Экономика

Энергетика министрі Астанаға тартылатын газ құбырының құнын атады

Қазақстанның энергетика министрі Қанат Бозымбаев «Сарыарқа» магистральді газ құбырының құнын атады, деп хабарлайды Elorda.info «Kazinform» ХАА сілтеме жасап.

«ҚазТрансГаз» компаниясы «Сарыарқа» магистарльді газ құбырын салу жобасының тиісті техникалық-экономикалық негіздемесін жасады. Ол Қызылорда облысынан Жезқазғанға дейін, Жезқазғаннан Қарағандыға, ары қарай Астанаға тартылады. Жобаның екінші кезеңі – Көкшетау-Петропавл, ұзындығы — 2300 км.  Астанаға дейінгі ара қашықтық аздау – 1800 км. Жобаның құны — 236 млрд теңге. Жоба өте үлкен. Еліміздің солтүстігіне шамамен 3 млрд текше метр газ жеткізуге болады», — деді энергетика министрлігі жанындағы қоғамдық кеңес алдында есеп берген министр.

Бозымбаев жобаның ТЭН бір ай бұрын «Мемсараптама» РМК оң қорытындысын алғанын айтты. Ол жобаның газ құбырының бойындағы аймақтардың дамуына септесетініне сенім білдірді. Алайда, Қанат Бозымбаев ақырғы тұтынушы үшін газдың бағасы өте қымбат болатынын айтты.

«Сондықтан «ҚазТрансГаз» пошта маркасы тәсілімен еліміздегі газ бағасын орташалау жолын ұсынды, себебі, өзге өңірлерге қарағанда газдың бағасы арзан аймақтар да бар. (…) Есептеп, қараймыз. Экологиялық құраушы ғана маңызды емес, бірақ халық пен бизнес жоғары тарифтерді пайдалана алатынын, алмайтынын да анықтау қажет. (…) Біз бұл жайында Әсет Исекешевпен әңгімелесетін боламыз, сонан соң келесі айда отырыста премьер-министрге баяндаймыз», — деді министр.

«Сарыарқа» жобасына балама ретінде Қанат Бозымбаев сұйытылған табиғи газды (СТГ) ұсынды.

«Әңгіме Қазақстанда пайдаланылмай отырған СТГ жайында болып отыр, ол экстремалдық төмен температурада ерекше тәсілмен сұйытылады да темір жол көлігімен жеткізіліп, газ қондырғысына құйылады, қалыпты температурада газ ұлғаяды да кәдуілгі табиғи газ — метанға айналады. Бұл – балама болады. Астанаға қайсысы арзан болады, сол іске асырылатын шығар», — деп түйіндеді сөзін энергетика министрі.


comments powered by HyperComments
Close