СҰРЫҚСЫЗ ҮЙЛЕР ҚАШАН СҮРІЛЕДІ?

Астананың оң жағалауында тозығы жеткен үйлер көп. Әрісі 1936 жылы тұрғызылса, берісі 1970 жылдары бой көтерген екен. Бүгінде сол үйлердің қабырғасы құлаудың алдында тұр. Мұндай апатты үйлерде 3500 отбасы өмір сүруде.

Жуырда ғана әлеуметтік желіде Бейбіт Бұрбаев есімді қала тұрғыны Молдағұлова көшесіндегі әне-міне құлағалы тұрған үйдің мәселесін көтерді. Айтуынша, жатақхана түрінде салынған үйдің ескіргені былай тұрсын, ауласын нашақорлар мен маскүнемдер жайлап алған. Аталмыш үйдің қай уақытта сүрілетінін сұраған азаматқа әкімдік тарапынан жедел жауап берілді. «Молдағұлова көшесінде орналасқан 19, 21 үйлерді ысыру алдағы маусым-шілде айларында жүргізіледі. Қазіргі уақытта Е-16 (Сығанақ-Айт­матов көшелері орналасқан аудан) мекенжайда салынып жатқан құрылыс аяқталуға жақын. Жоба бо­йынша апатты үйдің тұрғындары сол үйге көшірілетін болады» дейді Сарыарқа ауданы әкімдігінің Ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің жетекшісі Галихан Ихсанұлы.

Құты қашқан көшелер
Елорданың оң жағалауы мен сол жағалауын салыс­тыруға келмейді. Әдетте ескі қала атанып кеткен ауданда аспанмен таласқан әсем ғимараттар болмаса да, көшелер жөнделiп, аулалар абаттандырылған. Халық көп баратын қоғамдық орындарда қызмет түрлерi ұлғайып келеді. Десек те, Кенесары, Янушкевич, Затаевич, Потанин және тағы басқа көшелердiң бойында орын тепкен көрiксiз үйлердiң барын айтуға тиiспiз.

222

Фотолар Tengrinews.kz сайтынан алыңды

Мәселен, Алматы ауданында ескі үйлердің көбі Абай, Кенесары және Янушкевич көшелерінде кездеседі. Мұнда 274 пәтерді құрайтын 23 үй апатты деп танылған. Сарыарқа ауданындағы Рес­публика, Жеңіс, Бөгенбай даңғылдары мен Құтпанов, Қарталы көшелерінде ескірген 79 үй бар. 1230 отбасы сонау 40-50 жылдары салынған үйлерде тұрады. Ал Есіл ауданында бар-жоғы 10 үй тіркелген.

2222

Фотолар Tengrinews.kz сайтынан алыңды

Ондағы Арнасай, Айнабұлақ және Сарытоғай көшелеріндегі үйлердің іргесі 1963 жылы қаланған. Өткен ғасырдың 40-ыншы, 60 жылдары қамыстан салынған 2, 3, 4 қабатты мұндай үйлердiң де пайдалану мерзiмi 30-50 жылмен шектеледi. Бас қаладағы тұрғын үй қорының техникалық жағдайын тексеру нәтижесiне тоқталсақ, сол кезеңдерде салынған үйлер 70 пайызға дейiн тозып кеткен. Оның үстіне конструктивтiк элементтерi апатты деп танылған үйлердi күрделi жөндеуден өткiзу экономикалық тұрғыдан да өте тиiмсiз.

3232

Фотолар Tengrinews.kz сайтынан алыңды

Қоныстойын  тойлағандар көп
Сонымен, әкімдік апатты үйлердің мәселесін қалай шешуде екенін білу мақсатында Астана қаласы Тұрғын үй басқармасына хабарлас­тық. Басқарма басшысының орынбасары Асхат Елеужановтың айтуынша, 2016 жылы қабылданған «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес Астана қаласында апатты үйлерді бұзу бойынша пилоттық жоба іске асырылуда. Әлеуметтік маңызды жоба апатты үйлерде тұратын азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, елорданың заманауи келбетін өзгертуге бағытталған.

555

Фотолар Tengrinews.kz сайтынан алыңды

Пилоттық жобаның шарттарына сәйкес бұзылатын апаттық үйлердің орнына көлемдері ауданы бойынша тең, бір бөлмеден кем емес жаңа пәтерлер беріледі. Яғни, апатты үйлердің тұрғындарына жаңадан үй берілгенде бөлмелердің саны, үй иесінің отбасы мүшелерінің құрамы ескерілмейтінін түсіндіру керек. Бұзуға 1940 жылдан бастап 1970 жылдар аралығында салынған, негізгі құрылыстық құрылымдары мен инженерлік жүйелері тозған үйлер жатады.

2322

Фотолар Tengrinews.kz сайтынан алыңды

Тағы бір мәселе, алдағы уақытта бұзылуға тиiс үйдiң иелерi шағым айтып, жергiлiктi басшылардың табалдырығын талай тоздырғанымен, бұл мәселені жеделдетіп шешу мүмкін емес. Күрделі мәселе болғандықтан, бiрнеше бағыт бо­йынша жүзеге асады. Тіпті, бұзылатын нысандардың қожайындарымен келiсiмшарт жасасу да ұзақ уақытқа созылады. Құлау алдында тұрған үйлердi бұзу, жаңа үйлердiң жобасын жасау және салу үшiн де қыруар қаржы керек. Сондықтан тұрғындар түсіністік танытқаны абзал.

Асхат ЕЛЕУЖАНОВ, Астана қаласы Тұрғын үй басқармасы басшы­сы­­ның орынбасары:

12123

– Астанада 2017 жылдың аяғына дейін 228 апатты үйді бұзу көзделуде. Онда тұрып жатқан 3500 отбасын жаңа қонысқа көшіру жоспарда бар. Бұл ретте 2013 жылдың аяғынан бастап 2016 жылға дейін 117 апатты үйдің тұрғындарына, яғни 1570 отбасыға жаңа пәтер берілгенін айту керек. Қалған 111 апатты үйде тұратын 1870 отбасы шамамен жылдың соңына дейін жаңа үйлерге көшетін болады. Жалпы, апатты үй тұрғындары жаңа пәтерлерге көшуге қуана келіседі. Алайда кейбір тұрғындар жаңадан берілетін тұрғын үйдің орналасқан жеріне, ауданына көңіл аударады. Бөлме санының аздығына келіспей, бір пәтердің орнына екі пәтер сұрап, өздерінің талаптарын қо­йып, қоныс аударудан бас тартатындар да бар. Мұндай жағдайда Тұрғын үй басқармасы сотқа жүгіне алады және жаңа тұрғын үйге мәжбүрлеп қоныс аударту заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде жүргізілетінін еске салған жөн.