Астанадағы мектепке дейінгі жастағы балалар саны үш жылда үш есе өсті

Астана әкімдігі 2020 жылға қарай өсім мен миграцияны ескере отырып мектепке дейінгі біліммен  барлық баланы қамтуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Elorda.info.

«Елорданың қарқынды дамуы өзге өңірлерден жыл сайын адамдарды тартуда. Бүгінде Астана үшін бұл ең өзекті мәселелердің бірі. Мәселен, соңғы үш жылда мектепке дейінгі жастағы балалардың саны 32% артты», — деді Әсет Исекешев мемлекет Басшысының қатысуымен өткен ЭКСПО көрмесіне әзірлік мәселелері мен елорданың дамуы жөніндегі кеңесте.

Елорда әкімінің айтуынша, қазір мектепке дейінгі мекемелер кезегінде 33 240 бала тұр.

Осыған байланысты қала билігі балаларды мектепке дейінгі біліммен толығымен қамтитын бірқатар шараны қолға алды.

2016 жылы 71 мектепке дейінгі білім беру нысаны пайдалануға берілді, оның ішінде 44 жекеменшік балабақша бар. Қазір қалада 262 мектепке дейінгі ұйым бар, оның 116-сы жекеменшік , 97-сі мемлекеттік балабақша және 49-ы шағын орталық.

2016 жылы жекеменшік балабақша саны мемлекеттік балабақша санынан тұңғыш рет асып түсті.

«Келешекте жеке кәсіпкерлермен бірлесіп МЖӘ шеңберінде тағы 138 жаңа балабақша ашылады. Бұл 2020 жылға қарай өсім мен миграцияны қоса ескергеннің өзінде барлық баланы қамтуға мүмкіндік береді», — деді бұл орайда Ә.Исекешев.

Орта мектеп оқушылары құрамы 2016 жылдың өзінде 13,5 мың адамға көбейді, 5 мың бала еліміздің өзге өңірлерінен келді.