Қоғам

Отбасы құндылығы ойлантады

Елімізде отбасылық жанжал кезінде әрбір үшінші қылмыс адам өлімімен аяқталады. Мәселен, 2016 жылы  36 әйел мен 1 бала  зорлық-зомбылықтан көз жұмса, қорлыққа шыдамаған 742 әйел мен 175 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған.

Ашығын айту керек, қоғамның қасіреті бұған дейін әлеуметтік мәселе ретінде қаралмады. Отбасы әр адамның жеке шаруасы деп, жабулы қазанды жауып қойдық. Бұзақының қабағына қарап, әр күнін қорқынышпен өткізген әлсіз жандардың ертеңі қандай болмақ? Мейірім мен жылуға зәру бала есейгенде қоғамнан өз орнын таба ма?

Нақты деректер назар аудартады
Шығыс Қазақстанда күйеуінің қорлығына шыдамаған келіншек бір күнде кішкентай үш баласы мен өзін дарға асқаны белгілі. Түркістанда үй иесі 6 адамды: анасын, әйелін, 5 жасар қызы мен ұлын, екі бауырын өлтіруге ұмтылып, төрт адамды бақилыққа аттандырды. Астанада әйелінің үстіне бензин құйып, өртеп жіберген отбасының артында кішкентай төрт жетім қалды. Қызылорда да «Айтқаныма көнбеді, айдағаныма жүрмеді» деп әйелін атпен сүйреп өлтіргенді де естідік.45

Биыл да мұндай деректер аз емес. Күні кеше намазын дұрыс оқымағаны үшін әйелін азаптап өлтірген жігіттің оқиғасы қоғамды дүр сілкіндірді. 2015 жылы отбасылық жанжал кезінде 308 адам көз жұмса, биыл 36 әйел қаза тапты. Осындай түйткілді мәселенің алдын алу үшін бас прокуратурада өткен отырысқа Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова мен аталмыш мәселелерге тікелей жауапты бес министр қатысты. Жиында зорлыққа қарсы зардаптың бүге-шүгесі талқыға түсті.

«Жол картасы»  жөнге салса…
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда заңнаманы әрі қарай жетілдіру бойынша жұмыс жүргізу – уақыт талабы. «Әлемнің 124 мемлекетінде, соның ішінде елімізде де тұрмыс­тағы зорлық-зомбылыққа қарсы күреске бағытталған заңдар бар. Елбасының өткен жылғы жарлығымен елімізде 2030 жылға де­йінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілді.

Ол отбасын қорғау жүйесінің тиімділігін арттыруға және ондағы зорлық-зомбылыққа қатысты деректерді азайтуға бағытталған» дейді мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова. Айтуынша, «Қазақстан отбасыдағы зорлық-зомбылықсыз» әлеуметтік жобасы аясында жол картасы әзірленген. Ол отбасылық құндылықты дәріптеу мен үйдегі зорлық-зомбылықты азайтуға бағытталған. Бас прокурор мұны жүзеге асыру үшін 53 пункттен тұратын жол картасында нақты шаралар қарастырылғанын мәлімдеді. Жиын барысында Жақып Асанов аталмыш жобаны Оңтүстік Қазақстан облысының екі ауданында іске асыруды ұсынды. Мемлекеттік орган өкілдерінен құрылған топ сол аудандардағы халықпен кездесіп, түсіндіру жұмыстарымен айналыспақшы.

4545

Бес министрлік  жауапты
Бас прокурор Жақып Асанов келтірген деректер негізінде заңнаманы өзгертуге де назар аударды. «Үйдегі зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауға бағытталған «Неке және отбасы» туралы, қылмыстық, әкімшілік кодекстерге және басқа да заңдарға түзетулер дайындалды. Сонымен қатар зорлық-зомбылық субъектілері ретінде прокуратура, әділет, ақпарат, мәдениет және спорт, дін істері министрліктері де айналысуы тиіс. Оларды заңға қосу керек. Өйткені бұлардың әрқайсысы өз бағыты бойынша профилактика жүргізе алады. Сонымен қатар, жылда 5 млрд теңге қажет ететін айықтырғыштан гөрі,психологиялық орталықтар құрған дұрыс.

Мәселен, Молдовада үш жылдан бері агрессорларға арналған орталық жұмыс істейді. Онда бұзақы не өз еркімен немесе сот арқылы емделеді. Бізге де осындай псиxокоррекция­лық қызмет қажет. Оған қаражат жоқ дейміз, алайда түк пайдасы жоқ медициналық айықтырғыштарға жыл сайын 5 млрд теңге бөлінеді. Оның орнына псиxологиялық орталық құрған тиімді» дейді ол. Бұл ұсыныс Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов тарапынан қолдау тапты. «Әрине, бұл ұсынысты толық қолдаймын. Қазіргі кезде медициналық айықтыр­ғышта адамды тек уақытша оқшаулап, токсикологиялық жағдайдан айықтыру жұмысы ғана жүргізіледі. Бұл ретте псиxологиялық көмек те қажет» деді Қалмұхамбет Қасымов. Осы орайда тұрмыс­тық зорлық-зомбылықтың алдын алу тетіктерін жетілдіруге бағытталған заңнамалық ұсыныстар айтылды. Мысалы, ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіруді әкімшілік құқық бұзушылық қатарына қайтару, отбасылық жанжалшыларды ұстау мерзімін арттыру, әкімшілік қамауды 3 сағаттан 24 сағатқа ұзарту ұсынылды.

4565

Айта кетейік, жеті жылдан бері елімізде зомбылықтың алдын алу заңнамасына өзгеріс енгізілмеген. Осыған байланысты арнаулы заң жобасы әзірленіп, Парламентке жіберіледі. Жиын соңында ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова мемлекеттік органдарға тұрмыс­тық зорлық-зомбылықты жою бойынша тапсырма берді.

