ЖаңалықтарСаясатЭкономика

«Франция–Қазақстан» сауда-өнеркәсіптік палатасының «ЭКСПО-2017 – Қазақстан туризмі дамуының жаңа қарқыны» тақырыбындағы дөңгелек үстелі өтті

Астанада «Франция–Қазақстан» сауда-өнеркәсіптік палатасының ай сайынғы отырысы аясында «ЭКСПО-2017 – Қазақстан туризмі дамуының жаңа қарқыны» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрменің нәтижесі, «Болашақтың энергиясы», туризмді дамыту тұрғысындағы жасалып жатқан жұмыстар сөз болды, деп хабарлайды Елорда инфо тілшісі.

Жиынға Францияның Қазақстандағы елшісі Филипп Мартине, «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі Францияның бас комиссары Паскаль Лоро, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Майнура Мурзамадиева, «Қазақ туризм» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев және бірқатар француз компанияларының өкілдері қатысты.

Еліміздің экономикасын көтеруде, сол сияқты, француздық компаниялардан инвестиция тартуда 40-тан аса компанияны біріктіріп отырған «Франция–Қазақстан» сауда-өнеркәсіптік палатасының үлесі зор. Қазақстандағы үшінші шетелдік инвестор, Қазақстанның алтыншы клиенті және жетінші өнім берушісі болып табылатын Францияның бизнесмендері өз капиталдарын инфрақұрылым, телекоммуникация, құрылыс материалдарын өндіру мен жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, металлургия салаларына құятынын айта кету керек.

– Франция – Қазақстанмен стратегиялық әріптестік орнату жөніндегі келісімге қол қойған Еуропалық одақ құрамындағы елдердің ішіндегі алғашқы мемлекет. «ЭКСПО-2017» көрмесіне Францияның белсенді қатысуы екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа дәуірінің бастамасы деп ойлаймын. Қазір Қазақстанда туристік сектор әлеуетін арттыруды жүзеге асырудың маңыздылығы жоғары. Бұл тұрғыда Қазақ елінің мүмкіндігі мол. Осы елде өткізіліп жатқан ауқымды шаралардың арқасында әлем елдері халқының Қазақстанға келуге деген қызығушылықтары одан әрі арта түседі деп ойлаймын, – дейді «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі Францияның бас комиссары Паскаль Лоро.

Өз кезегінде, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев «ЭКСПО-2017» көрмесі елорданың дамуы жолындағы тарихи кезең екенін атап өтті.

– Бүгінде Астана халықаралық ауқымды шараларды өткізетін орталыққа айналып отыр. Биыл еуразиялық кеңістікте тұңғыш рет бірегей оқиға орын алды. Ол – маусым-қыркүйек айларында өткен «ЭКСПО-2017» көрмесі. Бұл – елорда туристік кластерінің дамуына сүбелі үлес қосқан қала тарихындағы ең ауқымды шара. 96 күн ішінде 115 ел мен 18 халықаралық ұйымдар өздерінің сан саладағы технологиялық жетістіктері мен инновациялық жобаларын қазақстандықтар мен әлем елдерінен келген туристердің назарына ұсынды, – деді Ермек Аманшаев. – Биылғы жазда Астанаға 5 миллион шетелдік мейман ат ізін салса, оның 2,5 миллионы – ЭКСПО көрмесін тамашалау үшін арнайы келгендер. Айта кету керек, ЭКСПО-ның ашылуына дейін заманауи технологиялармен жабдықталған «Нұрлы жол» вокзалы салынды. Сонымен қатар, әуежайда халықаралық рейстерге арналған жаңа терминал ашылды.

Сондай-ақ, өз сөзінде туроператорлардың қызметі өткен жылмен салыстырғанда 78 пайызға өсіп, қонақүйлері меймандарының 3 есеге артқанын атап өткен қала басшысының орынбасары елордадағы мейрамханалар мен қонақүйлерінен түсетін салық төлемі де былтырғымен салыстырған 3 есеге көбейгенін жеткізді. Сонымен қатар, ол ЭКСПО көрмесі кезінде 500-ден аса шаралардың ұйымдастырылғанын да тілге тиек етті.

– Қазіргі уақытта шетелдік кеңесшілермен бірлесе отырып, Астана қаласының 2020 жылға дейінгі туризмді дамыту стратегиясы жасалды. Бұл стратегия елорданың туризм саласын жаңа деңгейге көтереді деп үміттенеміз. Қазіргі уақытта Астананың инфрақұрылымы туристерді қабылдауға және барлық деңгейдегі шараларды өткізуге әбден дайын. Алайда біз бір орында тоқтап қалмай, әрі қарай да алға ұмтылатын боламыз. Бүгінгі шара да екіжақты тәжірибе алмасып, Қазақстан мен Франция арасының нығая түсуіне зор септігін тигізеді деп ойлаймын, – деді Е.Аманшаев сөз соңында.

Ал «Қазақ туризм» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев «ЭКСПО-2017» көрмесінің арқасында Астанаға алыс-жақыннан толассыз келіп жатқан туристердің осы қарқынын бәсеңдетіп алмау керектігін атап өтті.

– Қазақстанның әлем алдындағы танымалдылығының арта түскенін ЭКСПО көрмесінің басты нәтижесі деуге болады. Осынау ауқымды шараның арқасында шетелдік туристер Қазақстанның географиясымен танысып, мұнда келушілер саны бұрынғымен салыстырғанда күрт көбейді. Енді алдағы уақытта да осы қарқыннан қол үзіп қалмауымыз қажет, – деді Т.Дүйсенғалиев.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ


comments powered by HyperComments
Close