ЖаңалықтарСпорт

Еліміздің жас каратэшілері әлем чемпионатында екі алтын жеңіп алды

Каратэ-до спорты бойынша Қазақстанның ұлттық құрама командасы Испанияда жастар арасында өткен әлем чемпионатына қатысты. Нәтижесінде, спортшыларымыз екі алтын және бір қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Елорда инфо Қазақстанның каратэ-до баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Каратэ-до баспасөз қызметінің мәліметінше, турнир 25 — 29 қазан күндері аралығында өткен. Оған әлемнің 110-нан астам елінен 1700 спортшы қатысқан. Спорттық додада екі қазақстандық спортшы өзінің артықшылығын көрсетіп отыр. Атап айтар болсақ, алғашқы алтынды Байтөреев Еркінбек жеңіп алып, ұлттық құраманың намысын көтеріп тастады. Ол 61 келі салмақ дәрежесінде 16-17 жастағы жасөспірімдер арасында сайысқа түсіп, Болгария, Чехия, Польша, Испания және Жапония сынды елдердің спортшыларын тізе бүктіріп, соңғы сәтте Әзербайжан спортшысын жеңді.

Ал қазақстандық София Берультцева да жақсы өнер көрсетіп, тұғырдың ең жоғары сатысына көтеріліп, Испанияда еліміздің әнұраны екінші рет естілді. Ол да Македония, Хорватия және Египет спортшыларын артта қалдырды. Соңғы финалда каратэ ұлттық мектебінің түлегі немістің спортшысы Шройтер Маделяйнемен кездесіп, одан екі ұпай артық жинап, жеңіске жетті.

Ал ұлттық құраманың қоржынына түскен үшінші жүлде — қола медаль кіші категорияда сайысқа түскен отандық каратист Тынысбек Нұртілестің еншісіне тиді.

«Осылайша әлемдік додада Қазақстан құрамасы 8-ші орынға ие болды. Бұл нәтижелер ұлттық құраманың жаттықтырушылар құрамының жақсы нәтижелі жұмыстары негізінде және каратэ федерациясының президенті Евгений Пак мырзаның тікелей белсенділігі мен қолдауының арқасында қол жеткізді», деп хабарлайды Қазақстанның каратэ-до баспасөз қызметі.
Испаниядағы әлем чемпионатынан кейін, желтоқсан айында Қазақстан  құрамасы «A» сериясындағы турниерге Италияға барады.

Ең маңыздысы бұл жетістік Қазақстан жастары үшін келер жылы Аргентина астанасы Буэнос-Айресте өтетін Жастар Олимпиадасы ойындарына қатысу мүмкіндігіне жол ашып отыр.

Естеріңізге сала кетейік,  2016 жылы 3 тамызда Рио-де-Жанейродағы  Олимпиада комитетінің отырысында «каратэ-до WKF» Токио Олимпиадасы 2020-ға ұсынылған олимпиадалық спорт түрлерінің тізіміне енгізілген болатын.

Қазақстанның каратэ-до федерациясы 1991 жылы құрылды. Аймақтық федерациялар Қазақстанның барлық өңірлерінде және ірі қалаларында орналасқан. Қазіргі кезде 20 мыңға жуық адам спорттық каратэмен айналысады.


comments powered by HyperComments
Close