Қоғам

Жалға берушілер жалтара алмайды

Жақында Астана қаласының дамуы және «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық жөніндегі арнайы кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарба­ев  елордадағы жер үйлердің бірінде 1000-нан аса адам тіркелгені туралы айтып, істің мән- жайын анықтауды ҚР ішкі істер министрі Қалмұқанбет Қасымовқа тапсырған еді.

Осыған байланысты қазір тиісті органдар қажетті іс-шараларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, «Елордадағы қауіпсіздік пен жайлылық» бағдарламасы аясында Астана қаласы Ішкі істер департаменті бөлімшелері мен қызметтерінің жеке құрамы және ҚР Ішкі істер министрлігінің Ұлттық Гвардия әскери қызметшілері «Учаске» шұғыл алдын алу іс-шарасын өткізді. Іс-шара аясында қызметкерлер 106 мыңнан аса көпқабатты үйді, 16 мыңнан аса жекеменшік үйді, 1100-ге тарта уақытша баспананы тексеріп, барлығы – 120000-нан аса үйді аралап шықты. Нәтижесінде, 1600-ден аса үйдің заңсыз жалға берілетіні анықталып, 9900 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бас қалада мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу кезегінде 120 мыңға тарта адам тұрғанын ескерсек, мұндай «резеңке пәтердің» бірен-саран еместігі күмән туғызбайды. Осыған байланысты тұрғындармен кездесу өткізіліп, нақты түсінік жұмыстары жүргізілуде.  Сарапшылардың пікірінше, жалпы қаланың тұрғын үй қорынан берілген екі жүз мыңға тарта пәтердің 4 пайызға жуығы жалға беріледі екен. Бұл дегеніңіз, 70000-ға тарта баспана көлеңкелі табыс көзіне айналып отыр деген сөз.  Мұндай кәсіпкерлікпен айналысатындар пәтерін жалға бергені үшін ең кемі 3 пайыз көлемінде мемлекетке салық төлеуі қажет.  Осындай жергілікті полиция қызметкерлерінің түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде қалада пәтерлерін жалға беретін 300-ден аса адам өз бетінше келіп тіркеліп, қызметтерін заңдастырған.  «Астана қаласының полиция қызметкерлері Мемлекеттік кіріс департаментімен бірлесе отырып, бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жандандыра беретін болады» деді Астана қаласы Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.

Close