Мәдениет

Әз Наурыз әуендерi

Көз алдыңа көгiлдiр

Көктемнiң сәтiн өңгерiп,

Серпiлiп көкке көңiл бiр,

Сезiмге отты дем берiп,

Сал әндi, қалқа, төгiлдiр,

Күн астында тербелiп…

 

Ғасырларда жоғалтпай ел киесiн,

Ұрпақ озып, биiктерге өрлесiн!

Тоғыз, тоғыз құмалақтар… тоғыздық…

Жетiлдiрсiн ұл-қызымның зердесiн.

 

Көкке енiптi көкжиек пен бар аспан,

Дархан көңiл биiк шыңмен таласқан.

Түлкi тымақ, зерлi камзол, кең дала –

Қыз-бозбала күлкiсiмен жарасқан.

 

«Алдымда асу тұр әлi,

Асқарлар – асқақ мекенiм.

Мен едiм Алаш қыраны

Бұлттан да әрi өтемiн.

Әлемнiң алып шырағы –

Қалықтап Күнге жетемiн!

Тыншу көктiң төрiне

Қалықтап қанат керемiн.

Абырой дарып елiме,

Құт қонып байтақ жерiме,

Биiктен дәйiм менi елiм,

Көрерiне сенемiн!.»

 

Жыл келедi –

Көш-керуен, салтанат.

Жыл келедi

Жақсылығын арқалап.

Жыл келедi

Ақ таңдардай арайлы,

Жыл келедi

Аңсардай-ақ талайғы.

 

Құтты болғай,

Ұлу жылы, қадамың!

Орта толғай,

Гүлге оранып алабым.

Тыныс қонғай,

Иен төсiне даланың,

Ырыс орнай

Орамына қаланың…

 

Жыл келедi

Көкте де Күн күледi,

Нұр төгедi

Жердiң жүзi түледi.

Ұлу мырза –

Бұл да күткен жыл едi

Халқым ырза,

Қабыл болғай тiлегi!

… жыл келедi…

 

 

Көктем күлiп, сезiлмей күн ызғары,

Көмкергенде жайқала гүл даланы.

Жауқазындай елiмнiң үр қыздары,

Мың бұрала билейдi, ырғалады.

 

Жан тербесе қазақылық ән сазы,

Шат күлкiмен атса қызық жаз таңы.

…Сал-серiнiң айнымайтын серiгi,

Жүйрiк жылқы,

берен мылтық һәм тазы.

 

 

Наурызға жаппай шақырды,

Жамағат жатыр жиылып.

Тауып ап айна тақырды,

Ойнайық асық иiрiп.

Құлаштап, кәне, атайық,

Көмбенi шығар шаршыдан

Қызыққа бейқам батайық,

Сақамыз түссiн алшыдан!

 

 

Сарыарқаны аймалап таң шуағы,

Ашылмаған көктемнiң бар сыры әлi.

Бөрiктi ердiң көрiктi қолыменен,

Шаңырақтың уығы шаншылады.

 

 

Жасауы мол кең киiз үй – қырмызым,

Жарасады жайғастырса үр қызын.

Қан қыздырып, шалқытады көңiлдi,

Ару қыздар сапырғанда қымызын.

 

 

Күлкiсiмен көркем-көркем күй кешкем,

Қаракөзге арналады жыр-дестем.

Кеше жеткен Әз Наурыздың әуенi,

Шолпысының сыңғырымен үндескен.

 

 

Алты ай қыс айыл жиды көктемде кеп,

Жазира маң – қазақтың өрiсi едi!

Күн шуағын төккенде көктен ерек,

Көршi-қолаң шұрқырап көрiседi.

 

 

Өлеңмен өрнектегендер: Мақсот Iзiмұлы, Асхат Райқұл

 

 

Жаңа жыл, жарылқай кел!

 

Үлкенiң мен жасыңа

Береке қонсын басыңа!

