Қоғам

Мектептер жаз бойы балаларға қолжетімді болуы тиіс – БҒМ

«Бүгінгі күні балалардың мектеп жанындағы лагерьлерде болуының ең ұзақ мерзімі – 10 күн, ал балалардың жазғы демалысының уақыты — 90 күн», — деп алаңдушылығын білдірді білім министрі Ерлан Сағадиев бүгін үкімет отырысында. Бұл туралы Elorda.info хабарлады.

Осыған байланысты еліміздің басты білім ведомствосы «Білім туралы» заңға түзетулер дайындауда. Олар балаларды қосымша біліммен қамту үшін орта техникалық және кәсіптік білім ұйымдарының мүліктерін жалға беруден түсетін пайданы аударуға қатысты. Министрдің айтуынша, бұл «балаларды (қосымша біліммен – Авт.) қамтуды ұлғайтудың шұғыл шараларын қолға алу үшін» қажет.
«Балалар каникул кезінде мектеп жанындағы бейінді спорт немесе тіл курстарына баруы үшін алаңдар, тәжірибелі мамандар, студенттер (волонтерлар), бос кабинеттер мен залдар қажет – бұлардың барлығы бізде бар, алайда аталған қызметті қамтамасыз ету үшін нормативтік-құқықтық актілерге өзгертулер енгізу керек», — деп түсіндірді еліміздің бас педагогы. «Яғни мектептердің өзінің мүліктерін қамқорлық кеңесінің бақылауымен жазда балалар демалысын ұйымдастыру мақсатында еркін пайдалануына мүмкіндік беру үшін қайта реттеу қажет», — деп нақтылады ол.
Оның айтуынша, бұл бюджетке түсетін түсімдердің азаюына және шартты түрде шығындарға алып келуі мүмкін. Осыған байланысты аталған мәселені министрлік республикалық бюджеттік комиссияның қарауына ұсынбақ.
Астанада биыл жазда 45 мың оқушыны қамтитын 166 мектеп жанындағы лагерь ұйымдастырылмақ. Былтыр елордадағы 73 мектеп жанынан 30 мамыр мен 8 шілде аралығында 1-4 сыныптың 45 мың оқушысын қамтыған мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс істеді. Түзетулер қабылданатын болса оқушылардың жас шегі жоғарылатылады.


comments powered by HyperComments
Close