Елордалық мұқтаж жандар нанды тегін ала алады

«Зекет» қоры Астанадағы мұқтаж отбасылары үшін «Жақсылық жаса» және «Қайырымды нан» қайырымдылық акцияларын өткізеді, деп хабарлайды Elorda.info.

22 мамырда сағат 11:00-де акция аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға он мүгедектер арбасы тапсырылады. «Қайырымды нан» акциясы бойынша күн сайын тегін нан таратылады, деп хабарлады қор өкілдері.

«Алғаш болып Абай даңғылы, 9А мекен жайында орналасқан «Слобода» дүкенінің үн қатқанын хабарлағымыз келеді. Біз дүкендердің ауқымын кеңейтіп жатырмыз, аталған акция сондай-ақ 1 маусым күні Ғабдуллин көшесінде орналасқан «Тәтті» дүкенінде де бастау алады», — делінген қордың таратқан баспасөз хабарламасында.

«Қайырымды нан» қайырымдылық акциясы зейнеткерлерді, ардагерлерді, мүгедектер мен аса мұқтаждарды, сонымен қатар, қиын жағдайда қалып отырған, табысы мардымсыз және күн сайын нан астып алуға шамасы жетпейтін адамдарды қолдау мақсатында ұйымдастырылған.