Қоғам

Қонақүйлер қолайлы ма?

Еліміздің бас қаласы елордада 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейін «EXPO-2017»  халықаралық көрмесі өтеді. Көрмені  тамашалауға үш айдың ішінде 2 млн астам адам келеді деп күтілуде. «Recommended by EXPO-2017» серіктестік бағдарламасына сәйкес 15 қонақүй көрмеге келген қонақтарға қызмет көрсетеді, оның 9-ы елордада орналасқан Біз, ең алдымен, ірі қонақ­үйлердегі жатын бөлмелердің жағдайын тексеріп, бағасын бағамдап, қызмет көрсету сапасына шолу жасадық.

Қалың жұртқа «Есіл» есі­мімен белгiлi «Гранд Парк Есiл» 4 жұлдызды қонақүйі қаланың орталық алаңында орналасқан. Астанадағы алғашқы ар­хитектуралық ғимарат­тардың бірі тарихтан сыр шертеді. Үш қабатты қонақүйде 126 нөмір бар. Жатын бөлменің класына қарай, бір түн қонып шығу үшін 43 мың теңгеден ($140) 145 мың теңгеге де­йін ($460) жұмсайсыз. Сол ақшаға қонақтар таңдаған нөміріне жайғасып, тегін таңғы және кешкі ас ішеді. Сауна, бассейн, жаттығу залына бару нөмірдің бағасына кіреді, интернетке қосылу да тегін. Бөлмелердің терезесі Астана әкімдігіне қарайды.

4545

Тәуелсіздік даңғылының бойында «Ibis» атты тағы бір 4 жұлдызды қонақүй бар. Келушілерге 249 нөмір  ұсынылған, конференцзалға 200 адам сыя­ды. Қонақүй аумағында Wi-Fi тегін, көлік иелеріне арнайы ақысыз жеке тұрақ қарас­тырылған. Мейрамханада еуропалық асхана тағамдары ұсыныл­ған, тәулік бойы жұмыс істейтін лобби-барда кешкісін тынығуға болады. «Ibis» қонақүйінде жатын бөлмелердің бағасы 17 мың теңгеден ($55) басталып, 30 мың теңгеге ($95) дейін шектеледі. Алайда EXPO кезінде баға үш-төрт есе көтеріліп, қонақүйде бір күн түнеп шығу үшін 80 мың теңге шығындайсыз. Әр нөмірде спутниктік желіге қосылған плазмалық теледидар, телефон, кондицио­нер, ванна, душ және Wi-Fi бар. Бүгінде тіркеу орны тәулік бойы жұмыс жасап тұр. Қонақүйден қаламыздың оң және сол жағалауы анық көрінеді.

54654
Қорғалжын тас жолында орналасқан «Думан» қонақүй кешенінде жатын орын 213 адамға шақталған. Қонақүйде EXPO кезінде тұрақтау үшін шамамен 54 мың теңге ($175) төлейсіз. Әр нөмірде интернет, кішігірім бар және кондиционер қарастырылған. Сондай-ақ, келушілер фитнес зал, бассейн, спа-салон, түнгi клуб, бильярд, боулингке тегін бара алады. Қонақүйде таңғы ас «швед дастарханы» түрінде беріледі. Мейрамханада дәстүрлі қазақ асханасының тағамдарымен қатар, еуропалық тағамдар ұсынылады.  4 жұлдызды қонақүйдің келушілеріне автотұрақ – тегін. «Думан» қонақүйінен теміржол вокзалына дейінгі қашықтық – 5 шақырым, әуе­жайға де­йінгі қашықтық 15 шақырым құрайды.

