Саясат

Рухани жаңғырудың жаңа белесі

Кеше Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясы өтті.  Сессияның жұмысын Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының бірінші орынбасары Дархан Мыңбай жүргізіп отырды.

666666

БІРЛІКТІҢ КИЕЛІ БЕСІГІ
Маңызды жиынға Ассамблеяның барлық өңірлерден келген мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, шет мемлекеттердің дипломатия­лық өкілдері секілді бас-аяғы 1 500-ден астам адам қатысты.
Қазақстан халқы Ассамблеясы алғашқы құрылғаннан күннен бастап, еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстырып, тұрақтылықты ту етіп, ел дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Бірлігі бекем елдің тірлігі де мығым болады. Мемлекет басшысы ассамблеяның мерейтойлық сессиясында ақжарылқап көңілмен ақтарылып сөйледі. Әсіресе, жуырда халықтың жүрегінен жол тапқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалаға кеңірек тоқталды. Жиынның негізгі өзегі де рухани жаңғырудың жаңа белесі болды.

– Бүгінгі ассамблеяның тарихы тұрақтылықтың, татулықтың, бейбітшілік пен елісімнің шежіресі болып саналады. Бірліктің киелі бесігі – елді ортақ мақсаттарға жұмылдырудағы бірегей тетігі саналып, алдымызда қойған басты мақсатымызды орындап, 2050 жылы жоғары дәрежедегі 30 елдің қатарына қосылуды көздеп отырмыз. Сондықтан біз әлемдік ахуал қандай болса да, алға қарай ұмтылуымыз керек. Өздеріңіз көріп отырсыздар, қаншама дағдарыстан өтіп келе жатырмыз. Ешқайсынан сүрінбей, экономикамызды төмен түсірмедік. Биыл еліміз кешенді жаңғыруға кірісті. Ошақтың үш бұты саналған: экономика, саяси және рухани бағыттардың қай-қайсы да айрықша маңызды. «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауымда экономикалық өрлеудің басымдылығы туралы айттым. Сондай-ақ, мемлекетті басқару жүйесіндегі конституциялық реформалар саяси жаңғырудың негізі болды. Ал енді «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалаға өзек болған жобалар рухани кемелденудің бастауы.

54

Экономикаға байланысты бағдарламаны дайындадық. Конституциялық жағынан билік тармақтарының құзырын көбейттік. Соның бәрін рухани жаңғыру болмаса жүзеге асыра алмаймыз. Рухани тұтастығымыздың өзегіне айналған ассамблея осынау тарихи жұмыстардың бел ортасында жүруі тиіс деп ойлаймын. Оған мен кәміл сенемін, – деп Елбасы сөзін бір қайырып өтті.

Одан кейін жиналғандар алдында «Мен сан алуан адамдардың алдында сөз сөйлеп, баяндама жасаймын. Ақиқатын айтсам, сіздердің алдарыңызда сөз сөйлегенді жақсы көремін. Сіздерден өзара үндестікті байқап, мені қолдап отыратын шынайы ниеттеріңізді сезінемін. Сол үшін барлығыңызға алғыс айтамын» деп ізгі лебізін білдірді. Одан әрі сөзін тағы жалғап: «Елімізде әлемдік өнердің үздігі саналған опера да, балет те бар. Әрине, оның бәрі – сырттан келген өнер. Ал халықтың шынайы болмысынан шыққан рухани қазынаға ештеңе жетпейді. Сондықтан маған барлық концерттердің ішінде этномәдени бірлестіктердің концерті ұнайды. Оның себебі өнер деген асыл құндылық адам бойына ана сүтімен, әке қанымен және туған жердің құдіретімен сіңеді» деп тамаша ойдың тиегін ағытты.

5555555

БАБАЛАРЫМЫЗ НАҒЫЗ ПРАГМАТИК БОЛДЫ
Бүгінде әлемде бәсекеге қабілеттілікке төтеп берген елдің бағы жанады. Елбасы да үнемі осы сөзді жиі айтады. Сессияда Мемлекет басшысы қазіргі таңда мемлекет пен экономика ғана емес, адамдар да бәсекеге қабілетті болу керектігін, ол үшін уақыт талабына сай компьютерді жақсы меңгеріп, ағылшын тілін жетік білгені жөн деді.

– Жер-жаһандағы өзгеріс­тердің, өзге халықтар мен оның мәдениетін ұғыну үшін сананың ашықтығы керек. Сыйластық, төзім, шыдамдылық деген асыл қасиеттердің арқасында бір мемлекетті емес, тұтас әлемді сақтап қалуға болады. Ондай деңгейге білімді адам ғана жетеді, – деді Президент.

