Экономика

СЕНIМ СЕРПIНI

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына арнаған «Әлеуметтiк-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты биылғы Жолдауы қоғамының бар саласына серпiн берiп отыр. Астанада Елбасы Жолдауының басым бағыттарын түсiндiру мақсатындағы ақпараттық үгiт-насихат тобының жұмысы басталды. Топтың халықпен алғашқы кездесуi кеше «Қазақстан» Орталық концерт залында өттi. Насихатшылар тобын Қаржы министрi Болат Жәмiшев бастап келдi. Барлығы 10 бағыттан тұратын даму жоспарын жиналғандар жан-жақты талқылады. Елордада екi күн бойы осындай он тоғыз жиын өткiзiлмек.

Жолдаудың алғашқы бағыты бойынша «Жұмыспен қамту–2020» бағдарламасын iске асыруға 2011 жылы 37 млн 399 мыңдай қаржы жұмсалған едi. Алдағы атқарылар шаруаларға биыл 62,3 млрд теңге бөлiнiптi. Жұмысқа орналасуға, қосымша бiлiм алуға қажеттi құжаттардың тiзбесi қысқартылатын болады.
Елбасы Үкiметке ағымдағы жылдың 1 шiлдесiне дейiн жаңа «Қолжетiмдi баспана – 2020» бағдарламасын әзiрлеп, қабылдауды тапсырғаны белгiлi. Министрдiң айтуынша, бүгiнгi таңда қаржыландыру және құрылыс көлемi жайындағы мәселелердi әкiмдiктер пысықтауда. Ұзақ және қысқа мерзiмдi жалға беру арқылы жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ететiн бағдарламаның сұлбасы жасалып жатыр.
Жолдау жүктеген мiндетке сәйкес алғашқы жартыжылдықтың аяғына дейiн бiр салалы қалаларды дамыту туралы арнайы бағдарлама қабылданады.
Болат Жәмiшовтiң айтуынша, 2012 жылы Астана, Алматы, Ақтау және Қарағанды қалаларында мамандандырылған ХҚКО-ларды құруға 900 млн теңге қарастырылыпты. Астанада мамандандырылған ХҚКО 2012 жылдың екiншi тоқсанында ашылады. Онда жүргiзушiлер куәлiгiн беру, көлiктi тiркеу секiлдi бiрнеше қызмет түрлерi көрсетiледi.
Жолдаудағы құқық қорғау органдарының қызметiн және Қазақстанның сот жүйесiн дамыту тапсырмасына сәйкес құқық қорғау органдарындағы арнайы шен мен погон тағуды талап етпейтiн лауазымдағы бiрқатар қызметкерлердiң аттестациясы қайтарылып алынуы мүмкiн.
Бiлiм және ғылым саласындағы бақылау комитетi төрағасының орынбасары Ләззат Бөлебаева халықаралық стандарттан негiзiнде заманауи әдiстер мен технологияларды оқу процесiне енгiзу, педагоги-калық құрамның сапасын көтеру, жастар үшiн бiлiм берудiң қолжетiмдiлiгiн кеңейту мақсатындағы жұмыстар қолға алынып жатқанын жеткiздi.
Әдеттегiдей халық тарапынан да талай сауал қойылды.
«Шағын кәсiпкерлiктi дамыту мақсатында несие алу үшiн кепiлдеме қою мiндеттi ме?». Бұл – көптiң көкейiндегi сауал. Қаржы министрi кепiлдеме қоюдың мiндеттi екенiн айтты.
«Тек медицина мен бiлiм саласы мамандарына арнайы мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасын жасап шықса қалай болады?» Жиынға қатысушылардың бiрi осындай ұсыныс айтты. Министрдiң жауабы қысқа болды: «Заң алдында Қазақстанның бар азаматы бiрдей. Демек, тұрғын үйге қатысты бағдарлама да ортақ. Заңға бағыну керек. Ешкiм заң шеңберiнен шығып әрекет ете алмайды».
Техникалық және қызмет көрсету кадрларын даярлау, кәсiптiк бiлiмдi дамыту мақсатындағы Қазақстан-Норвег жобасы аясында бiлiм алғандар арасында жұмыссыздық қамытын кигендерi де бар көрiнедi. Мәселенi Бiлiм Министрлiгi қарауға алатын болды.
Әлеуметтiң осы тәрiздi сан сауалына ақпараттық топ тарапынан толықтай жауап берiлдi.
Елордада екi күн бойы осындай он тоғыз жиын өткiзiлу жоспарланып отыр.

Шынар ДОСАН


Статьи по теме

Close