Баспалдаққа шыға алмай мүгедек тұр

Астана қалалық мәслихатының Әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында мүмкіндігі шектеулі адамдардың әлеуметтік нысандар мен көлік инфрақұрылымына қолжетімділігі қаралды. Аталмыш мәселе туралы қалалық Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Нұрғожина баяндама жасады, деп хабарлайды «Астана Ақшамы» газеті.

Оның айтуынша, 2012-2016 жылдар аралығында елордада 365 нысанға паспорт берілді. Ал өткен жылы әлеуметтік нысандар және көлік инфрақұрылымы мүмкіндігі шектеулі жандарға 55,9 пайызға қолжетімді болды.

Биылғы ақпан айында Астана әкімдігі қалалық прокуратурамен бірігіп, мүгедектерге әлеуметтік нысандар мен көлік инфрақұрылымының қолжетімділігіне қатысты жол картасын әзірледі. Бұған қала басқармалары жауапты болып тағайындалды. Яғни, дене шынықтыру және спорт басқармасы спорттық нысандарға, мәдениет, мұрағат және құжаттамалар басқармасы өздеріне қарасты 20 мәдени ошаққа, денсаулық сақтау басқармасы 43 емдеу нысанына, Білім басқармасы 197 білім беру мекемесіне мүгедектердің кедергісіз кіруіне жауап береді.

Жалпы алғанда Астанада паспорттауға жататын нысандардың саны – 1106. Биыл олардың 705-сі паспортталуы тиіс. Алайда 774 нысанды мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімдеу қажет. Соның ішінде биыл жергілікті бюджеттен мәдени ошақтарды бейімдеуге 33,5 млн теңге бөлінді. Спорт нысандарына, білім беру нысандарына да тиісті қаржы бөлінген.

«Дене шынықтыру және спорт басқармасының жұмысын атап өтуге тиістіміз. Олар ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін барлық спорттық нысандарын бейімдейміз деп уәде беріп отыр» дейді Сәуле Нұрғожина.

Оның айтуынша, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы көлік инфрақұрылымын да бейімдеуге шара қолданып отыр. Мәселен, 1020 автобустың 609-ы арбамен жүретін мүгедектер кедергісіз мініп түсу үшін құралмен жабдықталды.

Жалпы биыл әлеуметтік нысандардың мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділігін 70 пайыз­ға жеткізу жоспарлануда. Сол мақсатта өткен сәуір айында «Rixos President Astana» қонақ үйі мен «Жұмбақтас» қонақ үй кешенінде сәйкес жұмыстар жүргізілді. Алда «Гиппократ» дәріханалар жүйе­сі мен «Пиала» дәмханасы, «Думан» ойын-сауық орталығы және т.б. нысандар мүгедектерге бейімделмек.

Алайда «ЭКСПО-2017» нысандары мүмкіндігі шектеулі жандарға жартылай ғана қолжетімді болып отыр.

Бұдан кейін баяндама жасаған Астана қаласы бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті басшысының міндетін атқарушы Орал Мұқияев мемлекеттік бақылаудың қорытындысында былтыр нысандарға кедергісіз кіріп-шығуға қатысты 16 тексеру соның ішінде 8 кезектен тыс тексеру жүргізіліп, нысан иелеріне 1,3 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынғанын жеткізді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