Чернобыль құрбандары ұмытылмайды

Кеше Астана қаласындағы Чернобыль апаты құрбандарына арналған ескерткіш жанында естелік митинг ұйымдастырылып, гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Осыдан 31 жыл бұрын, яғни 1986 жылдың 26 сәуір күні Украинадағы Чернобыль атом электр стансасында алапат жарылыс болып, бұл оқиға ғасыр­дың техногендік апаты ретінде бағаланды. Осы апаттың салдарын жоюға сол кездегі Кеңес одағының барлық республикаларынан әскери міндетті және ерікті азаматтар жіберілген болатын. Өмірге қауіпті міндетті атқаруға Қазақстаннан да мыңдаған адам қатысты. Радиация салдарынан денсаулығынан айрылған көптеген азаматтар дүниеден озды.

Кеше Астанада өткен митингте сол қаралы оқиғаның мән-мазмұны мен мәліметі айтылып, апат құрбандары бір минуттық үнсіздікпен еске алынды. Чернобыль апатын жоюға қатысушылар отбасыларымен, әскерилер, қоғамдық ұйым өкілдері құрбандарға тағзым етті.

555555

Жиналған қауым алдында Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Қаналимов, мәслихат депутаты Зейнолла Шибкенов, Украина істерінің Қазақстан Республикасындағы уақытша сенімді өкілі Володымыр Джиджоре, Беларусь Республикасының Қазақстандағы елшілігінің кеңесші-елшісі Дмитрий Зорин, Қазақстан Республикасындағы Жапония елшілігінің қауіпсіздік жөніндегі офицері Кориочи мырза сөз сөйлеп, Чернобыль апатының қасіреті жөнінде ойларын ортаға салды. Чернобыль апатына қатысушы, қоғам қайраткері, жазушы Марат Жүнісбеков өзімен тағдырлас азаматтардың бүгінгі әлеуметтік өмірі жайында зерделеп баяндап берді.

– Бүгінгі таңда Астана қаласында 600-ден аса Чернобыль апатына қатысушылар тұрады. Қоғамдық ұйым аясында түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Астана қаласы әкімдігі қолдау білдіреді. Біздің азаматтар госпитальда ем алады, шипажайға барады. Қоғамдық көлікте тегін жүреді. Мемлекеттен пәтер беріледі. Түптеп айтқанда, апатты жоюға қатысып, денсаулықтары сыр берген чернобылдықтар үшін жағдай жасалып жатыр, – дейді Астана қаласының «Чернобыль апатын жоюға қатысушылар одағы» қоғамдық ұйымының төрағасы Қуандық Омарбаев.

Ғалым