Астана ЭКСПО қонақтарын қарсы алуға толығымен дайын

Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукин қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қалалық қызметтердің ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге толығымен дайын екендігін мәлімдеді, деп хабарлайды Elorda.info «Информбюро-ға» сілтеме жасап.

«Бізде енді үш аптадан аз ғана уақыт қалды. Қалалық қызметтер ЭКСПО халықаралық көрмесіне толығымен дайын деп нық сеніммен айтуға болады, барлық қызметтер қалыпты жағдайда жұмыс істеуде, барлық қажетті шаралар жасалды», – деді Андрей Лукин.

Мәслихаттың сессиясында елорданың 2017 жылға арналған нақтыланған бюджеті бекітілді. Түзетулерге сәйкес, ішкі істер департаментіне аппаратты ұстауға қосымша 160 млн теңге бөлінеді.

«Аталған қаражаттың бір бөлігі ЭКСПО көрмесі аумағын күні-түні күзететін ішкі істер органдары қызметкерлерінің ас-суына, сонымен қатар қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тартылатын күш пен қаржыға бағытталмақ», – деп түсіндірді әкім орынбасары.

Білім басқармасына қосымша 968,6 млн теңге бөлу ұсынылды.

«Бұл жерде біз 100 млн теңгені қарастырып жатырмыз, олар бірінші-төртінші сыныптарға шкаф жасауға, 84 мектепке ауыз су субұрқақтарын орнатуға, 752,6 млн теңгеге оқулық алуға жұмсалады», – деді Андрей Лукин.

Дене шынықтыру және спорт басқармасына қосымша 744 млн теңге бөлінеді, оның ішінде қаржы «Барыс» көпфункционалды мұз сарайын ұстауға да жұмсалады.

«Ол қазір коммуналдық меншікте. Аталған нысанды біз «Алау» МҚК балансына қабылдап жатырмыз. Бұл шешім үкімет деңгейінде қабылданды, бұл бұқаралық спортты ары қарай дамыту үшін қажет», – деп атап өтті әкім орынбасары.

Мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасына «Астана-Бәйтерек» монументін қайта қалпына келтіру үшін жарғылық капиталды ұлғайтуға қосымша 2 млрд теңге бөлінеді. Ол маусым айының алғашқы күндері ресми түрде ашылады.

Тұрғын үй басқармасына жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алу мен 64 үйді сүруге 4 млрд 942 млн теңге бөлінеді. Ауыл шаруашылығы басқармасына 163,9 млн теңге бөлінбек, ол қаражат ЭКСПО кезінде сауда дүкендерін, үстелдер сатып алуға, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулап, жоюға да жұмсалады (37,7 млн теңге).

Туристік қызметті реттеуге 120 млн теңге қарастырылған. Қаражат ЭКСПО кезінде туристер мен қала қонақтарына арналған уақытша тұратын орындар дайындауға (90 млн теңге), қоғамдық қолжетімділік бекеттерін іске асыруға бағытталады (30 млн теңге).

Енгізілген түзетулерді ескергенде елорданың 2017 жылға арналған нақтыланған бюджетінің жалпы көлемі 494 млрд теңге болады, бекітілген бюджеттен 121,5 млрд теңге көп.