ЖаңалықтарЭкономика

Бүгін Шұбаркөлден Астанаға мол көмір жеткізілді

Бүгін кештетіп елордадағы көмір сататын кәсіпорындардың бірі «Жылы Алем kz» ЖШС-не «Шұбаркөл» кен орнынан 5600 тонна көмір жеткізілді. Астана қаласы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Рысгүл Қауғабаева бастаған жұмыс тобы кәсіпорын басына арнайы барып, тасымалдаушылардың жұмысын бақылады.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап 11 қазанға дейін Астанаға Шұбаркөл көмірінің 50 мың тоннасы жеткізілген.

– Астанада қатты отын тапшылығы жоқ деп нық сеніммен айтуға болады. Қазір ғана келіп жеткен 5600 тонна көмірден бөлек 2-3 күннің ішінде тағы да 5 000 тонна Шұбаркөл отыны жеткізілуі тиіс. Жалпы, осы айдың соңына дейін жоғары сұранысқа ие осы Шұбаркөл көмірінің 1500 тоннасы әкелінеді деп көзделіп отыр. Сонымен қатар басқа да кен орындарының көмірлері үздіксіз жеткізіліп тұратын болады, — деді басқарма басшысы. Шұбаркөл көмірінің бағасы 11 000 теңгені құрайды. Алдағы уақытта баға тұрақтылығы мен көмір тапшылығын болдырмау басқарма тарапынан қатаң бақылауда болмақ.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Close