Елорданы газдандыру астаналықтардың қалтасына салмақ салуы мүмкін – энергетика министрі

Қазақстанның энергетика министрі Қанат Бозымбаев Астананы газдандыру мәселесіне түсініктеме берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

«Техникалық-экономикалық негіздемесі «ҚазТранГаз» компаниясымен жасалды. Содан кейін сараптамаға жіберіліп, ол да аяқталды. Жалпы айтқанда ұзындығы 1,8 мың шақырым газ құбыры Қызылорда облысынан Жезқазғанға, одан Қарағанды, Теміртау арқылы Астанаға жеткізіледі. Екінші кезеңде Көкшетау мен Петропавлға тартылады. Осындай жоба бар», — деді ҚР үкіметінде өткен баспасөз мәслихаты кезінде журналистердің сауалдарына жауап берген Қанат Бозымбаев.

Энергетика министрлігінің басшысы атап өткендей, бүгінде бұл мәселе қаралып жатыр.

«Бірақ бұл жоба қазіргі уақытта қызу талқыланып жатыр. Өйткені Астанада соңғы тариф өте жоғары болайын деп тұр. Оны көмірмен немесе сұйытылған газбен салыстырсақ тарифі өте жоғары болады. Бұл мәселеден қалай шығу жолдарын «ҚазТрансГазбен», әкімдікпен талқылап жатырмыз. Осы айдың қорытындысын шығарған кезде дәл осы мәселеге қатысты тағы да айтамыз», — деді Бозымбаев.

Бұған дейін Астананың 2021 жылға дейін толығымен газдандырылатыны хабарланған болатын.