«Наурызға» келген халайық,

Жамбылдың жеткiн жасына.

Ырыс, дәулет мол болсын,

Жылда осындай той болсын.

Мейрамды ендi бастайық,

Ал, кәнекей, жол болсын!

Наурыз – Ұлыстың Ұлы Күнi, қазақша жыл басы. Көктiң тынысын тыңдап, жердiң тамырын басқан, тұрмыс-тiршiлiгi табиғат анамен тығыз байланысты зерделi ел жыл басы Наурызды қараңғының – жарыққа,  ызғардың – жылыға,  қараның – аққа, сордың – баққа, кесiрдiң – киеге, жоқтың барға ауысатын талайлы табалдырығы деп таныған.

Күллi оқымысты қауымнан оқшау озып шыққан, «Шығыстың Аристотелi» атанған, тарихымыздың тамаша тұлғаларының бiрi – Мұхаммед Әбу­насыр әл-Фарабидiң еңбектерiн елi­мiзде ең алғаш рет жинап, зерттеген ғалым Ақжан Жақсыбекұлы Машани оның өмiр сүрген кезеңiмен ғана шектелмей, одан арғы көне дәуiрлерге де тереңдеп барып отырған. 1970 жылы Алматыда «Жазушы» баспа­сынан шыққан «Әл-Фараби» атты еңбегiнде мың жыл бұрынғы халықтың өмiр-тiршiлiгi, өнеркәсiбi, мәдениетi, ғылыми-рухани тәлiм-тәрбиесi, қолөнерi және басқа да шаруашылық жәйi сөз болады. Осы кiтапта Наурыз туралы орта ғасыр ғұламаларының бiрi –  Әли ибн Мұса ар-Рид хазiретi: «Бұл күндi перiштелер құрметтейдi, өйткенi олар осы күнде жаралған; бұл күндi пайғамбарлар құрметтейдi, өйткенi Күн осында жаралған; бұл күндi патшалар сыйлайды, өйткенi уақыттың бiрiншi күнi осы» дептi.

Мәшһүр Жүсiп Көпейұлының «Нау­рыз­нама» той болып қай заманда бас­талған?» деген жазбасында: «Естiген құлақта жазық жоқ, құрттай бала күнiмiзде жарапазан айтатұғын шалдар айтып жүрушi едi:

– Нұх пайғамбар дарақтан кеме пiшкен,

Ол кеменiң тақтайын тышқан тескен, – деп.

…Нұх пайғамбар еркегi, ұрғашысы аралас сексен қаралы жолдаспен кеме жасап мiнiп, алты ай, он күн суда жүзiп, су тартылып кемесi Қазығұрт тауына кез болып соған тоқтап, құрғақшылық көрiп қара жердi басқан. Сөйтсе, сол күн ай есебiмен санағанда күннiң Хамал бұрышына кiрген күнi –  бiрiншi хамал болып табылған. Нұх пайғамбардың тұңғышы – Сам. Самның Ғарап, Ғажам деген екi ұлы болған. Бiреуi ай есебiн ұстап, жыл басын Мұһарам деп санап, оны Ғашора күнi деп, мейрам қылып ұстап қалған. Бiреуi – ғажам жұрты жұлдыз есебiн ұстап, бiрiншi Хамал Жыл басы деп мейрам қылған. Мұның ұстап қалған «күнi» есебiмен марттың тоғызына дәл келiп, қыс пен жаздың аударыс-төңкерiсiне тұп-тура шыққан. Мұны қазақ «Бұқар есебi» дейдi. Бұл есептi қазақ халқы орысқа қарағанда дұрыс ұстап келген.

Ай да он екi, жыл да он екi, он екi жылдың басына он екi хайуанды ие қылған, оған ат қойып, айдар таққан…

…Сонда бұрынғы таққа отырған Жыл иесi астына кетiп, оның орнына екiншi Жыл иесi тақ үстiне шыққанын қалай бiлген? Оны «жандыда балық бiлген, жансызда Самарқанның көк тасы бiлген».

