Мәдениет

18 жастағы музыкант диссертация қорғады

Рахат-би Әдбісағын – қазақтың дарынды әрі білімді ең жас ғалымы. Небәрі 18 жастағы музыкант Қазақ ұлттық өнер университетінде магистрлік диссертациясын қорғап шықты, деп хабарлайды Elorda.info.

«Диссертациялық жұмысымда XXI ғасырдағы қазақстандық композиторлар туындыларының техникасын зерттедім. Барынша іздендім. Біздің елдің музыканттары да шетелден кем түспейді. Сол талантты композиторлардың шығармаларын шетелге танытсам деймін», — деп сұхбат берген музыкант ізденісін одан әрі жалғастыра беретінін айтады.

Рахат-би ана тілінен басқа итальян, ағылшын, орыс тілдерін еркін меңгерген. Бос уақытында шет тілдерін үйренуді әдетке айналдырған. Рахат-би диссертация қорғауына қолдау білдіріп келген әкесі ұлының музыкант болмаса, одан  мықты математик шығатынынан үміттеніпті.

«Мен өзім физика-математика маманымын. Ұлым бала күнінен менімен есеп шығарып отырғанымда жанымда ұйып, қарап отыратын. Есептер беретінмін шығаруға. Мектепті де үздік бағамен бітірді»,-  дейді әкесі Төлеген Қожамқұлов.

Дарынды музыкант, пианист, композитор 1999 жылдың 2-ші ақпанында Алматы қаласында дүниеге келген. 2012 жылы М.Төлебаев атындағы 7 жылдық №5 музыка мектебін бар-жоғы 3 жылдың ішінде бітіріп, 15 жасында Ы. Алтынсарин (Алматы қаласы) атындағы №159 гимназияны тәмәмдаған. Екі жыл ішінде Қазақ Ұлттық консерваториясы мен Италияның Бергамо қаласындағы Санчо-Чилилия музыка академиясын қатар аяқтаған.

2016 жылы Астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің магистратурасына түскен музыкантты оқу орны ректоры Айман Мұсақожаева ерекше дарын иесі деп мақтан тұтатынын айтты.

«Біз Рахат-биді өткен жылы магистратураның бір жылдық бөліміне қабылдадық. Бүгін жыл бойғы ізденісін презентациясынан аңғардық. Комиссия алқасы диссертациялық жұмысына 100 деген балл қойды. Жас пианистен күтетін үміт көп», — дейді Айман Мұсақожаева.

Рахат-би Әбдісадық бүгінде жүзге жуық шығарма жазған. «Петроглиф», «Фантазия Мураками», «Rondine piangente», «Aport pour Satie» секілді музыкалық пьесалары да бар.

Алда білімін жетілдіру мақсатында докторантураға құжат тапсыру да жоспарында бар екен.


comments powered by HyperComments
Close