Экономика

1800-ден астам тұрғын жаңа үйлерге көшіріледі

Астанада тозығы жеткен апатты жағдайдағы үйлердің тұрғындары «Жағалау» ауданында салынған жаңа үйлерге көшірілетін болады. Астана қаласының тұрғын үй басқармасы мәлімдегеніндей, жоспарға сәйкес осы жылы 111 үй құлатылып, 1800-ден астам отбасы жаңа нысандарға көшірілуі тиіс. Бүгінге дейін апатты жағдайдағы 77 үй сүрілген. «Апатты үйлер негізінен Есіл өзенінің оң жағалауында орналасқан. Қазіргі таңда біз тұрғындарды «Жағалау» ықшам ауданында салынған үйлерге көшіріп жатырмыз», — деп хабарлады Астана қаласының тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары Асхат Елеужанов. «Апатты жағдайдағы үйлерді құлату» жобасы Астанада 2013 жылдан жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында 1940-1970 жылдар аралығында салынған үйлер бұзылып, олардың тұрғындары жаңа нысандарға көшіріліп жатыр. 2013-2016 жылдардың аралығында апатты жағдайдағы 117 үй құлатылып, 1570 отбасы көшірілген. Айта кету керек, жоба шарттарына сәйкес, тұрғындар апатты үйдегі пәтер ауданына тең келетін жаңа пәтерлерге ие болады.

Close