Саясат

Әсет Исекешев мемлекет басшысына 2017 жылдың І тоқсанындағы негізгі экономикалық көрсеткіштер туралы баяндады

Президенттік бадарламалардың іске асырылуы мен ЭКСПО-2017 аясындағы нысандардың құрылысы Қазақстанның елордасының әлеуметтік-экономикалық дамуының оң қарқынын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, деп хабарлайды Elorda.info.

Астананың өнеркәсіп орындары қаңтар-наурыз қорытындысы бойынша 136,6 млрд теңгенің өнімін өндірді, өсім — 4,9% болды, деді Астана әкімі жұма күні мемлекет Басшысының қатысуымен өткен ЭКСПО көрмесіне әзірлік мәселелері мен елорданың дамуы жөніндегі кеңесте.
«Қаланың экономикасына 61 млрд. теңге инвестиция салынды, бұл — өткен жылдың осы кезеңіндегіден 43% артық. Құрылыс жұмыстарының көлемі 18% өсті, 82 млрд. теңге болды, оның ішінде тұрғын үй құрылысына 29 млрд. теңге бағытталды. 2017 жылдың үш айы ішінде 900 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Осылайша, Сіздің (мемлекет Басшысының. – Elorda.info) бағдарламаларыңыздың жүзеге асырылуы мен ЭКСПО-2017 аясындағы нысандардың құрылысы әлеуметтік-экономикалық дамудың оң қарқынын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», — деп атап өтті Ә.Исекешев.
Ә.Исекешевтің айтуынша, шағын және орта бизнес «елорда экономикасының нағыз драйверіне» айналған.
Астана әкімінің сөзіне қарағанда, қазір елордада жалпы аймақтық өнімнің 46% құрайтын 100 мыңнан астам бизнес-кәсіпорын жұмыс істейді. 2016 жылы кәсіпкерліктің дамуын ынталандыру бағдарламалары бойынша 31,8 млрд теңгенің 200-ден аса бизнес-жобасы қаржыландырылды.
Екінші деңгейлі банктер іскерлерге 595 млрд. теңгенің несиелерін берді, бұл — 2015 жылғыдан 3,5 есе көп. Елордалық бизнес халықтың 60% астамын жұмыспен қамтып отыр, бұл – 300 мың адам.
«Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің бизнесті теңдессіз қолдауыңыздың арқасында әлемдік экономикалық қиындықтарға қарамастан кәсіпкерлік ары қарай дамып жатыр», — деп атап өтті Ә.Исекешев.

Close