Жақып АСАНОВ,  ҚР Бас прокуроры: Қиындықтан шығудың  жеті жолы

78

Бірінші. Мектептерге арнайы курс енгізіп, кәсіпке пайдалы пәндерді оқу процесіне қосу керек. Жастарды қарапайым кәсіп түрлеріне үйретіп, қабілетін ашу, масылдық психологиядан арылту басты мақсат болуы тиіс.
Екінші. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айтқан бірнеше қасиетті жастарға сіңіру керек:
– Бәсекеге қабілетті болу; прагматизм; ұлттық сана-сезім; білімді болу; өзгерістерге дайын тұру. Осы идеяның маңыздылығын ескере отырып, мектептерге отбасы, этика және отбасылық өмірдің психологиясы негіздері бойынша пән енгізу керек.
Үшінші. Заңнаманы өзгерту. Үйдегі зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауға бағытталған Неке және отбасы туралы, қылмыстық, әкімшілік кодекстерге және басқа да заңдарға түзетулер дайындалды.
Төртінші. Зорлық-зомбылық субъектілері ретінде прокуратура, әділет, ақпарат, мәдениет және спорт, дін істері министрліктері де айналысуы тиіс. Оларды заңға қосу керек. Өйткені бұлардың әрқайсысы өз бағыты бойынша профилактика жүргізе алады.
Бесінші. Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша жаңа индикаторлар енгізсек. Мемлекеттік орган жұмысының тиімділігін бағалайтын нақты критерийлер жоқ.
Алтыншы. Орталықтандырылған және аймақтық деңгейдегі қаржыландыру мәселесін дұрыс жүйелеу қажет. Оған қоса, отбасымен жұмыс істейтін дербес құрылымдар құрған жөн.
Жетінші. Зорлық-зомбылықтан жапа шеккен жәбірленушілерден гөрі, агрессорлармен жұмысты күшейту қажет. Жылда 5 млрд қажет ететін айықтандырғыштан гөрі, психологиялық орталықтар құрған дұрысырақ.

Лимана ҚҰТТЫБЕК, Дін проблемаларын зерттеу орталығы Деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек беру бөлімінің басшысы: «Тақуадан» таяқ жейтіндер көп

67

Күнделікті жұмыс барысында мұндай оқиғамен бетпе-бет келемін. Мәселен, алдыма келген жас келіншек қайын жұрты жағынан қысымға ұшыраған. Ата-­енесі мен күйеуінен көрген қорлықтан тек өлім арқылы құтыламын деп ойласа керек. «Көрген қорлығымды айтсам кім сенеді? Ата-анам қайтып келгенімді қаламайды. Ешкімге керексізбін» деп өмірден түңілгенде құрсағындағы баласын да ойлауға шамасы келмейді. Енді ойлап қараңыз, өзі аяғы ауыр келіншек басына қиындық түскенде іштегі балаға күресудің орнына қауқары жоқ ананың өлім туралы бағдарламасы ген арқылы берілмей ме?! Демек, бір ғана келіншектің тағдыры ұрпақ тағдырына тікелей әсер етеді.

Тағы бір мысал. Сәл бұрынырақ аялап өсірген қызы Алланың жолында жүріп, намаз оқитын жігітке тұрмысқа шықса, «иманды күйеу жолықты» деп қуанатын ел, қазір қорқатын болды. Сондай адамға ұқсағысы келетіндердің заманы көзден бұлбұл ұшты. Өйткені қоғамда бетпердесін тақуалықпен жамылған осындай азаматтардың кесірінен наным-сенімі шынайы әйелдер құрбан болып жатыр.

Олар «Бұл да бір сынақ», «Жаратушым өзі құтқарады», «Пешенеме жазғаны – осы» деп өздерін жұбатып, зорлыққа мойынсұнады. Психологияда «Қинаушы жендет өз құрбанын алыстан таниды» дейді. Қазіргі тирандар жемтігін иманды жандар арасынан іздейді. Тағы бірін айтайын. Абақтыдан шыққан 40 жастағы азамат еліне келген соң, намазға жығылған. Жұрттың ықыласына бөленіп, өзінен 15 жас кіші қызбен отбасын құрады. Өкінішке қарай, жас келіншек келгеннен таяқтың астында жүріп, бірінен соң бірін 4 баланы дүниеге әкеледі.

Бұл жерде еркектің болмысы – қинау арқылы ләззат алу. Яғни, психологиясы ауытқыған. Енді сұрақ, мұндай адамдар қайдан шығады? Бала күнінде немесе есейген шақта зәбір көріп, зорлыққа ұшыраған жандар уақыт өте келе соны айна-қатесіз қайталайды. Арылу жолдары: психологиялық көмекке жүгіну, психодиспансерлік емделу, өзін-өзі тежеу, тыйылу, көзқарасын өзгерту, қарым-қатынасты түзеу, күнделікті өзін тәрбиелеу, салауатты өмір салтын ұстану, тазалыққа ұмтылу, шынайы имандылыққа бет бұру.

Наурыз айында ғана ашылған тәулік бойы жұмыс істейтін 2288 сенім телефонына 70 әйел хабарласты. Олардың сексен пайызы – тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендер. Оларды тыңдай келе, бәрінің жұбайлары намазхан жігіттер екенін білдік. Біздің мамандар олармен жан-жақты жұмыс істеуде. Кейде қоңырау шалып, үнсіз жылап тұратындар да бар. Тіпті, өзге қалаларда тұратын әйелдердің жағдайына алаңдап, түнгі үштің кезінде полициядан көмек сұраған кездеріміз де болады.

Close