Бірінші тоқсанда еліміздің өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,8% артты

Бірінші тоқсанда еліміздің өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,8%, тау-кен өнеркәсібінде 5,6% артты, деп хабарлайды Elorda.info.

Бұл түсті металдар кенін өндіру көлемінің 10,8% және темір кенін өндіру көлемінің 11,4%-ға өсуімен байланысты. Өткен жылдың және биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өңдеу саласында 6,5%-ке тұрақты оң өсім болды.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмалардың орындалу барысына қатысты журналистердің сұрақтарына жауап берген ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек отандық экономикадағы бұл оң үрдістің индустрияландыру саясатының арқасында қалыптасқанын айтты.

«Министрлікке қарасты негізгі салаларда дамудың оң динамикасы байқалды. Бұл қабылданған мемлекеттік қолдау шаралары мен әлемдік нарықтағы базалық металдар бағасының тұрақтылығы арқасында мүмкін болды», — деп атап өтті министр.