Майдангерлерге – 500 мың теңге

Жеңіс күніне орай елордалық майдангерлерге 500 мың теңге қосымша әлеуметтік көмек көрсетіледі. 

Қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында Астана қаласы жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспановтың елордалық 125 Ұлы Отан соғысына қатысушыларға көрсетілетін көмек көлемі туралы ұсынысы мақұлданды. Соғыс ардагерлеріне қаржылай көмек екі жүйе бойынша жүзеге асырылады. Яғни, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеу­меттік қорғау туралы 1995 жылғы 28 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабына сәйкес 350 000 теңге мөлшерінде қосымша әлеуметтік көмек ретінде көрсетіледі. Ал қалған 150 000 теңге Астана қаласы мәслихатының 2014 жылғы 27 маусымдағы № 250/36-V шешімімен бекітілген Астана қаласында әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидасына сәйкес жүргізіледі. Аталған мақсаттарға қала бюджетінен 43 750,0 мың теңге бөлінеді.

545

Сессияда №20 сайлау округі бойынша қалалық мәслихаттың депутатын сайлау қорытындылары тыңдалып, Астана қаласы қалалық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Александр Шефер «Нұр Отан» партиясының мүшесі Қайырлы Таукенге депутат куәлігі мен белгісін табыс етті. 43 жасар Қа­йырлы Таукен «Нұр» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы болып еңбек етеді.

Сессия барысында мемлекеттiк қажеттiлiктер үшiн жер учаскелерiн алып қоюға байланысты жер учаскелерін және өзге де жылжымайтын мүлікті сатып алу жөніндегі шарттардың жобалары келісілді. Депутаттар сессия күн тәртібіне қо­йылған келесі мәселелер бойынша шешім шығарып, Астана қаласының Қоғамдық кеңесінің, Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін инвестициялық субсидиялау мәселелері жөніндегі комиссияның, Астана қаласы әкімдігінің жанындағы Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестің және Астана қаласы мәслихатының аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамын бекітті.  Сессия жұмысына қала әкімінің орынбасары Андрей Лукин қатысты.