878
4 жұлдызды қонақүйлер­дің көшін оң және сол жа­ғалаудың тоғысқан же­рінде орналасқан «Park Inn by Radisson Astana» қонақүйі аяқтайды. Бұл жерде қалтаңыздың қалыңдығына қарай жайлы нөмірді өзіңіз таңдай аласыз. Айта кетерлігі, ерекше қажеттілігі бар жандарға арнайы нөмір бөлінген. Қонақүйде мейрамхана, баспасөз залы, фитнес орталығы және 145 көлікке арналған тұрақ бар. Есіл өзенінің оң жағала­уында он жыл бұрын са­лын­ған «Radisson Hotel Astana» 5 жұлдызды қонақүйі де көрменің серік­тесі атанды. Қызмет көр-
сету сапасы барлық ха­лық­­аралық қонақүйлердің стан­дарттарына сай. Банкет залы 600 қонақты қабыл­дауға арналған. Көрме қарсаңында қонақүйде қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде, айталық, жиһаздар Еуропадан тасымалданып жатыр. Қонақүйдің 303 қызметкері әр қонаққа жайлы жағдай жасауға әзір. Бүгінде олардың кәсібилігін арттыру қолға алынды.

888
«Radisson Hotel Astana» қала қонақтарына 181 жатын орын ұсынады. Ең қарапайым нөмірдің құны – 70 мың теңге ($224). Аумағы бүкіл 18 этажды алып жатқан корольдік люкс аса қадірменді қонақтарды күтуге арналған. Салтанатты бөлмеде жатын орын, қонақ бөлме, асхана, жұмыс кабинеті мен гардероб бар. Сондай-ақ, атқосшыларға жеке жуынатын бөлмесі және техникамен толық жабдықталған асханасы бар арнайы жатын бөлме қарастырылған. Мұның барлығы 230 шаршы метр аумақты алып жатыр. Корольдік люксте бір түнге орналасу құны – адам басына 1 млн 400 мың теңге, бұл шамамен 4500 доллар.

665
Елордада 5 жұлдызды «Beijing Palace Soluxe Hotel Astana» қонақүйі дәстүрлі қытай стилінде безендірілген. Қонақтар жайлылығына қарай 8 санатқа бөлінетін 151 жатын орынның біреуін таңдай алады. Көпшілік жердегідей мұнда да мейрамхана, конференц-банкет залдары, бар, спа орталығы және жаттығу залы бар. Бір бөлмелі стандартты нөмірге 108 мың теңге ($350) төлейсіз.Қонақүй кешенінің 21-қабатында орналасқан президенттік апартаменттің аумағы 900 шаршы метрді алып жатыр, бұл – еліміздегі ең ірі люкс-нөмірлердің бірі. Ерекше нөмір деп отырғанымыз, 12 адамға шақ­талған кең ас бөлмесі, сауна мен джакузиі бар екі жатын бөлме, қонақжай бөлмесі, кітапхана, іскер адамдарға арналған баспасөз мәжілісінің залы, «стандартты нөмір»  класындағы екі бөлме және «бизнес-люкс» санатындағы қосымша екі нөмір, демалатын орын, жеке ас үйі және қызмет көрсетушілерге арналған бөлмеден тұрады. Осының барлығы қонақүйдің тұтас бір  қабатында орналас­қан. Нө­мірдің құны – 1 036 000 теңге, бұл шамамен 3300 долларды құрайды. Қонақүйдің жоғары қабатында орналасқан айналмалы мейрамхана қаланың сол жағалауын 120 метр биіктіктен тамашалауға мүмкіндік береді. Қонақүй шетелдік жоғары мәртебелі меймандарды күтуге барынша да­йын деуге негіз бар. Себебі ҚХР Төрағасы Си Цзинь­пин елімізге сапарында «Пекин Палас» қонақүйінде тұрақ­тан­ған болатын. Бұл жолы да «EXPO-2017» халықаралық көрмесіне қадірменді қонақ ретінде Қытай президенті мен сол елдің делегаттарын күтіп алу осы қонақүйдің қызметкерлеріне жүктелетін сыңайлы.

4754
Еліміз көрмеге бірнеше жыл қатарынан тыңғылықты да­йындық жүргізіп келеді. Міне, көптен күткен ауқымды шараның басталуына да екі айдан аз уақыт қалды. Сондықтан болар, телефон шалып хабарласқанымызда қонақүйлердің басым бөлігінде бос орын жоқ болып шықты.

65654


comments powered by HyperComments
Close