Наурызнама той қылатұғын жұрттың патшалары тiрi балықты көп ұстатып алып, бiр керсен суға салып, көптiң алқасына қойдырған. Отырған әлеумет балықтарға көз тiгiп қарап отырған. Бiр мезгiлде балық бiткен бiрi қалмай, теп-тегiс шалқасынан аунап түсiп жата қалады қарындары жарқырап. Лезде балықтар аунаған жағына қайта аунап түседi. «Ескi жыл шықты, Жаңа жыл кiрдi» деп, Жаңа жыл тойы деп, сегiз күн қол астына қараған жұртқа той-тамаша берген», – деген баянды қалдырған.

Қалай десек те, тарихта қазақ үшiн Наурыз – «ақ түйенiң қарны жарылған күн» есебiндегi нағыз мейрам. Бұл күнi қытымыр қыстан аман шыққан ауыл-қыстақ тұрғындары өздерiнiң бастарынан өткен жақсылы-жаманды оқиғаларды ортаға салып, барға берекет, жоққа салауат айтысқан. Шәкәрiм Құдай­бердиев Наурыз жайында:

«Наурыз – парсы тiлi: Жаңа күн деген сөз. Мұны қазақтар Бұхар, Тәшкендiк қожалардан үйренген. Ескi қазақта (ескi түрiкте) жаңа жыл күннiң аты – Ұлыс. Қожа молдалар ескi әдеттi қалдырамыз деп, Құрбан, Ораза айттарын Ұлыс күнi дегiзiп, Ұлысты Наурыз дегiзген.

Жыл басының аты Ұлыс екенiнiң дәлелi мынау: «Ұлыс күнi қазан толса, ол жыл ақ мол болар. Ұлы кiсiден бата алса, онда олжалы болар» деген тiптi ескi мақал.

Және:

Ұлыстың Ұлы күнiнде,

Бай шығады балбырап.

Қасында жас жеткiншек,

Тұлымшағы салбырап,

Бәйбiше шығар балпиып,

Күндiктерi қайқиып,

Келiншек шығар керiлiп.

Сәукелесi саудырап,

Қыз шығады қылмиып,

Екi көзi жаудырап.

Бозбала шығар бұрқырап,

Ақбөкендей сырқырап.

Құл құтылар құрықтан,

Күң құтылар сырықтан.

Кетiк ыдыс, шөмiштiң,

Түтiнi шығар бұрқырап», – дейдi.

Атар таң, шығар күнге тәу еткен соң, ауыл үй адамдары бiр-бiрiн Ұлыстың Ұлы күнiмен құттықтап, тiлектерiн айтыса бастайды. Үй-үйдi аралап, жүз көрiсiп, төс қағысып, ұлыс дәмiнен ауыз тиiп, бiр-бiрiне бата-тiлек айтысу – әркiм үшiн киелi парыз.

«Саумалық, саумалық,

Наурызымның көк құсы

Ұйқыдан көзiн ашты ма?

Саумалық, Саумалық,

Самарқанның көк тасы

Жiбiдi ме, көрдiң бе?

Саумалық, саумалық,

Ескi жыл кетiп, жаңа жыл келдi.

Ескi жыл есiркей кет,

Жаңа жыл жарылқай кел, – деп бiр-екi ыдысты сындырып, «жамандық кетсiн» деп ырым жасаған екен.

«Жақсы сөз – жарым ырыс» деген да­на бабаларымыз. Елiмiзге, халқы­мызға, бiр-бiрiмiзге жақсылық тiлеу ешқашан артық етпес деп ойлаймын…

 

Наурыз тiлек

Адамдардың Наурыз күнi құшақ­тасып көрiскенде, бiр-бiрiн құттықтап, тақпақпен айтатын тiлегi.

