ЖаңалықтарҚала тіршілігіҚоғамӘкімдік

Бүгін Астана перзентханаларында түнгі ауысымда 30-дай сәби дүниеге келді

Астана перзентханаларында 1 желтоқсан күні түнгі ауысымда 27 нәресте дүниеге келді. Сондай-ақ, Тұңғыш Президент күні дүние есігін ашқан алғашқы баланың есімін ата-анасы Нұрсұлтан деп қойды. Бұл туралы қала әкімдігі өкілдерінің қаладағы № 1 перинаталдық орталықта босанған әйелдерді мереке күнімен құттықтауға барған кезде белгілі болды, деп хабарлайды Елорда инфо.

Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті Күні мерекесіне орай ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, олимпиада чемпионы Ольга Шишигина, Есіл ауданының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев және қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыровтар елордадағы №1 перинаталдық орталықта болып, ондағы босанған аналарды  құттықтады. Аудан әкімі мен басқарма басшысы Астана әкімі Әсет Исекешевтің қос мерекемен құттықтау хатын  жеткізді. Сондай-ақ, атаулы шарамен отбасылық мерекесін қатар мерекелеп жатқан отбасылар Астана әкімдігінің сый-сияпатына бөленді.

Сала басшыларының мәліметінше, қаладағы үш перинаталдық орталықтарда түнгі ауысымда 27 сәби өмірге келді. Оның — 11 ұл, 16-сы қыз бала. Түнгі ауысымда бірінші болып туған ұл баланың есімі Нұрсұлтан, ал қыз балаға ата-анасы Әлима деген ат беріпті.

Айта кету керек, жалпы осы күні қалада дүниеге келген 27 сәбидің 11-і   №1 перзентханада туылды. Қонақтар кетер кезде тағы екі нәрестенің дүниеге келіп жатқаны хабарланды.

«Статистикаға сүйенсек, елордада және жалпы алғанда елімізде жыл сайын бала туу көрсеткіші көбейіп, өлім-жітім көрсеткіші азайып келеді. Өткен жылы Астанада 27 мыңнан астам сәби дүниеге келді. Ағымдағы жылдың 10 айында 23 мың нәресте туды. Бұл өткен жылы туғандардан 900 балаға артық», — деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров.

Жалпы, Астанада тәулігіне орта есеппен 70 бала дүниеге келеді.

Нұрдаулет КӘКІШЕВ


comments powered by HyperComments
Close