақыт пен шаттыққа толы пәк күлкiлер көп, ал пайдасыз күлкiлер жоқ болсын.
Қызықты фактiлер:
• 5 минуттық риясыз күлкi 40 минуттық жақсы демалыспен және 25 минуттық жаттығу жасағанмен тең.
• Күлкi гипертонияға шалдыққандарға көмегiн тигiзедi. 10 минуттық күлкi адамның қан қысымын бiрнеше пунктке түсiредi.
• Күлкi артық салмақтан арылуға да пайдасын тигiзедi. Өйткенi, күлген сәтте адамның 80 түрлi бұлшық етi жиырылады екен.
• Ең алғашқы сәби күлкiсi 3-4 айлығында болады екен.
• Ең жиi күлетiн жас – 6-7 жас аралығы. Бұл жаста бала орта есеппен күнiне 250 мәрте күледi екен.
• Күлген кезде адам иммунитетi жоғарылап, тыныс алу мүшелерi қатты жұмыс жасайды.
• Швед ғалымдары соңғы 250 жылда театрда ойнаған комиктер мен трагиктердiң өмiрiн зерттей келсе, комиктер ұзағырақ өмiр сүретiнiн анықтапты.
• Күлкiнi зерттейтiн ғылым «гелотология» деп аталады.

Сымбат Молдатай,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң
2-курс студентi