Экономика

Астана әкімдігі 15 млрд теңгенің құнды қағазын шығарады

Елорда әкімінің орынбасары Андрей Лукин Астана әкімдігінің 15 миллиард теңгеге құнды қағаз шығаратынын мәлім етті, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

«Астана әкімдігі жергілікті инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қажетті биылғы жылғы бюджет қаражаты тапшылығын қаржыландыру үшін ішкі нарыққа 15 миллиард теңге көлемінде орта мерзімдік құнды қағаз шығару арқылы қарыз алу туралы шешім қабылдады. Қарызды қайтару мерзімі – екі жыл», — деді Лукин елорда мәслихатының кезектен тыс сессиясында.

Оның айтуынша, қазір қаржы министрлігі мен ұлттық экономика министрлігімен бірге қарыздың көлемі мен шарттарын, сонымен бірге қарызды қайтару мөлшерін, қарызды қайтару мөлшерлемесін, құнды қағаздарды жабу мөлшерлемелерін келісу жұмыстары жүргізілуде.

Аталған қаражат сумен қамтамасыз ету жүйесін дамытуға, жылу энергетикасын қаржыландыруға, сонымен бірге балабақшалар, ауруханалар мен ІІО аудандық басқармаларын салуға жұмсалады.

«Коммуналдық шаруашылық басқармасына құнды қағаздарды шығару есебінен 3,3 миллиард теңге бөлу ұсынылып отыр. Сумен қамтамасыз ету жүйесін дамытуға — 1,8 миллиард теңге бөлінбек, оның 1,5 миллиард теңгесі – Талдыкөлдің ақпасуын жинақтаушыны жоюға (бұл біздің міндетіміз), Кіші Талдыкөл көлі аумағындағы жерүсті және жерасты суларын реттеуге және құрылыс түсетін ауданды су басудан қорғауға жұмсалады», — деп түсіндірді елорда әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар, құрылыс басқармасына құнды қағаздарды шығару есебінен 3,4 миллиард теңге бөлу ұсынылуда. Лукиннің айтуынша, «Есіл» ауданы ІІО басқармасы құрылысы аяқталады, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру нысандары салынады, сонымен бірге төрт балабақша жобаланып, салынады. Энергетика басқармасына қосымша 3,55 миллиард теңге бөлінеді, оның 3,45 миллиард тенгесі — құнды қағаздар шығару есебінен болады. Әкімдіктің мәліметінше, бұл ақша жылу энергетика жүйесі мен индустриалды инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады.

 


comments powered by HyperComments
Close