Қоғам

ЭНЕРГИЯ ӘЛЕМДІ ӨЗГЕРТЕ АЛАДЫ

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде Германия өз   павильонын «Энергия әлемді өзгерте алады» деген ұранмен таныстырады.

Астанада өткен баспасөз мәс­лихатында Қазақстандағы Герма­ния­ның елшісі Рольф Мафаэль павильонның мазмұны аса қызықты болатынын жеткізді.

– Германия павильоны 1700 шаршы метрді алып жатыр, бұл – қатысушы мемлекеттердің арасында ең үлкен аумақ. Энергия тиімділік, климатты сақтау, қоршаған ортаны қорғау – Германия үшін аса маңызды. Баламалы энергия көздеріне көшу мәселесі әлемдік деңгейде талқыланып жатқанда, біз де өз үлесімізді қосуға ниеттіміз, – деді ол.

Елшінің сөзін неміс павильонын ұйымдастырумен айналысатын компанияның креативті директоры Андреас Хорбельт жалғады.– Германия – Еуропада алғашқы болып жаңғырмалы энергия көздерін тұрақты түрде пайдаланып, әлі де жетілдіріп отырған жалғыз мемлекет. Сөзіме дәлел болсын, үстіміздегі жылдың 30 сәуірінен бастап біздің елдегі электр қуатының 85 пайызы баламалы энергия көздеріне көшті. Бұл – Германия үшін үлкен жетістік, тарихта болмаған оқиға. Біздің түсінігіміздегі болашақ энергиясын «Болашақ қаласы» алаңында тамашалай аласыздар. Жалпы, павильонда бес жаңғырмалы энергия көздері – жел, күн, су, жылы су және биомасса көрініс табады. «Энергия әлемді өзгерте алады» деген сөз тек энергияға қатыс­ты емес. Келешектің өзгеруі әлемде тұрып жатқан миллиардтаған адамның энергиясына байланысты.

656

Павильонға табан тіреген әр адамға «smart-stick» кілті беріледі. Бұл батарея арқылы қатысушылар көрме залындағы барлық интерактивті элементтерді іске қосып, экспонаттарды көре алады. Электронды кілттер қазақша, орысша, ағылшынша және немісше кодталған. Қонақтар баламалы энергия жайлы көптеген мағлұматтарға қанығып, ой-өрісін кеңейтеді, – дейді Андреас Хорбельт.

Павильонда Германия­ның энергия тиімділік картасы сол саладағы ең үздік 35 жобаны ұсынады. Инновациялар адам өмірін жақсарта отырып, қоршаған ортаға келетін зиян мөлшерін неғұрлым азайтуды көздейді. Мәселен, «ақылды үй» технологиясынан бастап BMW маркасындағы электромобиль және мотоциклдың соңғы үлгілеріне дейін құрылыс және транспорт саласындағы жаңалықтар мен өнімдер таныстырылады. Бұл жерде қазба отынды пайдаланбай-ақ пластмасса шығаруды ойлап тапқан өнертапқыштардың еңбегін айрықша атап өту қажет.

565

Көрмеде немістер жаңғырмалы энергия көздерінен қуат алатын электр көліктерді кеңінен насихаттамақ. Оған лимузин, «Е формуласы» жарыс автокөлігі, электр қозғалтқышы бар екі дөңгелекті көлік және заманауи қуаттау жүйелері кіреді.

Әлемдегі алғашқы «ақылды» үй 2014 жылы Гамбург қаласында балдырдан салынды. Жобаға 5 миллион еуро жұмсалды. Қаржы бекер кеткен жоқ: тұрғын үй ауладағы шудан қорғап, жазда көлеңке түсіріп, қыста жылу беріп тұрады. Демек, жергілікті Эльба өзенінен алынған балдырлар тек қорған емес, жылу жүйесінің радиаторы ретінде пайдаланылады. Ұйымдас­тырушылар көрмеге келген әр қонаққа бұл үйдің қалай жұмыс істеп тұрғанын бүге-шігесіне дейін әңгімелейді.
Павильондағы ең қызықты сәттердің бірі деп «Энергетикалық шоу­ды» айтуға болады. Лазерлік шоуға қонақтардың барлығын қатыстыру жоспарланып отыр. Павильонды аралаған әр адам ортадағы дөңгелек үстелге кілтті қойса, одан жиналған энергия лазерлік шоу­ға ұласпақ.

456

Көрме аймағынан бөлек, немістер кәдесый сататын дүкенді, ұлттық тағамдар мен сусындарды ұсынатын мейрамхананы және VIP аймақты ашуды ойластыруда.
Неміс павильоны бір сағатта 400-ге дейін қонақты қабылдау­ға қауқарлы. Аумақта 80 адам жұмыс істейтін болады, қыз­меткерлердің 75 пайызы қазақ­стандықтар болса, қалғаны Германиядан келеді деп күтілуде.

Close