Астанада жалдамалы пәтерлер туралы жалған жарнамалар жойылады

Астанадағы тәулігіне жалға берілетін пәтерлер туралы жарнамалар толық тексеруден өткізіледі. Бұл туралы елорда әкімдігінің медиа орталығының тілшісіне берген сұхбатында «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС директорының орынбасары Асқар Адамбеков мәлімдеді.

Қазақстанда «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында booking.com және Airbnb сынды атақты әлемдік жүйелермен синхрондалған torlet.com арнайы сайты іске қосылды.
«Пәтерді жалға беру туралы жарнама беретін Krisha, OLX сынды белгілі сайттарды ашсаңыз тәулігіне 20-30 мың шамасында жарнама жарияланады. Бұл ретте жарнаманың көптігі сұрақ туындатады. Ал мәлімет бойынша Астанада тәулігіне жалға берілетін пәтер саны 3000 ғана. Шын мәнінде бір пәтерді 10 риэлтор ұсынуы мүмкін», — деп түсінірді А.Адамбеков.
Сондай-ақ жарнамада шындыққа жанаспайтын суреттер орналастырылады әрі жалдау ақысы да нарықтағы бағадан жоғары.
«Сайып келгенде тұтынушы бірін таңдап, шын мәнінде басқасына ие болады. Жоғарыда айтылғанды ескере келе пәтерлерін жалға берушілер ассоциациясы мен біздің компания бірлесіп torlet.com сайтын іске қостық», — деді ол.
Жаңа порталдың ерекшелігі – пәтерлерді жаға беру туралы жалған ақпарат жоқ. Онда орналастырылған суреттер де шындыққа жанасады әрі жалдау ақысы да қолжетімді. Сонымен бірге жалға алынған пәтер torlet.com сайтында көрсетілмейді.
«Яғни сайт тек бос тұрған пәтерлерді ғана көрсетеді. Тұтынушы пәтерді орналасқан ауданы мен жайлылығына байланысты өзі таңдайды. Таңдау жасалған соң жалға берушіге мәлімет беріледі. Сонда басқа риэлторлар өз қызметін ұсынып азаматтарды мазаламайтын болады», — деді Асқар Адамбеков.
Пәтердерді жалға беру туралы барлық жарнамалардың растығы тексеріліп, жалған жарнамалар бұғатталады немес біржола өшіріледі.
«Ассоциация мамандарымен бірлесіп аталған сайтта жалған жарнаманың пайда болмауын қадағалаймыз. Тапсырыс түскенде жарнаманың рас-өтірігін анықтап, шын мәніндегі жағдайға көз жеткіземіз. Сондықтан «ЭКСПО» қонақтарына жалған ақпаратпен алданып қалмауы үшін осы сайттың көмегіне жүгінуді ұсынамыз», — деді ол.