Ұлы дала ұланы

Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында Қытайда өткен «Мен әншімін» байқауында екінші орын алып, аты әлемге жайылған Димаш Құдайбергеннің құрметіне «Әлем таныған Димаш» атты мерекелік мағынаға толы кеш өтті.

Қазақты танытқан Димаш елге оралды. Оны ұшақтан Мәдениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы бастаған азаматтар мен жақын туыстары, достары құшаққа алды.
Мерекелік кешке төрт ай бойы көрші елде болған байқауға құлақтарын түріп, шынайы тілегімен қолдаған дарынды өнерпаздың жанкүйерлері көп жиналды. Ат шаптырым ғимараттың ішінде ине шаншар орын болмады.

98

Алдымен сөзді Арыстанбек Мұхамедиұлы алып, Димашты кішкентайынан бауырына басып, мәпелеп өсірген атасы мен әжесін сахнаға шығарып, осындай ел таныған немере тәрбиелегендеріне алғысын білдіріп, оларға құрмет көрсетіп, шапан кигізді. Айтыскер ақын Жансая Мусина әншіге арнау айтты. Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, әлем әртісі Айман Мұсақожаева талантты жасқа ізгі лебізін жеткізді. Телебейне арқылы Асанәлі Әшімов пен Бибігүл Төлегенова батасын берді.

Димаштың өзі де жиналғандарға тамаша әндер легін сыйлады. «Туған жер» әнімен шара шымылдығын түрді. Әке-шешесімен қосылып, «Асыл анашымды» шыр­қады. Халық әні «Дайдидауды» төгілдірді. Байқауда жанкү­йер болған барлық ағайынға ризашылығын білдірді.
«Туған елімнің теңіздей толқыған ыстық ықыласына ештеңе жетпейді. Мені осындай деңгейге көтеріп, алақандарыңыз­ға аялап, киелі сахнаның төріне шығарған туған халқыма мың да бір тағзым етемін» деп жұртшылыққа қошемет көрсетті.

Димаштың продюсері әрі досы Алпамыс Шерімов журналистерге әншінің алдағы жоспарын бөлісті. «Алдымызға қойған жоспар көп. Қытай жұрты оны таныды. Енді Еуропаның бір танымал бағдарламасында ол қадірлі қонақ ретінде әлемнің танымал әншілерімен қатар тұрып өнер көрсетеді. Әзірше оны бүге-шігесіне дейін айтқым келмейді, құпия бола тұрсын» деп қысқаша баяндап өтті.

Қысқасы, Ұлы даланың өнерпаз ұланы атанған талантты әншінің өнер кемесі өрге жүзе берсін демекпіз!