ЖаңалықтарҚоғам

Дүниеден озған көрнекті қаламгер-журналистерді еске алуға арналған «Олардың есімдері біздің жүрегімізде» атты кеш өтті

Астанада өздерінің өлшеусіз шығармашылық еңбегімен елордамыздың қалыптасуына және дамуына үлес қосқан, жарық дүниеден ерте өтіп кеткен көрнекті қаламгер-журналистерді еске алуға арналған «Олардың есімдері біздің жүрегімізде» — «В памяти наших сердцах» атты кеш өтті.

«Қазмедиа» орталығының кино-концерт залына жиналған қауым «Тұмар» журналының бас редакторы болған Фариза Оңғарсынова, «Жаңа Сарыарқа» журналының бас редакторы Нұрғожа Ораз, «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары Дидахмет Әшімханұлы, «Әлем әдебиеті» журналының бас редакторы Кеңес Юсупов, «Егемен Қазақстан» газетінің жауапты қызметкері Марат Аққұл, ҚР «Телерадио кешенінің» редакторы Смағұл Рахымбек, «Хабар» агенттігінің тілшілері Азамат Қалымбетов пен Сергей Насыров және басқа да бірқатар журналистердің өмір жолы, шығармашылық жетістіктері туралы естеліктер айтылып, бейнешолулар берілді. Айтулы журналистер қызмет атқарған ұжымдар да осы шараға арнайы шақырылған отбасы мүшелеріне сый-сияпат ұсынып, құрмет білдірді. «Elorda Aqparat» медиа ресурсы атынан «Астана ақшамы» газеті бас редакторының бірінші орынбасары болып жемісті еңбек еткен Дидахмет Әшімханұлының зайыбы Лиза Саяқызы Әшімханға ата дәстүрмен қамзол кигізілді. Осындай құрметті басқа да ұжымдар да жасап, марқұмдардың отбасыларына ілтипат білдірді.

Айтулы шараның негізгі ұйымдастырушысы «Түгел Медиа» республикалық холдингінің басшысы Сәдібек Түгел:

— Бұл шара Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Астана қаласының 20 жылдығына орай өткізіліп отыр. Журналист мамандығы қай уақытта болсын қоғамдық маңызды шығармашылық иесі болып қала бермек. Сондықтан Астанамыздың дамуына өзіндік үлес қоса білген, өздерінің соңынан айшықты із қалдырған журналистерді еске алып отыруды өзімізге парыз санадық. Осы шараны өткізуге қолдау білдірген Астана қаласының әкімдігіне, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, Тұңғыш Президент-Елбасы қорына, «Қазмедиа» орталығына, «Бас редакторлар клубына», «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысына ризашылығымды білдіремін.

Еске алу шарасы аясында тақырыптық-қайырымдылық концерт те өтті.

                                                                                          Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Close