Құдай жарылқасын,

Бай қылсын,

Бақ қарасын,

Қыдыр дарысын,

Әулие қолдасын,

Аруақ жебесiн!

Жасың құтты болсын!

Өмiр жасың ұзақ болсын!

Ұлыс бақты болсын!

Өркенiң өссiн!

Әр күнiң Наурыз күнiндей берекелi болсын!

Ұлың – оңға,

Қызың – қырға қонсын!

Елiңе елеулi, халқыңа қадiрлi бол!

Айың тусын оңыңнан,

Жұлдызың тусын соңыңнан!

Бақ берсiн, Қыдыр дарысын!

Әумин!

***

Ұлыс оң болсын,

Ақ мол болсын,

Қайда жүрсек жол болсын!

 

Ескi айда есiркесiн,

Жаңа жылда жарылқасын!

Саба iркiт пен саумалдан босамасын,

Өре құрт пен iрiмшiктен босамасын,

Мал iшсiз, келiн құрсақсыз болмасын,

Түн iшiнде түйе қомдатпасын,

Iнгеннен айырып, бота боздатпасын,

Қараңғыда ит ұлып, сиыр

мөңi­ремесiн,

Ата – ұлдан, ана – қыздан

айырылып еңiремесiн!

 

Астыр-астыр,

Жұлдыздармен жарастыр,

Жақсылармен жанастыр,

Жамандардан адастыр!

 

Амансың ба?

Ұлыс оң болсын,

Ақ мол болсын,

Қайда барса, жол болсын!

Ұлыс бақты болсын,

Төрт түлiк ақты болсын!

 

***

Ұлыс береке берсiн,

Бәле-жала жерге енсiн!

Қыстан қысырамадық,

Жаздағыдай жадырамадық.

Өткен ай өзiмен кетiп,

Туған ай жарылқасын.

Аяз әлiн бiлiп,

Күнiкей Күн жарылқасын,

Аллаһу әкбар!

 

Әуелi Құдай оңдай көр,

Оң жолыңа бастай көр.

Адасса, жолға сала көр,

Сүрiнсе, қолдап ала көр!

Кездессе, шайтан қаға көр!

Жұлдыздармен жанастыр,

Жамандардан адастыр!

Құдай жарылқасын!

Бай қылсын!

Бақ қарасын!

Қыдыр дарысын!

Әруақ жебесiн!

Дастарқанға береке берсiн!

Кең пейiл берсiн,

Ұзақ өмiр берсiн.

От айнала бас берсiн,

Өрiс толы мал берсiн!

Әумин!

 

Айдан аман сақта,

Жылдан есен сақта!

Жүз бiр қатерден сақта,

Мың бiр пәледен сақта!

Аузы қанды бөрiден сақта!

Қолы қанды ұрыдан сақта!

Күле кiрiп, күңiрене шыққаннан сақта!

Iзет, әбүйiр, бақ-дәулет,

Ризық, несiбең арта берсiн!

Әумин!

Наурыз

бата

Наурызға арналып сойылған малдың етi тартылған дастарқан басында  дәмге берiлетiн арнаулы бата.

Ұлыстың Ұлы Күнiнде «наурыз көжеге» шақырғандарға, «наурызнама» тойын өткiзiп, халықты риза қылған адамдарға, өнер көрсеткен өнерпаздар мен ақындарға ақсақалдар мен әжелер, ел ағалары, билер қол жайып, бата бередi. Бұл бата жалпы көпшiлiкке бағышталады. Талапкер жастар Наурыз күнi дуалы ауыздың уыз батасын алуға тырысады. Наурыз батасының орны – ерекше.

Мәшһүр Жүсiп КӨПЕЙҰЛЫ

Әуелi Құдай жарылқасын,

Пайғамбардың берекетiн берсiн,

Әубәкiр Сыдықтың салауатын берсiн.

