ЖаңалықтарЭкономика

Экспоның өтуі қала қазынасына өз үлесін қосты

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Бурабайда еліміздегі даму бағдарламаларының іске асырылуы және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткені белгілі. Келелі кеңесте Елбасы елордадағы көлік жүктемесінің мәселелеріне, балабақша мен мектептерде орындардың жетіспеушілігіне назар аударған болатын.

Осы мәселелерді шешу мақсатында елордада Астана қаласының 2017 жылға арналған бюджетін нақтылау мәселесі бойынша кезектен тыс мәслихат сессиясы өтті. Сессиядан кейін Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерғали Егембердімен аз-кем әңгімелесіп, салада атқарылатын жұмыстардың жай-жапсарын білген едік.

Басқарма басшысының айтуынша, жыл басынан бюджетке түскен түсім өткен жылмен салыстырғанда 10,7 пайызға ұлғайып 158,1 млрд. теңгені құрды. Кірістердің өсуінің есебімен, жергілікті бюджеттің жалпы болжамды көлемі 2017 жылға 25,3 млрд.теңгеге өсуімен 237,9 млрд.теңге сомасында бекітілді, осы қаражаттың есебімен шығыс­тардың барлық баптары бойынша қаржыландыру қамтамасыз етіліп, бірқатар басымды бастамалар іске асырылады.
– Бурабайда өткен жиында Елбасы Астана қаласындағы екі бірдей күрделі мәселені көтерген болатын. Ол, өздеріңізге белгілі, балабақша мен мектеп мәселесі. Осыған орай, қала әкімі Әсет Өрентайұлы басқарма басшыларының басын қосып, бірігіп жұмыс жасады.

Соның нәтижесінде кірісіміз ұлғайтылып, аталған қаржы қазіргі таңда қаламызға керекті деген шығыстарға жұмсалып отыр. Себебі болашағы­мыздың жарқын болмағы жастардың білімді әрі тәрбиелі болып өсуіне байланыс­ты. Сондықтан да әкімдік Білім басқармасына қосымша 68 млн теңге қарастырып отыр. Мәселен, әкімдік 12 мектепті жобалап, 5 мектептің жанынан қосымша нысан салуды жобалау үшін 42 млн теңге қарас­тырды. Бұдан бөлек, мұғалімдерге жалақы ретінде 400 млн теңге және жаңа арнайы түзету мектеп-интернатын ашу үшін 49 млн жұмсалады, – деді ол.

Басқарма басшысы білім саласына ғана емес, сонымен қатар, денсаулық пен мәдениет саласына да ерекше назар аударылып отырғанын айтты. Мысалы, Денсаулық сақтау басқармасына қосымша 293 млн теңге бөлініп отыр.

– Аталған қаржының 275 млн теңгесі «Жаңадан iске қосылатын денсаулық сақтау объектiлерiн күтіп ұстау» бағдарламасы бо­йынша жұмсалады. Бұдан бөлек, «Ана мен баланы қорғау бойынша қызмет көрсету» бағдарламасы бойынша 18 млн теңге қарастырылды. Сондай-ақ, үш ауданның тазалығын қамтамасыз ету мақсатында – 600 млн теңге, ал Мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасына қосымша 300 млн теңге бөлінді. Бұл бас қаламыздың саяси ғана емес, сонымен қатар, рухани орталық болуына ықпал етеді деп есептейміз, – деді Ерғали Егемберді.

Иә, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі елорданың экономикалық-әлеуметтік дамуына айрықша ықпал етіп отыр. Мәселен, өнеркәсіп кәсіпорындары 4,2 пайызға өсіп, 290 млрд теңгенің өнімін өндірген. Сондай-ақ, қала экономикасы өткен жылдың осы кезеңімен салыс­тырғанда 7,3 пайызға ұлғайған. Нақтырақ айтсақ, 442 млрд теңге мөлшерінде инвестиция тартылды. Бұдан бөлек, басқарма басшысы шағын және орта бизнес саласында қарқынды өсім байқалғанын тілге тиек етті. Мысалы, аталған салада әрекет етуші субъектілердің саны 7 пайызға ұлғайып, осының арқасында шамамен 300 мың адам жұмыспен қамтылған.

Серік ЖОЛДАСБАЙ


comments powered by HyperComments
Close