Исекешев Астананың құрылыс алаңдарын тәртіпке келтіруге кірісті

Астана әкімі алақол құрылыс салушыларға ең қатал шаралар қолданатынын ескертті, деп хабарлайды Elorda.info.

Елордада бірінші тоқсанда заң бұзғаны үшін он жеті құрылыс компаниясының жұмысы тоқтатылған.

«Сонымен бірге, абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін рұқсат берілмеген компаниялар бар. Дәл осы кезеңде Астананың табиғатты қорғау полициясы мен ІІД жергілікті полиция қызметкерлері жүргізген рейдтік шаралар аясында абаттандыру және санитарлық күту ережелерін бұзғаны үшін бірқатар компанияның жұмысы тоқтатылды. Осының нәтижесінде 27 компания әкімшілік жауапкершілікке тартылды, айыппұлдың жалпы көлемі — 2 425 030 теңге», — деп хабарлады елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.

Сонымен бірге, хабарламада жер қатынастары басқармасының жер игеру мерзімдерін бұзғаны үшін 58 компанияның жер телімін жалға беруді ұзарту туралы өтінішін кері қайтарғаны айтылған.

Бүгінгі күні Астана аумағында 560 компания 1020 нысанның құрылысын жүргізуде (жекеменшік үйлердің құрылысы мен пәтерлерді қайта жоспарлауды есептемегенде).

«Әсет Исекешев осы бағыттағы жұмыстарды одан ары жалғастырып, қаладағы барлық құрылыс алаңдарының санитарлық жағдайын бақылауда ұстамақ. Ол сонымен бірге заң бұзған құрылыс компанияларына қатысты құрылыс жүргізуге берілетін рұқсатты кері қайтарып алуға дейін қатаң шаралар қабылданатынын айтып ескертті», — делінген баспасөз хабарламасында.

Еске сала кетейік, 24 сәуірде елорда әкімдігінде кеңейтілген отырыс өтіп, оның барысында қала басшысы «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» ҚР Заңын бұзғаны үшін құрылыс компанияларының жұмысын сынға алған болатын.