Астанада қоғамдық Wi-Fi бар 18 орын ашылады

Елорда басшылығы EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында энергияның баламалы көздерін дамыту бойынша жобаны жүзеге асыруда. Елордада Wi-Fi желісін тарататын 18 орын ашу жоспарланып отыр. Бұл нысандар баламалы энергия қуатын пайдалану арқылы жұмыс істейтін болады. Сондай нысанның бірі – күннің көзі мен желдің қуатын пайдалану арқылы жүмыс істейтін киіз үй бөлігі сипатындағы қондырғы.

«Бұл жерде меймандар тек демалып қана қоймай, ұялы телефоннан бастап басқа да гаджеттерін қуаттай алады. Аталған қондырғы Қазақстанда жасалған  – біздің қанатқақты жобамыз. Оны тек жаздың кезінде ғана емес, қыста да, яғни жылдың әр мезгілінде пайланауға болады. Егер елорда халқының көңілінен шығып жатса, қондырғылар қаланың басқа да аудандарында пайда болады», — деді Астана қаласы Энергетика басқармасының өкілі Рустам Қадыров елорда әкімдігінің медиа орталығының тілшілеріне.

Оның айтуынша, қондырғы бейнебақылаумен қамтылған.

«Аталған орында бейнебақылау камерасы бар. Ондағы барлық жазба Оқушылар сарайының диспетчерлік тетігіне жіберіледі. Астана тұрғындары аталған қондырғыға ұқыптылықпен қарайды деп үміттенеміз. Себебі, бұл жаңашылдық қала тұрғындары мен қонақтарына барынша жайлы болуы үшін жасалып жатыр», — деді Р.Қадыров.