Елбасының айтуынша, бәсекеге қабілетті адам прагматик болуы керек. Қолынан келетін істі атқару үшін нақты бір мақсатқа ұмтылу қажет. Мемлекет басшысы осы жерде бұрынғы бабаларымыздың өнегесін айтты. «Біздің ата-бабамыз қара шаруамен айналысты. Мал бақты, етік тікті. Соның бәрін өлшеммен істеді. Бар нәрсені үнемдей білді. Бейнелеп айт­қанда, нағыз прагматик болды. Бүгінгі күн бізден соны талап етеді. Алдымызда көптеген өзгерістер тұр. Келешекте қазіргі мамандықтардың 50 пайызы қажетсіз болып қалады. Солардың орнын роботтар басады. Біздің адамдар сондай жағдайға бейімделіп, мамандығын ауыстыра білуі тиіс. Сол кезде білім қажет болады» деп Нұрсұлтан Назарбаев болашақтың бейнесін көз алдымызға әкелді.

4453

Одан кейін Елбасы әлемдік қауіп-қатерлер туралы сөз қозғады. Дүниежүзінде болып жатқан ұлтаралық қақтығыстар мен экстремизмге алаңдайтынын айтты.
– Біз елімізде 25 жыл ішінде этно-конфессионалдық секілді қақтығыстар болмағанына үйрендік. Соның нәтижесінен жайбырақаттық пайда болды. Мысалы, мен үнемі қатты алаңдаймын. Бізге осы мәселеде өте сақ болған жөн. Экстремизмді байқаған жағдайда оны тоқтату қажет. Бұл – біз бен сіздерге берілетін тапсыр­ма. Сонда ғана біз алға дамимыз, – деп әлемде орын алған лаңкестік оқиғаларға тоқталды.Жаһанда этностар арасы мен дінаралық қатынастардағы қақтығыс­тар аса алаңдатушылық туғызып отырғанын жеткізді. Сонымен бірге 2017-2018 жылдарға арналған діни экстремизмге қарсы күрес бойынша Ассамблея­ның келісім кеңесімен, облыс әкімдерімен бірлесе отырып іс-шараларды дайындауды Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне жүктеді. Бұған қоса, Қазақстан халқы Ассамблея­сының жаңа бағыттарын күшейту қажеттілігін жеткізді.
Сондай-ақ, Елбасы либерализм жайында сөз қозғады. «Қазір либерализм өзгеріске ұшырауда. Онда болып жатқанның барлығы бізге сәйкес келмейді. Барлығы халықтың мүддесіне, біздің салт-дәстүрімізге, тарихымызға сәйкес болуы тиіс. Осының барлығын өткеру керек. Бұл – біз өмір сүріп жатқан ғаламдық шындық. Бұдан қашып құтылу мүмкін емес» деп Президент адамдарды ұлтқа бөлінбеуге шақырды.

656

ТУҒАН ЖЕРГЕ  ТУЫҢДЫ ТІК
Қазіргі таңда Ассамблея үлкен қоғамдық институтқа айналды. Соның аясында қаншама шаралар атқарылуда. Мемлекет басшысы бұл туралы ой сараптап өтті.

– Ассамблея көптеген қайырымды жандардың басын қосты. Бұл қоғамдық тұрақтылықтың маңызды факторына айналды. Өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы көрсетілген қайырымдылық көлемі 900 млн теңгеден асып түсті. Біз туған жер жайында айтып жатырмыз. Қазір елімізде бақуатты адамдар аз емес. Міне, солар өздерінің туған жерлеріне қайырымдылық жасай алады емес пе деп дәулетті азаматтардың туған ауылдарына жағдай жасай алатындығын айтты. «Мемлекет сол ақшаны табу үшін жағдай жасады. Енді сол қаражатты халықпен де бөлісіңіздер» деді Президент.
Одан кейін Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаладағы әр тарауға маңыз берді. Биылғы айтулы шараларға тоқталды. Соның ішінде Алаш партия­сының 100 жылдығы мен саяси қуғын-сүргін мен аштық құрбандарын еске алуға 20 жыл толып отыр­ғандығын айтты. Отандық үздік шығармаларды Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тіліне аударуды қолға алу керектігін міндеттеді. Айталық, соның ішінде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» секілді мойындалған шығармаларды аударуға болатындығын баяндады. Сондай-ақ, алдағы жылға дейін «Қазақстан халқы» деп аталған ақпараттық маңыздағы көп құрылымды мультимедия­лық интерактивті тарихи карта жасауға тапсырма берді.

455
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы бейбітшіліктің бесігінде тербелген сан түрлі ұлттың басы қосылған жиында рухани жаңғыру жайында парасатты ой толғады.Сессия барысында Мемлекет басшысы Ақтөбе облысы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сергей Вишняк пен Қазақстан әзербайжандары қауымдастығының жетекшісі Абилфас Хамедовті Ассамблея төрағасының орынбасарлары етіп тағайындау туралы өкімге қол қойды. Келелі кеңесте көрнекті ақын Жүрсін Ерман, талантты жас Димаш Құдайберген, белгілі режиссер, продюсер Ақан Сатаев, Солтүстік Қазақстан облыстық балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Ольга Шумакова, «Атырау Агро өнімдері» шаруа қожалығының жетекшісі Владимир Розметов секілді азаматтар сөз сөйледі. Жиын соңындағы ҚХА сессиясында Қазақстан халқын Мемлекет басшысының қоғамдық сананың жаңғыруы бойынша бастамаларын іске асыруды қолдауға шақырған үндеу қабылдады.


comments powered by HyperComments
Close