Елордадағы барлық ғимараттарға жеке QR-код берілді

Бұл жаңалық бүгінде қажетті үйді іздеп көшеде адасып жүрген шұғыл қызметтер, таксистер, курьерлер мен пошташылардың жұмысын айтарлықтай жеңілдететін болады, деп хабарлайды Elorda.info.

Астанада бұрынғы ақпараттық аншлагтарды QR-кодтары мен әріп-цифрлы пошта индекстері бар жаңаларына ауыстыру жұмыстары басталды.

Аншлагтар біртіндеп ауыстырылатын болады. Әуелі жаңаланған тақтайшалар негізгі көшелерде орналасқан ғимараттарға ілінеді, уақыт өте елорданың бүкіл аумағы қамтылатын болады, деп хабарлады бейсенбі күні «Вечерняя Астана» газеті.

Көрсеткіштер пошта индексінің жаңа жүйесінің енгізілуіне байланысты ауыстырылуда. Ол бойынша пошта индексі енді әр ғимаратқа жеке беріледі.

«Еліміздің көптеген қалаларында қаланың әр тұсында орналасқан көшелердің бірдей аталуы, көшелердің атауын өзгерту мен үйлерді жөнсіз нөмірлеу секілді мәселелер бар екені жасырын емес. Бұл өз кезегінде шұғыл қызмет, таксистер, курьерлер мен пошташылардың жұмысын қиындатады», — деп мәлімдеді басылымға «Қазпошта» АҚ.

Бұдан былай әр ғимаратқа жеке QR-код берілуіне байланысты, тіпті көшелердің атауы мен үйлердің нөмірі өзгеріп жатса да индекс өзгеріссіз қалады.

Жаңа әріп-цифрлы пошта индексі жеті символдан тұрады. Біріншісі облысты, келесі екеуі – қала/облыс ауданын, қалған төрт символ – ғимараттың өзін білдіреді.

Қазіргі сәтте Астанадағы әрбір ғимаратқа жаңа пошта индексі берілген. Оны post.kz/postcode сайтынан білуге болады.