Әдiл Омардың айбатын берсiн,

Әзiретi Оспанның ұятын берсiн,

Әзiретi Әлiнiң қуатын берсiн,

Ибраһим пайғамбардың малын берсiн,

Әкiм Ұлықпанның жасын берсiн,

Әкiм Сүлейменнiң тақытын берсiн,

Ескендiр Зұлқарнайынның бақытын берсiн,

Атымтай Жомарттың даңқын берсiн,

Дәуiт Пайғамбардай отыз ұл берсiн!

Ұл берсе, Оразды берсiн,

Қыз берсе, қылықты берсiн.

Жасы ұзын болсын,

Жүзi қызыл болсын!

Айғырың оңды келсiн,

Қошқарың жүндi келсiн.

Қызың пұлды келсiн,

Ұлың құнды келсiн.

Дәулетiң зияда болсын,

Дұшпаның пияда болсын.

Ұлың ұяда болсын,

Қызың қияда болсын.

Адам жаласынан,

Бұлт аласынан,

Көрiнер-көрiнбес,

Мың да бiр пәлесiнен,

Патша Құдайым өзi сақтасын!

Мұсылманға дiн үйреткен,

Алымдардың саламаттылығына,

Халық қамын жеген,

Қарқарадай хандардың саламаттығына!

Ел қамын жеген,

Едiгедей билердiң саламаттылығына!

Өз еңбегiн өзi жеген,

«Құдая шүкiр, тәубә!» деген,

Қара бұқара халықтың саламаттығына!

Халқын, жұртын, қаны бiрге ұлтын,

Iлгерi бастырамын деген,

Еңбекшiл елдердiң саламаттығына.

Қой орнына ат берген,

Атымтайдай жомарттың саламаттығына,

Баяғыда тойға жасанып келген сұлу қыз,

Үйiне қартайып кемпiр боп оралсын.

Қара пейiл байларды: ұшынған сорпа,

Қағынған ет есептi қылып,

Қапшығына салып алғын.

Жемесе де май жақсы,

Бермесе де бай жақсы деген,

Қап түбiнде қалғандардың саламат­тығына.

Молдаларға қол берген,

Көрпе салып төрге алған,

Уызы арылмаған байлардың саламат­тығына.

Халқы, қалайығы қостаған,

Орнықты саба ұстаған,

Бәйбiшелердiң саламаттығына.

Тақыр жерде – тайғақ бар,

Тәңiрiм онан сақтасын,

Бату жерде – пәле бар,

Машайық онан сақтасын.

Шұңқыр жерде – шайтан бар,

Сақтаушы онан сақтасын.

Ойнақтаған оң қолың,

Ақ бiлекте қарысын.

Аузыңдағы отыз тiс,

Таңдайыңда қарысын.

Құдай қосқан қосағың,

Бiргелесiп қарысын.

Малыңызға, басыңызға,

Берекет берсiн.

Саған қас сағынғанға,

Алақұла әрекет берсiн.

Көктен жаудырсын,

Жерден өндiрсiн,

Байды Құдай байытсын,

Бәйбiшенi қайытсын.

Кигенiң кiр болмасын,

Маңдайың тер болмасын.

Алла ойыңда тұрсын,

«Құл-һуалл» – қойныңызда,

«Әлхам» – аузыңызда,

«Иасин» жадыңызда болсын!

Бұл оқылған аяттар Ай болсын.

Сегiз пейiш ортасында,

Көңiлiң жай болсын.

Iргенектi аралап дау жетпесiн,

Елiңдi аралап жау жетпесiн.

Сiзге бәле салғанның

Өз басынан кетпесiн…

Иа, Жалил, әл-жәллат,

Иа, Кәрiм, әл-керемет,

Пендең саған аманат!

Сақтағайсың сәлемет!

Аллаһу әкбар!

 

Дайындаған  Сымбат  МҮТАЛАПХАНҚЫЗЫ, этнограф

Close