Астана билігі қалалықтарды қалааралық бағытта жүретін заңсыз жүргізушілердің қызметінен бас тартуға шақыруда

Елорда әкімдігі тиісті рұқсаты жоқ тасымалдаушыларға қарсы күресті күшейтті, деп хабарлайды Elorda.info.
Қазір Астанада заңсыз тасымалдаушылардың көлік құралдарының денінің техникалық жай-күйі нашар, олардың басым бөлігі тоқсаныншы жылдардан бері пайдаланылып келеді, деп хабарлайды жолаушылар көлігі басқармасы.
«Тексеру кезінде тасымалдаушылардың көлік құралдарының техникалық байқауы мен тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру келісім-шарттарының, сондай-ақ, қажетті рұқсат беру құжаттарының жоқ екендігі анықталды.Қолданыстағы заң талаптарына сәйкес, әр жүргізуші сапарға шығар алдында дәрігерлік куәландырудан өтуі тиіс, бұл да көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі шараларының бірі», — делінген хабарламада.
Автокөлік құралымен жолаушыларды және жүкті тасымалдауға жолаушылар көлігі басқармасымен жолаушылар мен жүк тасымалдау қызметін ұсыну жөніндегі ресми келісім-шарт бекіткен жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға рұқсат етілетіні белгілі.
«Заңсыз тасымалдаушы заң нормаларын бұзады, Астана қаласы әкімдігінің келісім-шартынсыз жұмыс істейді, жолаушылар ағыны көп бағыттарды таңдай отырып салық заңының талаптарына сай салық төлемейді», — деп атап көсетіледі хабарламада.
Осыған байланысты Астананың жолаушылар көлігі басқармасы елорда тұрғындары мен қонақтарына қалааралық жолаушы тасымалымен айналысатын заңсыз тасымалдаушылар жүргізушілерінің қызметін пайдаланудың қауіпті екендігін ескертеді.
«Қауіп пен орны толмас жағдайлардан аулақ болу үшін халықтың тұрақты тасымалдаушының қызметін пайдалануын және сапарға билет сатып алып «Сапаржай» автовокзалы арқылы шығуды өтініп сұраймыз», — деп түйіндейді басқарма.