Қоғам

Астана әкімі жастарды Қазақстанды жаңғырту реформасын іске асыруға белсене араласуға шақырды

«Астана жалыны-2017» шығармашылық фестивалі жеңімпаздарын марапаттау рәсімі кезінде Әсет Исекешев елорда жастарын ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды жүйелі жаңғырту жөніндегі жоспарын жүзеге асыруға қызу араласуға шақырды, деп хабарлайды Elorda.info.

«Елімізде Елбасы тапсырмасымен Қазақстанды жаңғыртудың үшінші кезеңі басталуда. Қазір ұлттық комиссия мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Туған ел», «Туған жер», «Қазақстандағы жүз жаңа есім» секілді басқа да көптеген жобалар бойынша жұмысқа кірісті. Қала деңгейінде жұмысшы топтары жұмыс істейтін болады. Жастарды осы іске қызу кірісуге шақырамыз. Осы жұмыстар аясында бірнеше шағын жобаларды да бастауға болады», — деді Ә.Исекешев.

Бұл орайда Ә.Исекешев жиналған студенттерді президент бастамасын қолдау жөніндегі «Астана – мейірімді және жайдары тұрғындар қаласы» атты жобамен таныстырды.

«Ақжарқын Астана» («Smile Astana») жобасын қолға алып, елорда тұрғындарына арналған ережелер жинағын жасайық. Қоғамдық орындарда, көлікте және көшеде әдепті болып, қарттарға, аяғы ауыр әйелдерге көмектесіп, кезексіз өткізейік, күлімдеп жүрейік, позитивті болайық. Осынау қарапайым нәрселерден бастайық!» — деді Ә.Исекешев.

«Smile Astana» жобасы, деді ол, — Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізді жаңғырту реформасы аясында елордамызда іске асырылып жатқан бес жобаның бірі және жас ұрпақ тарапынан қолдауды қажет етеді.

Алғашқы жоба «Астана – мәдениеті жоғары қала» деп аталады.

«Бізге мейрамханаларда, қонақүйлерде, қоғамдық көлікте, мәдени орындарда өзімізді ұстау мәдениетіміз бойынша жұмыс істеу керек. Сіздермен бірге Астананы мәдени орталықтардың біріне айналдыруымыз керек», — деді Әсет Исекешев осыған байланысты.

Әкімдіктің президенттік реформалар аясындағы тағы бір жобасы – «Астана – таза қала».

«Біз қоқыстарға соғыс жариялауымыз керек. Жастар осы ұстанымды берік ұстануы тиіс. Әрбір тұрғын, әрбір студент, әрбір дүкен өзінен бастауы қажет», — деді ол.

Тағы бір жоба – «Астана – салауатты тұрғындар мекені» – дене шынықтыру мен спортты дәріптеуге бағытталған.

«Барлық астаналықтарды спортпен шұғылдануға, жағымсыз әдеттерден арылуға шақыруымыз керек. Жуырда Республика даңғылынан жүріп өттім. Бір түнгі клубтың орнында фитнес-орталық ашылыпты. Мен бұған қатты қуандым», — деді әкім.

«Ақылды технологияларды» пайдалану – елорда әкімдігінің тағы бір басым бағыты.

«Біз алты бағыты және 20 жобасы бар бағдарлама әзірледік. Олар Астананы біздің аймақтағы ең алғашқы «ақылды» қалалардың біріне айналдыруы тиіс. Жастар ұйымдарының, стартаптардың осыған белсене қатысқанын қалаймыз. 3 млн теңге грант пен 50 млн теңгеге дейін несиелер берілетін бағдарламалар дайындалды. «Электронды ПИК» жобасына 15 стартап-компанияның қатысқанына қуаныштымыз. Бұл жоба осы саладағы мәселелерді шешетін болады. Аталған жоба бойынша дәл осы жас кәсіпкерлер жұмыс істей бастады», — деп атап өтті Исекешев.

Сонымен бірге, елорда әкімдігі «Белсенді тұрғын» қосымшасын іске қосады. Ол арқылы кез-келген адам Астананың тіршілігін жақсартуға қатысты өзінің бастамаларымен бөлісе алады.

«Егер сіздер – ең белсенді 250 мың жас қала тұрғындары осы бес жобаны іске асыратын болсаңыздар, ол қаламызды ең үздік шаһар ететін әлеуетті жастар қозғалысына айналады», — деп атап өтті Әсет Исекешев.


comments powered by HyperComments
Close